10.04.2020, 11:48
Қараулар: 104
Шамдарды шаққан кім?

Шамдарды шаққан кім?

Аудан орталығында орналасқан «Жастар» саябағының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Жастарға арналып салынған демалыс орнының бүгінгі кейпі адамы көшіп, қараусыз қалған елсіз жұрт секілді. 2-3 жыл бұрын толық жөндеуден өткен саябақтыңкөз тартар сәні жарық шамдары болатын. Саябақты айнала, тротуарды жағалай орналасқан 96 шамның бүгінде үштен бірі шағылған. Жаппай сындырып кетпегенімен, бірді-екілеп жарылған шамдардың қатары күн санап артуда. Айдың-күннің аманында бұндай жағдайға қалай душар болдық?

«Әкімдік қайда қарап отыр?»

Ерінбеген екінің бірі айтатын бұл сөз, үкіметке өкпелінің «мақалына» айналғалы қашан. Расымен, саябақ Чапаев ауылдық округі әкімдігінің теңгерімінде. Демек, оның жағдайына жауап беретін де солар. Округ әкімі Нұртаза Нәбиденовке жолығып, мәселе төңірегінде пікірін тыңдадық. «Сіз айтып отырған «Жастар» саябағы 2017 жылы толық жөндеуден өтті. Ішін абаттандырып, өрнектас төсеуге бюджеттен 5 млн. теңгеден астам қаражат бөлінсе, Сыртын қоршап, жарық жүргізуге 3 млн. теңге мөлшерінде қаражат жұмсалды. Жөндеу жұмыстарына кеткен қаражаттың жалпы сомасы 8,2 млн. теңге.

Саябақтағы шамдарды сындыру биыл бірінші жыл орын алып отырған жоқ. Жөндеу жұмыстары аяқталған жылы қазіргіден де қиын болатын. Сәндік үшін салынған субұрқаққа қоқыс тастап, шамдарды қиратып кету сол жылдан басталды.Қарауылдау үшін арнайы күзетші болмаса да, бір қоғамдық қызметші сол жердің тазалығын, тыныштығын қадағалауға бекітілген. Бұл кісінің де жұмыс уақыты кешкісін аяқталады. Соның өзінде уақытпен санаспай, түнгі уақытта шығып, саябақтың маңын күзетіп жүреді. Паркке көбіне келетін жасөспірімдер. Ересек адамдардың паркке келіп, жарық шамдарын сындырмасы да бесенеден белгілі. Қирағандарын қалпына келтіру үшін тағы 50 шамға тапсырыс беріп қойдық», — дейді Нұртаза Нұрхатұлы. Жастарға жасалған дүниені жастар қиратып жатса, жасатқан мекемеден не талап етеміз?

Камерамен бақылау керек пе?

Өркениетті елдерде тәртіпбұзушылықтың, осындай бұзақылықтың алдын алу мақсатында көшелер мен адам көп шоғырланатын орындардың барлығына камера орнатылады. Бұл үрдіс біздің елде де кең қанат жаюда. Алайда, ауылдар камерасыз-ақ ықылым заманнан бері өзінің ішкі тәртібін өзі қадағалап келеді. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демекші, осы тұста балаға беріп жатқан тәрбиеміз осал-ау деген ой келеді.

«Жастар» саябағынан бөлек орталықта орналасқан паркте де бұзақылар ойына келгенін істеуде. Саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткіштің қолын сындырған кездер де болды. Барлығын бірдей қасақана жасады дей алмаспыз. Дей тұрғанмен, баланың жүріп-тұруы мен тәрбиесіне ата-ана жауапты. Жыл сайын саябақтарды екі мезгіл сырлап, шамдарын ауыстырудың өзі кем дегенде 50-60 мың қаражат қажет етеді. Болашақта аталмыш парктерді бейне камерамен жабдықтау үшін бюджеттік өтінім берілген болатын. Әзірге қаражат ауыспай жатыр. Оның үстіне елдегі орын алып жатқан жағдайды өзіңіз көріп тұрсыз. Биыл «Даңқ» саябағын жөндеуге қаражат бөлініп тұр. Төтенше жағдай аяқталған соң бұл жұмысқа да кірісетін боламыз», — дейді Нұртаза Нәбиденов. Ия, ел аман болса, бұл жұмыстар да бітер, тек ол да қолда барды қастерлемейтін қасиетсіздіктің құрбаны болмаса екен дейміз. «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, серуенге кеткен бала үшін де үйде отырып, «тақым қысатын» деңгейге де жетіппіз.

Тұз сасыса, не себеміз?

Парк қызметкерлерімен әңгіме барысында тәртіпсіздіктер жастар тарапынан жасалатынын түсіндік. Тіпті тазалық сақтап, тыныш отыруларын талап еткен қызметшілерге ерсі әдеп танытып, сөз қайтаратын кездер де жиі орын алады екен. Жастар үшін жасалған саябақты жастар қиратып жатса, мұңыңды кімге шағасың? Тәртіп бұзғандар жазаға тартылмай ма?

Осы орайда Ақжайық аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің КЖТ инспекторы Айбек Ниетқали жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмысы жүргізіліп тұратынын айтады. «Жастар» саябағында 2018 жылы шамдарды сындыру факті бойынша жасөспірімдер ұсталып, кәмелеттік жасқа толмағандықтан ата-аналары жауапқа тартылып, әкімшілік айыппұл төледі. Біз өз тарапымыздан жасөспірімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мектептегі оқушылармен де кездесулер өтіп тұрады. Биылдың өзінде округтердеоқушылармен 30-ға жуық кездесу өтті», — дейді.

Басқасынқайдам, біздің мемлекеттік саясат түсіндіруден кенде емес. Жоқтан бар жасап жеткен тәуелсіздігіміздің баламасы іспетті бой көтеріп жатқан жаңа нысандарды жастарымыз қадірлемесе, болашақ туралы ойланудың өзі ауыр. Бәлкім бәрі өзімізден…

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ