24.04.2020, 11:28
Қараулар: 199
Бағбандардың бір күні

Бағбандардың бір күні

Орал өңірі түгілі көршілес облыстарға, тіпті шалғай қалаларға танымал Тайпақ қарбызының отаны — Алмалы ауылдық округінде болып, бақша егіп, мал өсіріп отырған шаруалардың жағдайымен танысып қайттық. Округ әкімі Жарқынғали Ахмет күтіп алып, сұраған шаруашылықтарымызға жол бастады. Аудан орталығынан алыста орналасқан округте 68 шаруа қожалығы болса, соның жартысынан астамы бақша егеді екен.Біз жолыққан Нұрлан Жұмашев басқаратын «Балауса» шаруа қожалығы биыл жиырма гектар жерге көкөніс егіпті.Қожалық басшысыАлмалыдағы үйінің маңына жылыжай салып, күн жылып, топырақ қызған соң отырғызылатын көшеттерді дайындап жатыр. Даладағы бақша маңында да осындай жылыжай бар. Біз көрген кезде көшеттердің алды төртқұлақтана бастапты.

Бағбандықтың бастауынаайналған  «Балауса»

Ел тәуелсіздік алған тұста, яғни1992 жылы «Балауса» шаруашылығын Нұрланның әкесі Абай ақсақал құрған. 2002 жылы әкесі дүниеден озған соң, шаруашылықты Нұрлан жалғастырыпты. Арнайы агрономдық білімі болмаса да, ес білгелі жер еміп, отбасын асырап жүрген жігіт ағасына бұл кәсіп қиындық тудырмапты. Керісінше Нұрланнан үйреніп, «бөлек отау» құрып шыққан жандар көп. Өз інісі Ержан Жұмашевтың «Бота» шаруа қожалығы ағасының қамқорлығыменаяқтанып шықса, осы секілді жиырмаға тарта бағбан Нұрланнан тәлім алыпты. Біржан есімді інісі де осы саланың белді бір мүшесіне айналған.«Балаң күнімізден бойға сіңіріп келе жатқан кәсіп болған соң, арнайы оқуды қажет еткен жоқпыз. Қолымыздан келгенді ізбасар інілерімізге үйретіп, бір-бірімізді қамқорлап жүреміз. Мемлекеттен тиетін жеңілдіктер болса, міндетті түрде пайдаланамыз. Әлем бағбандарының қолы жеткен жақсы жетістіктерді тұрмысымызға, қаражатымызға шақтап, өз игілігімізге пайдалануға тырысамыз. Жақсы нәтижеге қол жеткізсек, айналамызға да соны насихаттаймыз. Өзіміз жыртқан жиырма гектар жердің 4 гектарына картоп, қызанақ және орамжапырақ егіледі. Қалғаны қауын-қарбызға арналған. Көшеттерді 20 сәуірден бастап отырғызамыз. Өздеріңіз көрген өскіндерден басқа, қарбыздың 50 пайызын тұқымдай да егеміз. Алдыңғысы пісіп, жеміс бере бастаған кезде екінші отырғызылғанының өнімі енді келеді. Осылай кезең-кезеңімен сұранысқа сай өнім аламыз. Көбіне егілетіні Еуропа және АҚШ-тың қарбыз тұқымдары», — дейді Нұрлан Абайұлы.

Тамшылатып суару – тиімді тәсіл

Кейіпкеріміз заманауи технологияларды пайдалануда көш бастап тұрмаса да, көптеген жаңа жетістікке қол жеткізіпті. Жаңа құрылғылардың қалтаға соғатын кейбір түрін қолдан да жасап алады екен. Мемлекеттен 15 млн. теңге қаражат алып,2016 жылдан бастап тамшылап суару технологиясына көшіпті. «Төрт-бес жылдан бері пайдаланып келе жатқан бұл тәсілдің арықтан суарудан гөрі тиімді тұстары көп. Айта кетер болсақ, сатып алған жаңа құрылғыларыңның 30 пайызын үкімет субсидияландырады. Одан бөлек еккен бақшаңыздың өнімділігі арта түседі. Бұрын арық суымен суару әдісінде егілген өнімнің 20 пайызын алдын-ала шегеріп тастайтынбыз. Себебі ойыс жердегі жеміс көп ылғалға тұншығып, өспей қалса, дөңес жерге су жетпей, өскін қурап қалатын. Тамшылатып суару үшін жер рельефінің тегістігі маңызды емес. Әр түпке теңбе-тең ылғал жетеді, тиісінше 100 пайыз өнім беріледі деп күтіледі. Арықтан суарғандай, су сарқырап ағып жатпаған соң, жердің құнарлылығына да кеселін тигізбейді.

«Көкөністерді тыңайтқан кезде де бұл тәсіл өте тиімді. Бұрын тыңайтқышты арыққа жіберген кезде, ол барлық түпке біркелкі бармайтын. Тамшылату әдісінде әр түпке тең бөлініп, тиісті мөлшерде жетеді. Бұл тәсіл арқылы арнайы сұйық тыңайтқышты суға араластыратыратын құрылғы (фертигациялау) бір сағатта оның 200 келісін жібере алады. Соңғы жылдары биогумус, биобальзам секілді биологиялық таза белсенді заттарды өз бақшамызда қолданып, сынақтан өткізіп жатырмыз», — дейді Нұрлан. Алайда көптеген шаруашылықтар әлі арық арқылы суару жүйесін пайдаланып отыр екен. Нұрлан Абайұлы болашақта барлығы тамшылап суару жүйесіне көшсе деп армандайды. Жүрген жерінде, әріптестерімен бас қосқанда насихаттап отырады екен. Бұл жүйенің тағы бір ерекшелігі — су көп кетпейді және арамшөп те қаулап өспейді. Арық суы екі сүзгіден өтіп, көшет түбіне тұп-тұнық күйінде жетеді. Тамшы таматын көздің микронмен өлшенетінін ескерсек, осылай болуы керек те. Сонымен қатар  жүйе бір жұма сайын тазаланып тұруы тиіс.

«Кәрістен келген»отбасылық кәсіп

Аудан халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болса, Тайпақ жағындағы округтың тұсында да басты кәсіп осы болатын. Жайық өзенін жағалаған жұрттың ауыл маңына бақша еккені болмаса, кәсіп ретінде шұылданғаны шамалы. Өз ісінен ләззат алып, құмдауытта бақша өсірген ақсақалдар жайлы үлкендерден естіп жүрміз. Алайда, гектарлап егудің жайы бөлек.«Бақша өсіріп, егін егумен ілуде бір қазақ айналысса, батыс өңірдің шөлейттеу жерлерінде бақша өсіруді кім бастады?» деген заңды сұрақ туары сөзсіз. Алғашында тәуелсіздік алған тұстарда кәріс ұлтының азаматтары келіп, Бағырлай каналының бойына бақша өсіреді. Көзін тырнап ашқалы, нәпақасын жерден тауып жүрген еңбекқор ұлттың топыраққа тыққан тұқымы тонналап өнім беретінін жергілікті жұрт көріп жүреді. Шаруаға ыңғайы барлар кәрістерменараласып, бақша өсіру тәсілін меңгере бастайды. Алғашқылардың бірі болып кейіпкеріміздің әкесі Абай да шаруа ұлттан бақша егуді үйренген екен. Кеңес үкіметі кезінде есепші болып, тіпті басшылық лауазымдарда жұмыс жасаған жан болашақта табыс көзі болатын отбасылық кәсіпті осылай бастапты. Бүгінде кенжелері Мейіржан да ағасына көмектесіп, отбасын асырап отыр. «Кішкентайымнан ағама, әкеме ілесіп жүріп, үйренгенім — осы бақша егу. Арнайы жоғары білімім болса да, мамандық бойынша жұмыс жасап көрмеппін. Күн жылынғаннан, суық түскенге дейінгі біздің кәсіп осы. Балаларымызды да осыған баулимыз. Дені сау адамға әрекет қылса, кәсіптің көзі көп. Жастар ерінбеуі керек», — дейді Мейіржан. Ағайынды жігіттердің айтуы бойынша, біздің ауданның жер жағдайы мен климаты қарбыз егуге өте қолайлы екен. Тек суын құйып, жерді уақытылы тыңайтып тұрса, қауын-қарбыз аса бір күтімді қажет етпейді.

Бақша еккенің базынасы бар

Бақша егудің бейнетін айтпағанда, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің де кемшіліктері аз емес көрінеді. Айта кетер болсақ ауыл шаруашылығын субсидияландыру бағдарламасы екі лекке бөлініп жүргізілетін болса, бағбандар тек соның соңғысына ілігеді. Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, кей жылдары тиесілі көмек қаражат қолдарына түспей, келер жылда алып жүрген кездер де болыпты. «Тамшылатып суаруға алынған құрылғылардың кейбір түріне (шланг, насос, тамшылату лентасы) жұмсалған қаражатының 30 пайызы кері қайтарылады. Ол да үлкен көмек. Ол үшін үкімітке алғысымыз шексіз. Алайда, бір қолайсыз жері, субсияландырмас бұрын тексеретін комиссия мүшелері жылдың соңында, барлық құрылғыны жинап, бақшаны тазалап тастаған кездекеледі. Комиссияға көрсету үшін шланглер мен ленталарды қайтадан құрып, бейнеттенетінің тағы бар.Өткен 2019 жылдың субсидиясы әлі қолыма тиген жоқ. Жақында тиеді деп жүргенде, елде мынандай жағдай орын алды. Бұл мәселеге де түсіністікпен қарау керек. Жуық маңда қаражат түседі деп отырмыз», — дейді Нұрлан.

Биылғы төтенше жағдайға байланысты жұмысты тоқтатып, үйде отырып қалған кездер болғаны рас. Жер жыртып бастап жатырған кезде жұмысшыларды үйге қайтаруға мәжбүр болған шаруа жігіт уақыттан ұтылғанын айтады. Абырой болғанда, биыл көктемнің ерте шығуына байланысты жылдағы мерзімде тұқым сеуіп бітіруді жоспарлап отыр. Науқан басталған кезде колледждің 6 студенті практикаға келген екен, төтенше жағдай басталысымен, олар да үйлеріне қайтарылған. Осындай азын-шоғын келеңсіздік орын алғаны болмаса, шаруалар тас-түйін дайын.

Бұл салада маман тапшы

Жалпы ауыл шаруашылығының қай саласына барсаңыз да, ағайын-тума, жақын-жуық селбесіп қана кәсіп етеді. Аудандардағы колледждерден кәсіптік білім алып, мамандығы бойынша шағын, орта бизнес өкілдеріне қызмет ететіні ілуде біреу. Біздің кейіпкеріміз де механизатор тапшылығы күйіп тұрған тақырып екенін тілге тиек етті.Алмалы ауылынан аталмыш мамандық бойынша білім алып жатқан ешкім жоқ екен. Ересек, тәжірибелі механизаторлар вахталық әдіспен қызмет етеді. Шет ел фирмаларының жалақысы да жоғары, демалысы да көп. Отандық орта кәсіп қолда бармен қармануға мәжбүр. Кәсіптік орта білім алып шыққан жастардың да күн астында жер жыртуға құлықсыз екені рас. Осы орайда «студенттердің практикадан өту жолын өзгертіп, жаңа бағдарламалар жасалса» деген ой келеді. «Балауса» шаруа қожалығында көктемгі жұмыстармен алты адам айналысып жүрсе, оның төртеуі ауылдас, көрші-көлем де, екеуі өз інісі. Аспаз да ауылдасы. Маусымдық жұмыс үшін күніне әр жұмысшыға 3 мың теңге төленсе, механизатолрға 4 мың теңге беріледі екен.

Қалай десек те, ауылшаруашылығының бұл түріне аса қатты көңіл бөліп, тәй-тәй басқан кәсіпкерлердің төрт тағанына нық тұруына нақты жобалар қажет.Сонымен қатар жас мамандық иелерін машықтандыру үшін мемлекеттен қосымша қаражат бөлінсе, артық етпес еді. Студенттер де жаңа кәсіпке жатығып, қызығушылықтары арта түсер ме еді? Әйтпесе тракторға тақымы тимеген қаншама механизатордың куәлігі кебеженің түбінде қурап жатқаны өздеріне аян.

Жас кәсіпкерге жеңілдік керек

«Кез-келген бизнес иесіәрқашан жанындағы әріптестерімен достық қарым-қатынас орнатып, ізбасарларына қолғабыс білдіруі тиіс» деп есептейді кейіпкеріміз. Бағбандықпен айналысып жүрген жастардың қатары да аз емес екен. «Солардың барлығы замана игілігін пайдаланып, тамшылатып суару әдісіне көшсе» деген тілегі де жоқ емес.

Кәсіптің бұл түріне жаңадан қызығушылық танытып жүргендер де көп көрінеді. Алайда бірісті бастау үшін жастарға материалдық тұрғыдан демеу қажет-ақ.Ал, тамшылап суару құрылғысымен бақшаны толық жабдықтау үшін арнайы дайындалып, өз қалтаңыздан қыруар қаражат салу керек. Осы орайда мемлекеттен бөлінетін субсидия көлемі 50 пайызға көбейтіліп, кәсіпті бастауға кеткен қаражаттың жартысы кері қайтарылса деген тілегі бар кәсіби бағбанның. Мысал үшін,қарапайым су соратын насостың өзі 9 млн. теңгенің көлемінде болса, су тазалайтын үлкен фильтрдің бағасы 4 млн. теңге тұрады. Өз идеясын жүзеге асырмақ болып, бар инвестициясын бақшаға саламын деп шешкен жас кәсіпкер тәуекелге баруы үшін мемлекет көмек білдіргені дұрыс секілді.

Әрине, қазіргі таңда да мемлекет тарапынан көптеген көмек көрсетіліп жатыр. Алайда «ә дегеннен» аяққа тұрып,тірлігін тас-түйін дөңгелетіп әкету үшін біраз кедергілердің болары рас. Тіпті кейде әржыл сайын ойнақшып тұратын көкөніс бағасы да кедергі келтіруі мүмкін. Бағаның түсуінен зардап шеккен кейбір кәсіпкерлер қайтадан бақша салуға жүрегі дауаламай жүрген көрінеді. Ауыл шаруашылығының дамуына жауапты іргелі мекемелер осы жайттарды ескеріп, жаңа жоба жасақтап, бағбандықты одан сайын дамытса, нұр үстіне нұр болар еді.

Базар жоқ

Көкөніс бағасы туралы сөз басталса, бағбандардың «жанды жеріне» тиеді. Олай дейтін себебіміз, облыс аумағында көкөністердің көтерме және бөлшек саудасына арналған арнайы орын аз. Аз емес, тіпті жоқтың қасы. Бақша піскен кезде облыс орталығынан арнайы бір орын белгіленіп, ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады, әрине. Алайда, бау-бақша өнімі жаппай піскен кезде, бұл жәрмеңке де аздық етеді. Қала көшесін жауып, сауда-саттық алаңын ұйымдастыру қанша машақат екені айтпаса да, түсінікті болар. Өңір халқын керек-жарақ, азық-түлікпен қамтып отырған үлкен базарлардың өзінде тонналап қарбыз-қауын сату қиындық тудырады екен. Көршілес Атырау облысында бұл жағынан аса қатты келеңсіздік туындамайды. Себебі үш бірдей базар жұмыс жасайды, бірақ, бірінші кезекте, өз бағбандарын «төрге оздырады». Жергілікті өнім тегіс сатылып бітпейінше, бұл жақта да орын үшін айқасуға тура келеді екен.

Аудандарда өткізетін жәрмеңкелер өздері үшін үлкен көмек екенін айтады бағбандар. Апта сайын ауыл тұрғындарына тонналап көкөніс сатып жүретін жігіттер жәрмеңке жалғасын тауып қана қоймай, маусымында үздіксіз жұмыс жасаса да, қарсы емес. Аптаның сенбі, жексенбі күндері ғана ашылатын жәрмеңке аздық ететін көрінеді. Жер емген шаруалар жәрмеңке биыл жұма күні деөткізілсе деген ниеттерін байқатты.

Су болса, ну болады!

Канал жағалай көкөніс еккен жандардың көксейтіні — көктемде судың мол келуі. Өткен жылдары судың тапшылығынан егін алабы ғана емес, түгел ауыл шаруашылығының қиындық көргені баршаға мәлім. Бағбандардың әңгімесінен «биылғы жағдай қалай болар екен» деген күдік байқалады. Бұл жағдай аудан басшылығын да алаңдатып жүрген мәселе екенін айта кету керек. Халықпен өткен кездесулерде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бұл мәселенің күн тәртібінен түспейтінін айтып жүр. Аудан басшысы жұмыс сапары барысында су шаруашылығы мамандарымен жүздескені жайлы пікірін фейсбук парақшасында жазған болатын. Оқырмандармен бөлісуді біз де жөн санадық.

Аудан басшысы өз постында «Жылдан жылға күрделеніп келе жатырған мәселелердің бірі — судың тапшылығы екендігі белгілі. Осыған дейін есепті кездесулерде, жиындарда биыл басшылық тарапынан Ресей мемлекетімен арада келісім жасалғанын, Жайық өзеніне су жіберілетіндігі жөнінде айтқан болатынмын. Қазіргі уақытта Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп келеді. Былтырғы деңгейден асады деп күтілуде. Біз үшін өзен суының көтерілуінің маңыздылығы ең алдымен аудан аумағында орналасқан су қоймаларын сумен толтыру. Былтыр Жайық өзенінің деңгейі айтарлықтай төмен болғандықтан су қоймаларында су аз қалған болатын (Киров – 40 %, Бітік – 15 %, Дөнгелек — 30% ).

Кеше ғана су шаруашылығы мамандарымен осы су қоймаларын және шаруашылықтарға су жіберілетін каналдарды аралап шықтым. Өзен суының көтерілгенімен су қоймаларының су көлемі әлі де былтырғы деңгейге жеткен жоқ. Аудан орталығын техникалық сумен қамту мен шаруашылықтарға су жеткізу де осы су қоймаларының деңгейіне байланысты.

Сонымен қатар аудан орталығының тұрғындарымен кездесулерде көтерген өзекті мәселелерінің бірі — арық жүйесін сумен қамту. Былтыр арықтағы судың тапшылығынан тұрғындар ауладағы бау-бақшаларына ауыз суды пайдаланғандықтан жаз – күз айларында ауыз су тапшылығы да сезілген болатын. Биыл біз 1 мамырға дейін техникалық суды жіберуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі ахуалға орай сенбіліктер де өткізілмегендіктен, әр тұрғын өз көше бойындағы арықтарды тазалауын ұйымдастыруды сұраймын», — дейді.

Біз де мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс су мәселесі оң нәтиже беріп, Жайық тасып, Бағырлай, Тайпақ каналдары кемерінен асып, бағбандардың тілегі орындалса екен дейміз.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суреттерді түсірген автор