17.04.2020, 10:13
Қараулар: 129
Жүйкені жұқартқан 4-тоқсан

Жүйкені жұқартқан 4-тоқсан

Төтенше жағдайға байланысты елімізде оқушылар мен студенттер қашықтан білім алуда. Білім берудің бұл түріне студенттер сәл ертерек көшсе, оқушылар жаңа жүйеге төртінші тоқсаннан бастап кірісті. Әлеуметтік желі арқылы сан-саққа жүгіртіп, бұл жүйенің тиімділігіне әр «сарапшы» өзімізше баға бердік. Баланың кесел тараған жерлерден алшақ жүріп, үйде отырып білім алғаны жақсы, әрине. Бала ізденісіне бағытталған бағдарламаны да жаман дей алмаймыз. Биылдан бастап сыннан өткелі тұрған жаңа жүйе ғаламтор арқылы білім алуға үйретуі тиіс. Мәселе осы жерден басталады.

Classroom қаншалықты тиімді?

Кәсіптік орта білім алып жатқан студенттер мен оқушылар Classroom арқылы сабақ оқуда. Бұл бағдарламаның ғаламтор арқылы ашылатыны айтпаса да, түсінікті. Ғаламторы әлсіз жерде ватсап желісі арқылы түсіндіріп, үйге тапсырма беруде де осы мэссенджерді балама тәсіл ретінде пайдалануда. Алайда, тапсырмаларды Classroomмен беріп, орындалуын да осы желі арқылы талап ететіндер де аз емес. Әсіресе қалалық кәсіптік колледж студенттері осы жүйеден ығыр болғанға ұқсайды.  Ал, шалғай ауылдардағы ғаламтор желісі көлемді сайттардағы бейне сабақ түгіл, қарапайым аудио жазбаларды ашуға қауқарсыз. Осы орайда оқу орындары студенттердің ғана емес, ауылдағы ата-ананың жағдайын да ойлап, балалардың білімін бағалауда асығыстық білдірмегені жөн секілді. Бар ахуал түзелсе, білім беру жүйесі де ретке келер. Осыған орай кейбір ауылдық округтер ауылда ғаламтор жоқтығын растайтын анықтама беруге мәжбүр.Есенсай ауылдық округінің әкімі Ілияс Баймұратов  бүгінгі күнге дейін қырыққа жуық студентке осындай анықтама берілгенін жеткізді. Аталмыш округте ұялы байланыс жоқ. Ал, Сарытоғай ауылдық округінің әкімі Абзал Әлжанның айтуынша, «Актив», «Билайн» операторларының мұнарасы бар болғанымен, ғаламтор жылдамдығы мүлде төмен екен. Округ әкімдігі аталмыш мекемелерге хат жолдағанымен, әзірге тұтынушылар мәселесі шешілмеген.

Төтенше жағдайға байланысты қазіргі таңда мектеп мұғалімдеріне өздеріне ыңғайлы әдіс бойынша жұмыс жасауға рұқсат етілген. Тоқсандық баға да емтихансыз, үлгеріміне қарай шығарылады. Ғаламторы жоқ ауылдарда қағаз арқылы тапсырма беріп, өз жұмыстарын өлермендікпен атқарып жүрген ұстаздар қауымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алайда, ұстаздар қоғамының да көптеген келеңсіздіктермен бетпе-бет келіп жүргені жасырын емес. Бұл жөнінде әлі талай сараптама жазылуы тиіс. Ал, Кеңсуат, Сарман, Шабдаржап т.б. шалғай ауылдарда ғаламтор желісінің мүлде әлсіз, тіпті жоққа жақын екендігі рас. Телефон ұстап, төбе аралап, байланыс іздегені былай тұрсын, бірнеше балаға беретін гаджет түгіл «Отау ТВ» орнатылмаған үйлердің көп екенін жоққа шығара алмаймыз.

«Біз біргеміздің» көкесі біздің үйде»

Әңгімесін дәл осылай күліп бастады есімін көрсетпеуді сұраған бір оқырманымыз. «Таңертең тұрғаннан бастап, балалармен сабақ дайындаймыз. Кейбір тапсырмаларды кеште де орындап қойып жатады. Сізге өтірік, маған шын, кей кезде миымыз су болады. Үйде болған соң, бала еркінсиді. Оқығысы келмей қисаяды. Түске дейін мен көмектескен боламын. Ата-әжеміз былай тұрсын, түсте жұмыстан келген соң, отағасы да кірісіп кетіп жатады. Көптеп-көлемдеп орта білім алып жатырмыз», деп күлді.

Сондай-ақ бір туыс інісінің үйінде күні кеше орын алған қызықты оқиғаны айтты. Бес оқитын баласын таңертең сабаққа оятып, келіні асығыс жұмысына кетеді. Жолдасы вахталық әдіспен қызмет етеді. Түс мезгілінде үйге келсе, баласы жыламсырап отырған көрінеді. Сөйтсе, анасы есіктен шығысымен бала қисайып жатып, қалғып кетсе керек. Сол ұйықтағаннан сабақ аяқталғанда бір ояныпты. Кейбір ата-аналар балаларға берілетін тапсырманы түсіндіру қиын екенін алға тартады. Әсіресе мектепте үздік немесе жақсы дейтін бағамен оқып жүрген оқушылар тапсырманы орындаған соң, жауабы келгенше, дегбірі қалмай тосып, дұрыс тамақтана алмайтын жағдайға дейін баратынын да құлағымыз шалып жатады. Осындай жайттардың барлығы балалардың психологиясына әсер етпей қоймасы анық. Қолды-аяққа тұрмай, шауып жүретін кезінде баланы карантинге қамап ұстау да оңай емес.

Психолог кеңес береді

Бала психологиясы демекші, аудандық білім бөлімінің психологы Нұрлы Қайыржанқызына хабарласқанымызда, маман мектеп психологтары ата-аналар мен балалардан бөлек, мұғалімдермен де жұмыстанып жатқандарын айтты. «Қашықтан оқытудың ата-аналар мен оқушылар үшін қиын болып жатқанын түсініп жатырмыз. Төтенше жағдай кезінде білім беру ауылық жердегі әріптестеріміз үшін оңайға соғып жатқан жоқ. Біз өз кезегімізде әлеуметтік желі арқылы психологиялық кеңес беріп, түрлі слайдтар таратып жатырмыз. Стресске бой алдырмау керектігін, кез-келген ақпарат көздеріндегі ақпараттарға сеніп, дүрбелең тудырмау қажеттігін де түсіндіріп бағудамыз. Ата-аналар елде орын алып жатқан оқыс оқиғалар мен келеңсіздіктерді балалардың көзінше талқылауы да дұрыс емес. Осылардың барлығын ескеріп, үлкендер барынша төзімділік танытып, бала тәрбиесіне деген жауапкершілік жоғары болуы керек. Күнделікті режимі бұзылуына байланысты балаларға да үнемі қолдау білдірген дұрыс. Егерде балаңыздың мінез-құлқы мен көңіл-күйінде күрт өзгерістер байқалса, міндетті түрде мектеп психологына хабарласқандары абзал», — дейді маман.

Бұл жайында білген жөн

Елде төтенше жағдай. Барлық қызмет түрі онлайнға ауыстырылып, білім де ғаламтормен берілуде. Бұл тұрғыдан қарағанда,халықтың арасында сұранысқа ие қызметтің түрі — ұялы байланыс желісі. Бір шаңырақтан бірнеше бала білім алатын отбасына ұялы байланыстың айлық тарифін толтырудың өзі арзанға соқпасы кәміл. Оның үстіне жыл сайын тариф қымбаттамаса, арзандап жатқан жоқ. Ал тарифтегі тегін пакеттер мен гига байт көлемі ай санап «құбылып тұрады». Кейбір байланыс тораптары әлеуметтік желіні тегін тарататын қызметтен биылғы жылы жұрдай болды. Бұл пікірге орай «қандай байланыс түрін таңдасаң да, өз еркің емес пе» дейтіндер табылады, әрине. Алайда ауылдарда барлық байланыс түрі жоқ. Тұратын жеріңде қай байланыс түрі орнатылса, сол монополист. Сол ұялы байланыстың шарттарына келіспеске шараң жоқ. Осы орайда ауыл тұрғындары қандай байланысты қолданатын болса, соның сайтына кіріп, төтенше жағдайға байланысты қандай жеңілдіктер жасалғанын білуі керек. Мысалы, 160 жедел нөмірі арқылы хабарласқанымызда, «Қазақтелеком» АҚ арқылы ғаламтор желісін пайдаланып отырған тұтынушылар төтенше жағдай кезінде ақы төлей алмаса, ол үшін үстеме төлем қосылмайды. Белгілі тарифтің бітуіне байланысты жылдамдығы азаюы мүмкін, бірақ ғаламтор желісі айырылмайды. Тиісінше төлемді де төтенше жағдайдан кейін төлейсіз», деген жауап алдық. Осы секілді әрбір байланыс операторларының қарастырған жеңілдіктерін тиімді пайдалана білген жөн.

Бұл мемлекетімізде төтенше жағдай орын алған кезде кез-келген ауданның басынан өтіп жатқан қиындықтың жүзден бір бөлігі ғана. Бала – болашағымыздың кепілі. Осы тұрғыдан қараған кезде білім жүйесіне жыл сайын орын алып жататын реформалардан гөрі ауыл мектептеріне инновациялық жаңашылдық ауадай қажет екенін екі айда толық көзіміз жетті деп ойлаймын. Интернеті жоқ ауылда отырып, мұхиттың ар жағындағы дамыған елдің білім жүйесіне еліктеу мен үшін қисынсыздау көрінеді. Қалай десек те, бірінші кезекте ауыл жағалата ескерткіш емес, әр ұялы байланыс операторының мұнарасын орнатсақ, рухани тұрғыдан жаңғырудың да жолы кеңи түсер еді. «Әлемде цифрлық технологияларды жетік меңгерген ел ғана бәсекеге қабілетті!» деген сөзіміз арзан ұран болып қалмаса екен.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ