10.04.2020, 11:01
Қараулар: 112
Сақтық шаралары күшейтілді

Сақтық шаралары күшейтілді

Қазіргі таңда барша адамзатқа қауіп төндірген коронавирус пандемиясы күннен күнге белең алып келе жатқаны рас. Елімізде бұл қиындықты жеңу үшін қолдан келген шараның бәрі жасалуда. Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап, Ақжайық ауданында да тиісті-қам-қарекет атқарылып, сақтық шаралары күшейтілді. Облыс аумағында енгізілген карантиндік режим аудан тұрғындарының саулығын қамдау, індеттің таралуына жол бермеу тарапында жұмыстардың қарқынын арттыруға түрткі болды.

Бүгінде ауданға облыс орталығынан азық түлік тауарларын таситын жүк көліктеріне, заңды түрде жолаушы тасымалымен айналысатын такси иелеріне рұқсат қағаздары беріліп, олардың санитарлық талаптарды сақтауы қатаң бақылауға алынды.

Аудан орталығы және Тайпақ ауылдарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, көпшілік жиналатын орындар мен ойын-сауық, сауда және мәдени орындардың барлығы жабылды. Тек азық-түлік дүкендері ғана жұмыс жасап тұр. Бұл науқастарды қорғау мақсатында ұйымдастырылған шара.

Бұл барлық енгізілген шаралар алдымен, адам баласының ең басты құндылығы – оның денсаулығын қорғау, адам өміріне қауіпті індетке қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға арналған. Осыны аудан халқына түсіндіру, көпшіліктің арасында дүрбелең тудырмай, желқақпа сөздердің таралуына жол бермеу де жіті назарда. Айталық, төтенше жағдай және карантин талаптары туралы ауыл-ауылдарда әлеуметтік желі, мэссенджерлер арқылы ақпарат таратылып, баннерлер ілінді. Бұл жұмысқа барлық құзіретті сала мамандарының күші тартылуда. аудандық төтенше жағдай бөлімі көшелерде автокөлікпен және ауылдардағы мәдениет ошақтарында радиотораптар арқылы қауіпсіздік шаралары жөнінде түсінік жұмыстары күнделікті жүргізілуде.

Төтенше жағдай талаптарына сай, тәртіпті сақтамаған адамдар жауапқа тартылады. Ауданымызда ескертуге құлақ аспаған екі кафенің иесі әкімшілік жауапқа тартылып, бірі екі, ал екіншісі он күнге қамауға алынды. Сонымен қатар азық-түлік сататын дүкендердің жұмысына да талаптар күшейтілуде. Полиция қызметкерлері мен санитарлық ахуалға жауапты мамандар күнде дүкендерді тексеріп, ескертулер жасауда. Бұл тұрғыда тұрғындарға да дүкеншілердің жұмысына кедергі келтіріп, болмасқа дау туғызбауы тиістігі ескертілді.

Бірліктің арқасында талай қиындықты еңсерген елміз. Осындай қиын-қыстау шақта аудан тұрғындары бір-біріне демеу болып, бүтінді бөліп, жартыны жарып жейтін кеңпейілдігінен арылмағаны қуантады. Медициналық масканың тапшылығынан көпшілік өз қолдарымен бетперде тігіп, аурудан аузы-мұрнын тұмшалап қорғанудың амалын жасап жатқан уақытта, көпреттік маскаларды үйден тігіп, қажет адамдарға таратып жүрген жандар да жеткілікті. «Жігер» спорт клубы, балалар шығармашылық орталығы, кітапхана, «Бөбек» балабақшасының еріктілері 25 мыңға тарта бетпердені тігіп, мұқтаж жандарға таратты. Бұл тек аудан орталығынан келтірген мысал ғана. Ауыл-елдімекендерде өз бастамасымен тегін бетперде, көпшіліктің алғысына кенеліп жүргендер қаншама.

Төтенше жағдай талаптарына сай халық көп жиналатын Мәдениет үйлері, кітапханалардың қызметкерлері қашықтан қызмет істеуге ауыстырылды. Үйде оқшауланып, өзін, отбасын, айналасындағылардың саулығын күйттеген мамандар үй жағдайында өз өнерлерін әлеуметтік желі арқылы ұсынып, көпшілікті төзімге, сабырға шақыруда.

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы аясында еріктілер жасағы азық-түлік, санитарлық заттарды тегін таратты. Акцияға жергілікті кәсіпкерлер мен партия мүшелері демеушілік білдіріп, 52 жағдайы төмен көп балалы шаңыраққа көмек көрсетті.

Дағдарыс кезеңінде елдің азаматтары да үнсіз қалмай, қолынан келгенше көпке жәрдем беруде. Аудан орталығында олар ел басына түскен жағдайға немқұрайлы қарамайтын жандардан қаражат жинап, қал-қадірлері жеткенше, мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етуде. 31 наурыз күні қоғамдық бастама көтеріп, жұмысын бастаған олар 1 сәуір күні 7 отбасына азық-түлік таратты. Бұл бастама әлі де жалғасын табады.

Күннен-күнге белең алып бара жатқан дерттің елімізге жайылмауын күйттеп жүрген жандарға ел болып, қолғабыс білдіргендігі қуантады, әрине. Қазіргі таңда айтқан кеңесті тыңдап, үйде отырудың өзі зор көмек. Әр адамның сабыры сынға түскен бұл сынақ та өтер. Себебі, әлемді дүрліктірген бұл кеселмен күресте басты қару – сабыр.

Әлия ШАРАПИЕВА