17.04.2020, 10:05
Қараулар: 82
Тікелей эфирде – Хасановтар жанұясы

Тікелей эфирде – Хасановтар жанұясы

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері мәдениет ошақтары, кітапхана, спорт нысандарының жұмыстары уақытша тоқтатылды. Дегенмен, көптеген өнерпаздар ғаламтордың бар мүмкіндіктерін пайдаланып, онлайн кеңістікте елдің рухын көтеруде. Әлеуметтік желіні парақтаған жан тек аудан орталығының ғана емес, ауыл-елді мекендердің де әнші-күйшілерінің өнеріне куә болады.

Игі үрдісті аудан, облысымызға танымал Хасановтардың жанұялық ансамблі де қағып алып, жуырда өз парақшаларында әлемді жайлаған індеттен үрейленген халыққа қолдау көрсету мақсатында онлайн-концерт өткізді. Алдымен әулеттің үлкендері Мақсот ағамыз бен Дина апамыз жерлестерге аманшылық тілеп, індетте қауіпсіздік сақтау, үйде отыру қажет екендіктерін қаперледі.

Баянның сүйемелдеуімен жергілікті сазгер Рақым Жанайысовтың «Атамекенге сағыныш» әнін әуелеткен аналарын қызы, танымал әнші Жаңылсын Хасанова екінші дауыста қолдап, тікелей эфирге шықты. Ұлы Асхат контрабаста, келіндері Гүлнәр мен немерелері Ажар скрипкамен әннің әуенін ажарландырды. Енді бір немересі Жалғас гитарада ойнап, Жарасы әжесінің салған әніне балаң үнімен қосыла шырқады.

Онлайн шара ансамблдің жеке парақшаларынан бөлек олардың өнеріне тәнті болған көрермендерінің  Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде халыққа тарады.

Осылайша, елімізде қалыптасқан қиын-қыстау кезеңде халықты әсем әндерімен рухтандырған жерлестер өз  орындауларын «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген тілекпен тәмамдады.

Әсем ЕСБЕК