17.04.2020, 10:06
Қараулар: 131
Баға тұрақтылығы басты назарда

Баға тұрақтылығы басты назарда

Өткен аптаның бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева және аудандық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мәлік Мұхтар бастаған комиссия мүшелері сауда орындарындағы бағаға мониторинг жүргізді. Баға тұрақтылығы мен сауда орындарының санитарлық жағдайын тексерген топ мүшелері аудан орталығындағы бірқатар ірі дүкендерді аралап шықты.

Айта кету керек, елдегі төтенше жағдайға байланысты сауда орындарында тұтынушыларға қызмет көрсету барысында сақталуы тиіс санитарлық-эпидемиологиялық нормалар бекітілген болатын. Аталмыш талапқа сай дүкендегі тұтынушылар саны үшеуден аспауы тиіс және арақашықтық сақтаулары қажет. Бұл ереже бұзылған жағдайда дүкен иесі жауапқа тартылады. Сонымен қатар ғимаратқа бас сұққан адамның міндетті түрде бетпердесі болуы тиіс. Дүкен кіреберісінде санитайзерлердің тұруы да -қатаң сақталуы тиіс қағида. Бұл тұрғыда тексерілген «Бұлақ», «Ләззат» және «Ақжайық», т.б. дүкендері санитарлық талаптарға сай жұмыс жасауда.

Облыс аумағы карантинге жабылғалы тұрақтандыру қорынан ең қажетті азық-түлік түрлерін төмендетілген бағамен жеткізілуде. Осы тауарлардың бағасын дүкен иелерінің шектен тыс көтермеуін де аталмыш комиссия қадағалайды.Оған қоса кәсіпкер М.Сыдықов жеңілдетілген бағамен 20 тонна көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, қызылша) жіберген екен. Сатушылардың айтуынша, бұл кәсіпкерлікке зор көмек. Сонымен қатар дүкен иелері тарапынан тексерушілерге «қаладағы көтерме сауда бағасын қатаң бақылауға алуына ықпал етсеңіздер» деген базына айтылды. Аудандық комиссия бұл мәселе бойынша облыстық деңгейдегі мамандар жедел шара қолданып жатқанын жеткізді.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ