24.04.2020, 10:44
Қараулар: 51
Абайды оқып сүйсінткен

Абайды оқып сүйсінткен

Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл. Осы мерейтойдың қарсаңында бүкіл қазақстандықтар ақынның өлеңін оқып жарысып, игі бастамаға сеп болды. Бүгінде бұл эстафетаны қолдап, ақын өлеңдерін саралап, жатқа оқыған жерлестеріміздің саны артып келеді. Бірі өлеңдерін жаттауға асықса, енді бірі бұрын көптен қолына ұстамаған кітап беттерін парақтауға кірісті. Қай әлеуметтік желіні ашсаңыз да, тілі енді былдырлап шығып келе жатқан балдырғаннан бастап, еңкейген қарияға дейін Абайдың шығармашылығын насихаттап, көпке жария етуде. Жақсылықтың бастауында әманда жастар жүретіні белгілі, қазір ауылдық округтегі жастар жетекшілері  Абай өлеңдерінен үзінді оқып, өз парақшасына видео салып жатыр.

Солардың бірі – Қаршы орта мектебінің 5-сынып оқушысы Алина Зарубина. Өспірімнің «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін мәнерлеп оқыған бейнеролигі оның ұстазы Айнажан Сәрсенбаеваның парақшасына жүктелген. Аз ғана уақыттың ішінде бұл пост әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленіп, жағымды пікірлермен толықты. Айта кеткен жөн, қазақы ауылда дүниеге келген Алина  қазақ тілінде еркін сөйлейді. Түрлі тақырыптарда эссе, шығармалар жазған ол аудандық байқауларда бақ сынап жүр. Енді Хәкім Абайдың шығармаларын жатқа оқыған өрен осылайша мемлекеттік тілге, қазақтың әдебиеті мен бай мәдениетіне деген зор ықыласын танытуда.

Әсел САҒЫН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар