24.04.2020, 10:58
Қараулар: 69
Жұбан ордасы – елдігіміздің айғағы

Жұбан ордасы – елдігіміздің айғағы

Құрметті жерлестер, «Жайық таңы» газеті арқылы өзіңізге сөз арнауды жан көрдім. Айтайын дегенім – даңқты жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтың туғанына 100 жыл толуына орай Чапаевтағы орталық алаңда «Жұбан орталығын» салудың қазіргі жайы. Өткен жылы барлық еңбек ұжымдарынан, қоғамдық ұйымдардан бастаманы қолдаған ұсыныстар түсті. Ардагерлер Кеңесі осыған орай барша ақжайықтықтарға үндеу хат жариялады. Онда айтылғандай, туған халқының мұңшысы, жоқшысы, «Мен қазақпын» деген бір ауыз сөзімен ел санасын дүр сілкіндірген, жанартаудай жалынды сөздерімен тұтас бір ұлтқа күйе жақпақ болғандардың ниетін быт-шыт еткен, 1987-нің қара дауылына бір өзі қаймықпастан қарсы тұрған халық қаһарманы Жұбан ақын орталығын салудың маңызы айтпаса да, түсінікті.

Міне, содан бергі жылға жуық уақытта ауданымыздың іскер азаматтары, зиялы қауым өкілдері, мемқызметкерлер мен тіпті зейнеткерлер де қаржы аударып, әркім өз хал-қадірінше үлес қосуда. Қорға түскен әр теңге есепке алынып, құрылыс қажетіне жұмсала бастады. Соның нәтижесінде іске кіріскен құрылысшыларымыз ғимараттың іргетасын құйып болып, бүгінгі таңда қабырғасын қалау жұмыстарына кірісіп кетті. Әлемді елеңдеткен індетке қарамастан еңбек еткен азаматтарымызға мың алғыс, қимылдарының қазіргі қарқыны жаман емес. О бастағы өздерінің келісім-уәдесіне тұрып, қомақты қаржы аударғандардың бәріне де алғыстан өзге айтарымыз жоқ. «Ер азамат қашанда туған топырағына тартады» деген, бастаған ізгі ісіміздің хабарын естіген шет жүрген жерлестеріміз де өз үлесін қосуда. Оларға да ел-жұрттың ризашылығы шексіз.

Аудан өмірінің айтулы бір белесіндей бұл құрылысқа бүгінде облыс, республика жұртшылығының назары ауған. Ғасырлық тойдың салмақты шарасы өтетін ақынның туған мекені – Ақжайыққа үлкен үміт артылып отыр. Демек, көпшілік көз тіккен істі  іркіліссіз, ойдағыдай орындап шығу бізге үлкен сын болатыны анық.  Сол сыннан сүрінбей өту, яғни Жыр – Жұбанның 100 жылдығын лайықты қарсылау құрылысқа қаржылай қолдауымыздың жалғасуына тікелей байланысты.

Жұбан ақын біздің бәріміздің, бар қазақтың ұлттық намысын оятып  кетті, жүрегімізде елдіктің алауын ешқашан өшпестей етіп тұтатып кетті. «Біз кімбіз, қайдан келдік, қайда, қай жаққа бет түзедік?!» деген тағдыршешті сауалдарға жауап алдық емес пе ақын жырларынан. Ендеше, біздің де, құрметті ақжайықтықтар, намысқа басатын, орталық құрылысын көп болып көтеріп әкететін кез келді.

Әлдеқалай қиналсақ, намыс қалғыса, тұйыққа тірелсек, баршамызға рух беретін,  Жұбан жырларынан қуат алатын киелі шаңырақтың бой көтеруіне үн қосуға, үлес қосуға шақырамын Сіздерді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», өзімізді Жұбан ақын аңсаған елдік мұратқа, бірлік пен ынтымаққа, өркениетке ұмтылған жұрт екенімізді сезінеміз десек, осынау халықтық құрылысты қолдауға асығайық. Уақыт тығыз. Індеттің салдары — кедергілер де аз болмай тұр. Алайда біз, барша ақжайықтықтар, бір кісідей әрекет қылсақ, жанынан өткен жан сүйсіне қарайтын заманауи тәрбие орталығының бой көтеретіні анық. Сол күн жақын болсын. Сол жақсылыққа аман жетейік, ағайын.

Бақтығали ҚОСПАЕВ,

журналистика ардагері

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ