17.04.2020, 10:20
Қараулар: 143
Індетті жеңу үшін тәртіп қажет

Індетті жеңу үшін тәртіп қажет

Күллі әлемді тығырыққа тіреген коронавирус біздің облысымызға да аяқ басты. Науқастардың саны артып, сіз бен біз білетін адамдардың арасында таралғаны жөнінде ақпарат күн өткен сайын үрейді ұшырып барады. Қайтпек керек, өңір басшылығы індеттің алдын алу бағытында, тұрғындардың саулығын сақтап қалу үшін қандай шараларды қолға алуда, коронавирустан келер қауіп қандай? Осы және өзге де сұрақтарды ауданымыздың тауарлар және көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаевқа жолдадық.

Ерлан Кенжеғалиұлы, тек бір елді ғана емес, дүние жүзін әбігерге салған жаңа коронавирус несімен ерекшеленеді, оның белгілері қандай? Тасадан төнген кеселден қарапайым тұрғындар қалай қорғануы тиіс?

— Әлемнің 170-тен астам елінде таралған пандемия біздің елімізде де өршіп тұр. Бұл кеселдің ерекшелігі – оның лезде таралуында, әрі салдары да ауыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бір науқастан кемінде 4 адамға жұғады. Кеселдің ең басты қаупі – оның құрбандары пневмония мен өкпенің ісінуі сынды асқынудан қайтыс болуы әбден мүмкін. Егер адамның иммунитеті әлсіз болып, оның созылмалы аурулары болса, әлісіз азғада вирус тыныс алу жүйесінде ісінуді тудырады. Нәтижесінде өкпедегі оттегінің қан ағымы тоқтап, өлімге әкеп соғады. Аурудың алғашқы белгілеріне келер болсам, олар тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялардікіне ұқсас. Бастапқыда дене қызуы 38 градусқа дейін көтеріліп, жөтел пайда болады, науқастың кеуде тұсы ауырып, тыныс алуы ауырлайды. Егер осындай белгілер пайда болса, тез арада медициналық мекемемен хабарласып, дәрігерді үйге шақырған жөн.

Аурудың әсіресе 65 жастан асқан адамдар, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар үшін аса қауіпті екенін ескерткім келеді. Сондықтан жеке бастың сақтық шараларын қамдау  аса маңызды. Көшеден келген бойда ең алдымен қолды кемінде 30 секунд сабындап  жуу керек. Себебі инфекция қоршаған ортаға ауру адамнан сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкірген кезде ұсақ тамшылармен бірге бөлініп, әртүрлі заттардың бетіне түседі. Оларды ұстаған адам қолын жумастан көзіне, мұрнына немесе аузына тигізсе, ауруды жұқтырады. Амандасқанда, қол алыспай амандасқан жөн, үйдің ішін жиі желдетіп тұрған ләзім.

Осы жерде вирустан қорғану үшін киіп жүрген маскамыздың да маңызын айтып кеткім келеді. Жұрт арасында «осы бетперде індеттен сақтамайтын көрінеді. Сондықтан оны тағу міндетті емес. Жұғатын ауру маскасыз-ақ жұғады» деген сөзді жиі естіп жататынымыз рас. Негізінде, масканы науқас адам вирусты қоршаған ортаға тарамауы үшін киеді. Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, түрлі заттардың бетіне түсіп, қолымызға жұққан вирустың ауыз-мұрын қуыстарына түспеуіне маска бірден-бір тосқауыл болмақ. Адам күніне 2000-3000 рет бетіне қолын тигізетінін ескерсек, масканың пайдасы бар екені анық.

— Карантин талаптары облысымызда күшейтіліп, бірқатар шектеулердің қолға алынғаны белгілі. Сол жөнінде оқырманға ақпарат берсеңіз.

— Өңірімізде облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Арыспаевтың 30 наурыздағы №5 қаулысымен 31 наурыздан бастап күшейтілген карантин режимі енгізілді. Бұл қаулы бойынша Орал қаласы мен аудандардың елді мекендері арасында көлік құралдарының кіріп-шығуына тыйым салынды. Аса қажеттілік туындамаса, ауыл ішінде де адамдар мен жеке көліктің қозғалысына шектеу қойылды. Тұрғындар тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін дүкендер мен дәріханаларға ғана бара алады. Туған-туыс, дос-әріптестерге баруға, үштен артық адамның (бір отбасының адамдары болмаса) жиналуына, кәмелетке толмағандардың үлкендердің жетегінсіз жүруіне тыйым салынды.

Сонымен қатар қаулымен бекітілген салалар тізіміне енгізілген мекемелердің жұмысшыларына растайтын анықтама болған жағдайда жұмыс орнына баруға рұқсат берілген. Карантин кезінде облыс көлемінде STOPCOVID.KZ сайты іске қосылғанын атап өту керек. Яғни, карантинге қатысты барлық мәселе осы жерде қабылданады, өңделеді, сарапталады және  тез шешімін табады. Айталық, қала, ауыл ішінде қозғалыс рұқсат етілген мекемелер өз қызметкерлерін, автокөліктерін осы сайтқа тіркейді. Кез-келген тексеруші сайтты ашып, азаматтың ЖСН-ін енгізіп, оның рұқсаты бар-жоғын анықтай алады.

Дүкен ішінде бір мезгілде болатын адамдар санына да шектеу қойылды, 20 шаршы метр жерде 1 адамнан аспауы тиіс.  Ғимарат ішінде және сыртта адамдардың арасы кемінде 2 метр болуы керек. Жуырда зейнетақы берген кезде, банкоматтың алдында адам көп шоғырланып, олардың арақашықтығының сақталуына  тек еріктілердің көмегімен ғана қол жеткізе алдық.

Жоғарыда атап кеткен №5 қаулыға 13 сәуірде өзгерістер енгізіліп, талаптар одан сайын күшейтілді. Күшейтілуі де заңды, өңірде анықталған науқастардың саны күн санап көбейіп келеді. Осы өзгерістерге тоқталсам, енді облыс аумағында  65-тен жоғары жастағы адамдардың үйден шығуына тиым салынды. Оларға үйге азық-түлік, дәрі-дәрмек, бірінші кезекте қажетті тауарларды жеткізуді қамтамасыз ету керектігі қарастырылды. Ауданымызда егде жастағы адамдардың тізімі жасақталып, оларға еріктілердің көмегімен қажет тауарларды жеткізу қолға алынуда. Сонымен қатар бұрын ғимаратты санитарлық талаптарға сай кемінде дезинфекциялау, қызметкерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, олардың дене қызуын күніне екі рет өлшеу жөнінде талаптар тек заңды тұлғаларға қойылса, енді бұл талаптарды халыққа қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлік нысандар да орындауы тиіс. Жоғарыда аталған талап – шектеулерді орындамаған жағдайда азаматтар Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

— Жуырда ауданымызда провизорлық стационар ашылды. Оның қызметі, індетті анықтау, алдын алуда маңызы қандай болмақ?

— Аудан орталығында жұмысқа кіріскен стационарға дене қызуы көтерілген, тыныс алу жолдарының кеселіне шалдыққан адамдар жатқызылады. Тек өз ауданымыздан ғана емес, іргелес аудандардан да науқастар қабылданады. Айталық, осы аптада Казталов ауданынан екі науқас осындай симптомдармен стационарға жатқызылды. Ауыз қуысы, мұрындарынан жұғынды алынып, материалдар Орал қаласындағы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының вирусологиялық зертханасына жолданды. Бір қуаныштысы, екеуінің де сараптамасы бойынша коронавирус расталмай, бүгінде олар өз ауылдарына қайтарылды. Әрі қарай бұл адамдар өз ауруларына қатысты ем-дом алатын болады.

Осы жерде біздің мекеменің қызметіне де тоқталып өтсем. Емдеу орындары коронавирусқа шалдыққан адамдарды анықтап жатса, екі сағаттың ішінде бізге хабарласып, оның деректерін жібереді. Біз бірден олармен қатынаста болған адамдарды анықтаймыз. Алдымен үй ішіндегі туысқандары, әріптестері, жуық арада бірге жиналған адамдардың тізімін жасау қажет. Олар бірден провизорлық стационарға жатқызылады. Болжалды қарым-қатынаста болған азаматтарды да анықтау – біздің міндетіміз. Олар өздерін оқшаулау жөнінде қолхат беріп, үй карантинінде кемінде 14 күн болу керек.

Бұл жұмыстар індеттің таралуына жол бермеу, халықтың денсаулығын сақтау үшін атқарылады. Дегенмен, бізге тұрғындар тарапынан да түсіністік қажет. Карантин талаптарын сақтап, оқшауланып, жеке бас гигиенасын сақтаса, соның өзі зор көмек. Қиындық пен қуанышты, ауыртпалық пен жақсылықты бірге бөлісетін бірлігі мол елміз. Бұл індетті тек ауызбіршіліктің, тәртіптің арқасында еңсереміз.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Әлия ШАРАПИЕВА.