24.04.2020, 11:14
Қараулар: 58
Онлайн үкімет – оңтайлы қызмет

Онлайн үкімет – оңтайлы қызмет

Тыныс-тіршілікті тарылтқан аты жаман індет цифрландыру саласына  жаңа міндет жүктегені аян. Шектеу шаралары енгізілген кезден-ақ халық көп жиналатын мекемелердің қызметкерлері қашықтан жұмыс істеу форматына ауысты. Солардың бірі – халықпен тікелей жұмыс істеп, құжаттарды дер кезінде дайындап, қолыңызға тапсыратын халыққа қызмет көрсету орталықтары. Дегенмен, адамның өмірі, күнделікті тірлігі карантинге қарап, тоқтап қалмасы аян. Біріміздің отбасымызда жаңа сәби дүниеге келіп, қуансақ, өкінішке қарай, енді біріміздің туысымыз өмірден озып, тиісті құжаттарды рәсімдеуге тура келеді. Газетті халық пен биліктің арасындағы дәнекер деп қабылдайтын оқырмандарымыз біздің редакцияға телефон шалып, елді әуреге салған электронды үкімет жайында түрлі сұрақтарын жолдауда. Негізінен, азаматтардың хал-актілері, өзге де рәсімдер бойынша ғаламтор кеңістігінде оқыту бейнероликтері жеткілікті. Дегенмен, ауылда отырған ата менен әжелеріміз, тіпті замандастарымыздың интернетке жүйрік емес екені анық. Сондықтан жүйенің жұмысын саралап, сонымен қатар төтенше жағдай кезінде түрлі құжаттарды онлайн тапсырудың қыр-сырын меңгеру үшін біз аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Жәния Қарашинамен хабарластық.

Жәния Амангелдіқызының айтуынша, EGOV.kz порталындағы электронды қызмет көрсету арқылы 300-ге тарта қызмет түрі ұсынылады екен. Төтенше жағдай режиміне байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметтерін онлайн форматта қалай алу керектігін ұғындыру үшін 1414 нөмірінде 1800-дей оператор жұмыс істеуде. «Керек деректі электронды портал арқылы алған халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын сонар кезекте тұрғанмен салыстырғанда, айтарлықтай ыңғайлы. Бұрын қандай ма қызметке тапсырыс үшін міндетті түрде электронды цифрлық қолтаңба керек болатын, қазір маңызды деген 30 қызметті қолтаңбаның көмегінсіз-ақ алуға мүмкіндік жасалды. Кез-келген адам өзінің ЖСН-і мен телефон нөмірін енгізіп, бірреттік құпия сөзбен порталға кіріп, осы қызметтерді ала алады», — дейді орталық басшысы.

Ал біз, ІТ маманы болмасақ та, өз тарапымыздан жоғарыда айтып кеткен әлеуметтік желі парақшаларындағы бейнесабақтардың мазмұнын қағазға түсіріп, тұрғындар арасында сұранысқа ие қызметтерді оқырманға жеткізуге тырыстық.

Туу туралы куәлікті қалай рәсімдейміз?

Порталдың басты бетінде «Азаматтарға» тарауына кіріп,  «Отбасы» > «Отбасылық жағдайы» > «Бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу»  батырмасын басу қажет. Осыдан соң қызметке онлайн тапсырыс жасақталып, өтініш толтырылады. Егер тапсырысқа ЭЦҚ арқылы қол қоятын мүмкіндігіңіз болмаса, СМС-хабарламаның көмегімен жолдауға болады: бұл үшін туу туралы медициналық анықтаманың сканерленген нұсқасын тіркеу қажет. Артынша жеке кабинетіңізге куәліктің  берілетін уақыты көрсетілген хабарлама келеді. Сол мерзімде тиісті мекемеге барсаңыз, куәлік қолыңызға тиеді.

Бала туғанда берілетін жәрдемақыға құжаттарды онлайн тапсыруға бола ма?

Әрине. Бұл үшін электронды үкіметтің порталына кірген соң «Әлеуметтік қамтамасыз ету», соның ішінде «Отбасыларға көмек» тарауын таңдайсыз. Бұл жерде «Мынадай әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына әлеуметтік төлемдер тағайындау: еңбекке қабілеттілігін жоғалту, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүкті болу мен босануға байланысты табысынан айырылу, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу» батырмасы арқылы онлайн қызметке тапсырыс беріледі. Мұнда жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты берілген еңбекке уақытша жарамсыздық парағын, банктегі есепшоттың нөмірін, жеке басты куәландыратын құжатты енгізіп, тапсырысқа ЭЦҚ-мен қол қойсаңыз, жеткілікті.

Қайтыс болғаны жөніндегі куәлікті қалай аламыз?

Электронды үкіметтің басты бетінің «Отбасы» тарауының «Отбасылық жағдайы» батырмасын басып, «Қайтыс болуды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу» бөлімінде онлайн құжаттар тапсыруға болады. Мұнда тек өтінішті толтырып, туыстық қатынасты растайтын құжаттарды тіркеу қажет. ЭЦҚ-мен қол қойып, өтініш жіберілгеннен кейін бұл құжат тиісті мекемеде рәсімделеді. Тек куәлікті алуға барғанда, тіркелген құжаттардың түпнұсқаларын ала келсеңіз, болғаны.

Менің жеке басты куәландыратын куәлігімнің мерзімі аяқталуда. Құжатты қазір, яғни төтенше жағдай кезінде қалай аламын, әлде карантиннің аяқталғанын күткенім дұрыс па?

Жания Амангелдіқызы егер жеке басты куәландыратын куәліктің мерзімі өтіп бара жатса, оны электронды портал арқылы ауыстыруға болатынын айтты. EGOV.kz сайтында авторизациядан өткен соң, «Азаматтық, миграция және иммиграция» тарауынан «Паспорт, жеке куәлік алу» бөліміне кіріп,  онлайн өтінішті толтырып, ЭЦҚ-мен қол қоясыз. Өтінішке қосымша өзіңіздің фотоңызды, қолтаңбаңыздың үлгісін тіркеп қоюды ұмытпаңыз. Сосын банк картасы арқылы мемлекеттік төлем сомасын төлеу қажет. Жеке кабинетте куәліктің  дайын  болатын уақытын білуге болады. Ескере кетерлік жайт, портал арқылы бұл қызмет тек чипсіз берілген ескі нұсқадағы куәлікті жаңа нұсқасына ауыстырған кезде ғана қолжетімді. Өзге жағдайларда төтенше жағдайдың аяқталуын күту керек. Мерзімінің өтіп кетуіне байланысты айыппұл салынбайтынын да айта кеткен жөн.

Кейбір адамдар карантин режимі зейнетақыға құжаттарын рәсімдеу мерзімімен тұспа-тұс келуде. Көбісі қажет құжаттардың бәрін жинақтап, даярлап та қойыпты. Қызметке онлайн тапсырыс беруге бола ма? Не істеу қажет?

Электронды үкімет порталына кірген соң кезек-кезегімен келесі тарауларды таңдау қажет: «Азаматтарға» > «Әлеуметтік қамтамасыз ету» > «Зейнетақымен қамтамасыз ету» > «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау». «Онлайн сұрау» батырмасын басқан соң, өтінішті толтырып, банк есепшотының нөмірі көрсетілген анықтаманы, өтініш берушінің еңбек өтілін растайтын құжаттардың (еңбек кітапшасы, еңбек өтілі еңбек кітапшасына енгізілмеген  жағдайда немесе түзетулер енгізілген болса, мұрағаттан немесе жұмыс орнынан анықтама) электронды көшірмесін тіркейді. ЭЦҚ арқылы өтінішке қол қойылады.

Электронды үкімет порталындағы көптеген қызметтерді тек электронды цифрлы қолтаңба  болса ғана,  алуға болады. Ал егер цифрлық қолтаңба болмаса, қайтеміз?

Осы сауалға қатысты Ж.Қарашина «Онлайн режимде қолтаңба алуға арналған арнайы нұсқаулық жасалды. Оның алгоритмі 28 пункттен тұрады. Бұл рәсім egov.kz порталында нақты түсіріндірілген. Сайттағы «ЭЦҚ-ны қашықтан алу» тарауына кірсеңіз, нұсқаулықты сақтай отырып, әрбір қадамын орындасаңыз, жеткілікті»,- дейді.

P.S. Мақала арқылы біз бірқатар маңызды құжаттарды рәсімдеу тәртібін оқырмандарымызға ұғынықты етіп жеткізуге тырыстық. Егер халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына қатысты өзге де сұрақтарыңыз болса, 92-5-80 нөміріне хабарласып, қажет ақпаратты алуыңызға болады.

Әлия ШАРАПИЕВА,

«Жайық таңы»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар