24.04.2020, 11:33
Қараулар: 101
Ақынның жүрегін жыр кернейді

Ақынның жүрегін жыр кернейді

Заман тынысын дөп басып, оқырманын селт еткізер жігерлі, кейде жанарыңа жас іркілтіп, кейде өзегіңді өртердей жырларымен баршаны баураған Сағынтай Бисенғалиевтің есімін Ақжайықта білмейтіндер кемде-кем. Киелі Жайықтың перзенті,  Жұбан, Сағынғалидың ізбасары, дархан мінез ақынның өлеңнің көш керуеніне дүлдүлдей дүбірлі жырларымен келіп қосылғанына да 30 жылға тап қалыпты.

Өлеңнен өмір іздеп, көксегенін тапқан Сағынтай ақынның кітапқұмарлығы, өлеңге әуестігі балалық шағынан бастау алыпты. Ата-анасы ауылдан жырақта қой бағып, ұжымшардың қым-қуыт тірлігінен бір ажырамаған жандар. Дегенмен, рухани қазынаны материалдық құндылықтардан жоғары бағалаған олар орталықтан кітап, газет-журналдар алдыртып тұрыпты. 5 жасында-ақ әріп танып, оқып-жазып үйренген ұл сауатын жыр жолдарымен ашады. Мектеп жасында қазақ, орыс және шетел әдебиетінің үздік туындыларымен танысуы туа бітті дарынын одан сайын шыңдай түсті. Тынбас ізденістің арқасында тілдің, әдебиеттің ішкі-сыртқы иірімдеріне қанықты, өлке тарихын да зерделеп, аузы дуалы ата-әжелердің әңгімелерімен өсіп-жетілді.

Ол  —  20 жылға жуық маңдайын күнге қақтатып, тракторды тақымына қысқан үздік механизатор. Ақын-журналистер қауымы арасында сондықтан «Қадырқұлдың тракторшы ақыны» атанды да. «Теміл тұлпарды тізгіндеген, ертелі кеш күйбең тірлікпен жүргенде өлеңмен оңаша қала алмағаным осыдан», — дейді ақынның өзі өлең керуеніне кеш қосылғандығы турасында. Бірақ бойда дарын болса, ол әйтеуір бір күні жарыққа шығары рас. 90- жылдардың басында ең алғаш ауылдастары, ағайындары, қалың көрермен Сағынтай Бисенғалиевті айтыс сахнасынан көрді. Өнердің киесін сыйлағандығы болар, бала кезінен жыр әлеміне қанат сермесе де, өлеңдерін жанға көрсетпей, өзі де көрінбей жүрген ақынға алғаш «айтысқа шық» деп, қолқа салғанда, ат тонын ала қашқаны да бар. Әйткенмен, өлеңнің киесі тек қойсын ба, бойындағы шалқар шабыт, ерекше құштарлық,  құлшыныс, алапат ағыммен айтысқан 33 жасар жерлесіміз қай-қай айтыстан  жүлдесіз оралған жоқ. Республикамызды шарлап, айтыстың ақжелкенінде талай мәрте абыройы көтерілді.

Қай кезде де келешегіне оптимистік көзқараспен зер салған ақынның шығармашылығында енді жаңа кезең басталды.

Жылытып жанды жыр-жалын,

Тыңдадым уақыт ырғағын.

Жібімей тоңы заманның,

Кеш келді көктем –жырларым, — деп басталған алғашқы «Кешігіп келген көктем» атты өлеңдер жинағы 2000 жылы – Мәдениетті қолдау жылы баспадан жарық көрді. Жаны жақсының қасында әрдайым қолдаушысы көп болар, аудан әкімдігінің қолдауына ие болған бұл жинақтың тұсаукесерінде өңірімізге танымал Қатимолла Бердіғалиев, Мэлс Қосымбаев сынды белді ақындардың басы қосылып, үлкен шара өткізілді.

Тура 10 жылдан кейін өңірімізде Жұбан жылы атауымен өткізілген жылы ақын баспадан «Жадырап жеткен жаз», ал 2017 жылы «Күрең күз» атты жинақтарын шығарды. Соныдан соқпақ іздеп, оқырманын өзімен сырлас, мұңдас ете алған ақын бұл жинақта шығармашылық жолының кемел шағын жыр етеді. Эпиграмма, пародия сынды қысқа жанрлардағы туындыларын ұштай түсіп, аудармашылық қабілетін де байқатады. Жинақтарға жергілікті сазгерлермен бірлесе жазған әндері де енген. Өлеңдері болса, оқырмандарымен сырласа, ой қата отырып, сезімнің тереңіне, көңілдің жауһарына амалсыз елітеді, өлеңнің құдіретіне нық сендіреді. Ішкі түйсікпен зерделенген, сөз шеберінің сыры өлеңмен ақтарылған ақын шығармашылығы оқырмандардың ықыласына бөленгені анық.

Қос жинақтың да тұсаукесерінде елімізге танымал ақындар, өлең жанашырлары жиналып, жүрек сырын жырмен өрнектеген, жан жылуын жырымен аялаған ақынның шығармашылығы, әдеби әлемі туралы толымды ой, тұшымды пікір ортаға салынды. Ұланғайыр ұлы елдің кешегісі мен бүгінін арқау еткен, туған жердің тектілерін түгендеген өлеңдердің, ақынның сөзіне жазылған әндердің әлі де жаңа туындылармен жалғасары кәміл. Сағынтай Бисенғалиевтің жергілікті сазгерлермен бірлесе жазған «Бойтұмар»,  «Жұбан елі», «Ақжайық-әсем әнімсің» әндері халық арасында кең таралғанын айта кету керек.

Бүгінде Сағынтай Бисенғалиев Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде қызмет етуде. Пайғамбар жасына жетсе де, елгезектігінен, қарапайымдылығынан бір ажырамаған ақын талай мәдени шаралардың ұйытқысы, идеяшысы.  Ағамыздың  қазір де ойға алған асыл мұраттары  аз емес. Өз өлкеңді өзгеден бұрын біл деген, туған жерінің тарихын зерттеп, өлкенің інжу шежірелері, қазына қарттардың сырларын қағаз бетіне түсіріп жүр.  Орталық кітапхана жанынан ашылған «Муза» шығармашыл оқырмандар отауын ашты. Ауыл-ауылды аралап, иненің жасуындай ұшқын көрсе, соның бағын асыруды мақсат тұтқан бұл отауда 200-ден астам жас талант өнерлерін шыңдап, ақын ағаның тәлімді сабағынан сусындауда. Ауданымызда өтіп жатқан шаралардан ұстазы да, шәкірттері де қалыс қалып жатқан жоқ. Жұбан, Ілия, Ақұштап сынды сөз зергерлерінің шығармашылығына арналған кештерге «Музалықтар» асқан белсенділікпен қатысады. Талай ауқымды шаралардың мән-маңыздысында көкірегі қазына ақынның да, оның тәлімгерлерінің де үлесі салмақты.

Қазақстан Ақын-Жыршылар одағының мүшесі, «Қадір Мырза Әлі» медалінің иегері Сағынтай Бисенғалиев бүгінде елге үлгі болған жанұяның отағасы. Жұбайы Асылғаным екеуі Әсет, Аян, Айбек, Айнабек есімді төрт ұл тәрбиелеп өсірді. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» демекші», үлкен ұлы Әсет пен сүткенжесі Айнабек облыстық, республикалық айтыс додаларында алдына жан салмай, әке жолын жалғастыруда.

Шалқалау ғой бір арманы бүкірдің,

Нүкте емеспін, жалғасы бар үтірмін.

Жалғыз тал ем, тамыр жайып көктедім,

Ұрпақ аман, елім тыныш, шүкірмін, —  деп ақынның өзі жырлағандай, оның жүрегінің жалғасы іспеттес  немерелері Ғазиза мен Айзат, Самғаты, Айсәуле, Айхан, Гүлхан, Гүлзат, Айбын, Гүлмерей мен Айбейнесі – ата-әжесінің көзқуанышы.

Ақтарыла сыр айтып, Ақжайық  жұртын өлеңдетіп, елеңдетіп қойған бала көңіл ақынға жырларыңыздың жылуымен баршаны жылыта беруін тілейміз. Сіз қалай туған, өскен жерiңді ыстық ықылас, ынтық жүрекпен жырласаңыз, еліңіз шабытты жырыңызға, көркем сөзiңізге соншалықты ынтық.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар