10.04.2020, 10:30
Қараулар: 92
Алмалыда ахуал тұрақты

Алмалыда ахуал тұрақты

Елдегі төтенше жағдайға байланысты жұмыс сапарымызбен Алмалы ауылдық округіне бардық. Округ әкімдігінің есігінің алдына дыбыс ұлғайтқыш қойып, сақтық шаралары туралы аудио жазба жіберіліп жатыр екен. Сондай-ақ, округ әкімі Жарқынғали Ахметті қызметтік көлігімен репродуктор арқылы ауыл халқын құлағдар етіп, хабарлама жасап жүрген сәтінде жолықтырдық.

Ауыл көшесінде бейсауат жүрген жан байқалмайды. Кездескен тұрғындардың өздері бетперде тағыпты.

«Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты дыбыс ұлғайтқышпен халықты күнделікті сақтық шаралары туралы жарты сағат сайын құлағдар етіп жатырмыз. Барлық бағытқа жүретін көлік қозғалысына шамамыз келгенше шектеу қойып, дүкендер мен ауыл арасын жаяу аралап, түсінік жұмыстарын жүргізудеміз. Ата-аналарға балаларын мұқият қарауды тапсырдық. Тұрғындарға қажетті азық-түлік қоры да жеткілікті. Дүкендер таңғы сағат 9.00 ден, кешкі сағат 21.00 ге дейін арнайы тәртіп бойынша жұмыс жасауда. Оған қоса тұрақтандыру қорынан жүк көлігімен 3 тонна астық әкеліп, белгіленген бағамен тұрғындарға таратудамыз. Тағы бір жүк көлігі картоп, күнбағыс майы, қант және макарон өнімдері секілді ең қажетті тағамдарды алып келуге кетті. Дүкеншілердің арасында санитарлық жағдайды сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді», — дейді округ әкімі.

Санитарлық жағдай демекші, кеселден сақтанудың бірі тыныс жолын тұмшалап, тазалық сақтау болса, кез-келген ауыл секілді, маска мәселесі бұл округте де бар екен.«Ауылдық округімізде 2030-дың шамасында адам тұрады. Қазіргі таңда медициналық маска тапшылығы бар. Алайда, ауылдың қолы бос келіндеріміз, апаларымыз мен еріктілердің көмегінің арқасында бұл мәселені шешілуде. Күніне Алмалының өзінде көп реттік 120 бетперде тігіліп, халыққа тегін таратылуда. Атамекен ауылында да үш жерде тегін бетперде тігіліп, үлестірілуде», — дейді Жарқынғали Ғалымұлы.

Қиын-қыстау кезеңде елдегі шаруашылық иелері мен жеке кәсіпкерлер де бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жіті түсініп, шамалары жеткенше ауылға көмек білдіріп жатқан көрінеді. «Ауылдық округ аумағында орналасқан шаруа қожалықтары қашан да қол ұшын созуға дайын. Күні кеше жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға тегін азық-түлік таратқан болатын. Бүгінгі таңда шаруашылығына керек жанар, жағар майға барған кезде ауылдастарының қажетті заттарын да қоса ала келіп жатады. Біздің тарапымыздан сұраныс түскен жағдайда да, тұрмысы төмен отбасыларға қажетті тауарларды жеткізіп беріп жатады. «Біріге көтерген жүк жеңіл» демекші, кәсіпкерлердің осындай уақыттарда көмегі зор. Халық та елдегі жағдайға түсіністікпен қарауда», — дейді Алмалы округінің әкімі.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суретті түсірген автор