10.04.2020, 10:14
Қараулар: 88
Індетпен күресте жүйелі іс қажет

Індетпен күресте жүйелі іс қажет

Өткен аптаның жұмасында облыс  басшысы Ғали Ескалиев іссапармен ауданымызда болып, осындағы блок-бекеттердің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда карантин режиміне сай аудан аумағында азаматтардың аудан, ауыларалық қозғалысын шектеу мақсатында 6 блок-бекет қойылған. Олар, атап айтсақ, Орал-Атырау тасжолында Шабдаржап, Алғабас, Индер-Барбастау жолында Сарытоғай ауылының тұсына, Қазталов және Жаңақала аудандарына бағыт алатын жолдарға, сонымен қатар Чапаев ауылының тұсындағы қалқымалы көпірге орнатылған бекеттер. Атырау облысымен шектесетін бекетте тәулік бойы санитарлық дәрігер мен полиция инспекторлары кезекшілік етсе, қалғандарында жол қозғалысын құқық қорғау мамандары бақылауға алған

Шабдаржап ауылы тұсындағы блок-бекеттен 22 наурыздан бері 6 мыңға тарта автокөлік, 13 мыңнан астам адам  өткен. Шамамен қазір күніне 250-дей көлік облыс арасында қатынайды. Бастапқыда жеңіл көліктер көп болса, олардың қозғалысына шектеу қойылған соң, саны азайыпты. Ал тасжолмен қатынған көлік жүргізушілері мен олардың жолаушылары түгелдей тексеріліп, сауалнама толтырылуда. Олар 1 дана патрульдік автокөлікпен, қарумен, бетпердемен, автокөлікті тіркеуге арналған журналмен және анкета парақтарымен және басқа да қажетті құрал жабдықтармен қамтылған.

Облыс әкімі екі облыстың шекарасындағы бекетте көлікттердің кептеліп қалып, тексеру ұзақ уақыт алатыны жөнінде шағымдар түскенін айтты. «Бастапқыда вахталық әдіспен жұмыс атқаратын азаматтарды үйлеріне таратқан кезде, осындай жайттың орын алғаны рас. Олардың көбі Алматы, Шымкент, Ақтөбе облыстарының азаматтары. Сондықтан 15-20 көлік жиылған соң, оларды арнайы патрульдік автокөлікпен Ақтөбе облысына дейінгі шекараға дейін шығарып салдық», — дейді аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Ертас Бисенов.

Осы тұсқа арнайы келген көршілес Индер ауданының әкімі Мейірім Қалауи өздерінің тарапынан блок-бекетті осыдан 3-4 шақырым жерде де орналастырғанын жеткізіп, индерлік кәсіпкерлерге Орал қаласына азық-түлік алу үшін қатынайтынын да айтты. Бұл ретте аудан басшылығымен келісіліп, жеке кәсіпкерлердің көліктерін тіркеп, еш кедергісіз облыс аумағында жүруіне жағдай жасағанына ризашылығын білдірді.

«Бұл бекетте қатаң тәртіп қажет, бірде-бір адам тексерусіз өтпеуі тиіс. Сіздердің қырағылықтарыңызға, сақтықтарыңызға көп нәрсе байланысты. Тексеріс мейлінше мұқият жүргізілсе, ауырған адамды, онымен байланыста болғандарды анықтауға қиынға түспейді», деді Ғали Нәжімеденұлы.

Осыдан соң өңір басшысы Тайпақ ауылында болып, Құрман Байсықов атындағы орта мектептің ұстаздарымен сұхбаттасты. Сонымен қатар ол ауылдағы бірқатар дүкендердегі азық-түліктердің бағасымен танысты.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ,

«Жайық таңы»

Суреттерді түсірген Мейірбек ТАЖҚҰРАНОВ