10.04.2020, 10:12
Қараулар: 101
Игілікке ұмтылайық!

Игілікке ұмтылайық!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздегі төтенше жағдайға байланысты халыққа үндеу жасады. Ұлт көшбасшысы биылғы үндеуінде де жастарға ерекше сенім білдірді. Тәуелсіздікпен тете дүниеге келген жастардың да алды орда бұзар отызға жеткенін айта келе, егеменді ел болашағы үшін білек сыбанып еңбек етуге шақырды. Кез-келген білімді ұрпақ бесіктен ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өсер болса, елге, жалпы адамзат баласына деген құрметі де ерекше болары анық. Ал, алдыңдағы ағаң мен ізіңдегі ініңе демеу болу – әр адамның азаматтық парызы деп білемін. Әлемді аты жаман індет сарсаңға салған кезде, ішкі ахуалды шын түсініп, қиын-қыстау сәтте бір-бірімізге қолұшын бермесек – елдігімізге сын.

Ауданның белсенді жастарының бірі ретінде Елбасымыздың егемендік жолында ұстанған саясатына қолдау білдіріп, бұл сынақ кезеңнен де біріге жүріп, аман шығатынымызға сенімдімін. Адамзат басына түскен осындай қиын-қыстау уақыт елдігімізді сынға салып қана қоймай, саяси-экономикалық тұрғыдан шыңдай түседі деп білемін. Осыған дейін қамсыз жүрген жандар карантиннен кейін етек-жеңін жиып, ұрпақ тәрбиесі мен отбасы болашағына басқаша қарайды деп ойлаймын. «Үш айлығын ойламаған еркектен, үш күндігін ойламаған әйелден без» деген халық даналығы бізге осыны ұқтырса керек.

Бір буынды күні кеше артқа тастаған тәуелсіз еліміз іргесі берік мемлекеттермен терезесі тең дәрежеге жеткенін дәлелдей білді деп айта аламын. Біз де еліміздің басына түскен қиын кезеңнен аман-есен өтуіне өз үлесімізді қосамыз. Жастық жалынымыз бен жігерімізді жақсылыққа жұмсап, игілікке ұмтылайық!

Айдар ЕЛДЕСОВ,

аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық маманы