17.04.2020, 10:29
Қараулар: 133
Жұбан атамның есімін алғаныма қуанамын

Жұбан атамның есімін алғаныма қуанамын

Есімімді Жұбан деп қою туралы ұсынысты әкеме белгілі ақын Ғайсағали Сейтақ айтқан екен. Себебі мен Жұбан Молдағалиев атамның туған күні, яғни 5 қазанда дүниеге келдім. Ал інім Жұмекен ақынның есімін алды. Әкем Сәкен журналист болса, анам — Динара мұғалім.

Әкем бірде қазақтың танымал ақыны, «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған Ақұштап Бақтыгерееваға Жұбан мен Жұмекен деген балалары бар екенін айтыпты. Сонда ол кісі қуанып: «Аттарына заттары сай қазақтың сүйікті ұлдары болсын!» деп, батасын береді. Ал өз атам Мұратпен институтта бірге оқыған, әкем мен анамның ұстазы болған ғалым Серікқали Шарабасов менің есімімді естіп «Ол қазақты жұбататын бала болады екен ғой» деп айтқан екен. Әкемнің Мұнайдар Балмолда, Қазбек Құттымұратұлы, Қоблан Қуанов сынды достарының телефонмен хабарласқанда «Не істеп жатсыздар, үйде поэзия, шығармашылық кештерін өткізіп жатқан жоқсыздар ма?» деп әзілдеп қоятыны да бар.

Жұбан атамның есімін иеленгеніме бір жағынан қуансам, екінші жағынан оның салмағы да зор екенін түсінемін. Ақын есіміне лайық болу үшін сабағымды жақсы оқып, ұстаздарымның, ата-анамның айтқандарын екі етпей тыңдап жүремін. Жұбан атамның «Мен қазақпын» және басқа да өлеңдерін, өзге де ақын-жазушылардың кітаптарын оқимын. Қазір балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесін оқудамын. Қолым босағанда газет оқимын. Әкем мен үшін «Ұлан» газетін, ал ініме «Балдырған» журналын алдырады.

Өткен жазда ата-анаммен бірге Алматы қаласына бардым. Сонда Жұбан атамыздың үйіне барғымыз келген. Алайда София әжеміз сырқаттанып қалып, бара алмадық. Сосын Кеңсай зиратындағы Жұбан атамыздың басына бардық.

«Кеңсай» өте үлкен екен. Елімізге танымал адамдардардың көбі осында жерленіпті. Зиратқа кіре берісте жерленген Бәкір Тәжібаев, Сағи Жиенбаев,Ғабит Мүсірепов  сияқты ақын-жазушылардың рухтарына арнап, әкем Құран бағыштады.

Жұбан атамның жатқан жерін біраз іздедік. Осы жерде нағашы атамның досы, ақын Сағынтай Бисенғалиев атама алғыс айтқым келеді. Телефонмен сол кісінің айтуымен әзер таптық. Зират басында Жұбан атамның рухына арнап «Мен қазақпын» өлеңін оқыдым.

 

Жұбан МҰРАТ,

№46 орта мектептің 8-сынып оқушысы,

Орал қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар