24.04.2020, 11:36
Қараулар: 73
«Музаның» мұзбалақтары

«Музаның» мұзбалақтары

Ораза айт мерекесіне

Уа, халқым ораза айы келді міне,

Ұлы айдың қасиетін сездіңіз бе?

Бұл айдың сауабы мол қарамайды ол,

Қоғамының бай мен кедей -кепшігіне.

Хош жұртым құтты болсын ораза айың,

Күнің жақсы оңынан тусын айың.

Қаптарды сауаптарға толтырайық,

Тынбай ұшып бал жиған арадайын!

Иман қыл, намаз оқы, нәпсіні тый,

Қасыңа тақуа мен мүминді жый.

Сада бер, жетімнің қарнын тойдыр,

Алладан азда болса алып қал сый!

Шын ниетпен Алладан кешірім сұра,

Жүрегіңмен егіле қылып дұға

Құлшылық қыл, сәждеге басыңды ій,

Алмасаң да сақабаның жолын қуа.

Марат Мулюков,

Жайық қызы

Сен Жайыққа айт, ақын қыз келеді де,

Өлең жазытпақ көйлек желегіне.

Сағынышы басылмай жүр дегейсің,

Құлаш ұрып қайтпаса тереңіне.

(А. Бақтыгерееваға)

Ел деп еңірер запыран құсса замана,

Текті шайырды толғата бермес әр ана.

Толқыны тынып, жуасып қалса Жайығы,

Шарқұрып жетер Алатаудан ақ Шағала!

Шөлдесе дала айналып дереу тамшыға,

Балбұлақ жырын бағыштар туған халқына.

Жырына арқау аяулы ақын Төлештің,

Оралар қайта «Жайықтан ұшқан қаршыға»!

Жайықта тудың «Мен Қазақ» — деген ұранбыз,

Мезгілсіз кетті – ау, қалды ма – десе – Жұбанда із?

Басқа емес, бірден ойына оралар алаштың,

Алқада ардың сөзін айта алар қыран – қыз!

Жайыққа келсе, ел мұңын айтар дана қыз,

(Дархан даланың даналарынан қалады із)

Нәрестесімен  нәзік жыр кезек оянып,

Шербет ұйқысын сегізге бөлген ана – қыз!

Болсам мен егер мүсінші яки зергерің,

Анық – ты ана бейнесін жасап терлерім.

Ана – ақындарға алып ескерткіш қашар ем,

Жыр дәптер қылған сәбидің жұпар жөргегін.

Арлан емізген асылдың  сойы – апажан,

Ғұмырлы болшы, Лұқпандай мың жасаған,

Дәру жыр — әнің, Ару – Жұбаным аман жүр,

Найсап нәмәрттар тас атпағай, тек, тасадан!

Нұрлыбек Сабырғалиев

 

Ащы ақиқат немесе Жайық жанашырларына

Саған арнап талай дүлділ ән бұлағын ағытқан,

Талай дүлділ домбырамен әсем күйлер қағытқан.

Өзің жылап жатқаныңмен өзгелерді жұбаттың,

Ақындар да өлең төккен сен сыйлаған шабыттан.

Сағындырған сұлу бейнең көз алдымда бұлдырап,

Саған келсем жаным ашып, көңілім де мұңдырақ.

Түбің таяз боп барады, толқыныңда тыныштық,

Көз алдымда, Ақ Жайығым, кеткенің бе құлдырап?!

Құрғақшылық белең алып, өртенді рас, көп ағаш,

Балықтар да сиреді әбден, бұған көбі сене алмас.

Құлап жатыр жағаңа кеп опырылып жартастар,

Тұрып қалған кемелерді көріп тұрмын мен алғаш.

Орта жаққа барып қалған кей жерлерде құмы шын,

Тоқтатып тұр суда жүзген көліктердің жұмысын.

Су сұрап тұр, көріненнен су сұрап тұр «үлкен су»,

Ащы ақиқат десем болар Ақ Жайықтың тынысын.

Қалаймын мен болашақта ақ таңыңның атқанын,

Өлгендігің болсыншы тек, қыста мұз боп қатқаның.

Соңғы жылдар жасыңменен молайтасың суыңды,

Жегідей жеп пәк жанымды Жайық жылап жатқаның.

Айдыныңда ойнақтасын неше түрлі зор балық,

О, адамдар, Ақ Жайықты қорғаштайық, тұрмалық!

Өз арнаңнан тасып жатшы ерке өзен еркелеп,

Азап тартқан осы бейнең мәңгілікке жоғалып.

Біржан Кухаев

Ілбішін менің мекенім

О, менің туған мекенім,

Санамда тұрсың сағым боп,

Сезімді билеп сартап қып,

Өзіңнен ғана нәр таттық.

Өзіңнен ғана бал таттық.

Көңілде қалдың қалпыңмен,

Көліңде айна жарқырап,

Көгіңде шұбап шарқат бұлт.

Ей менің балғын дәуренім,

Дәуренім менің ән бе едің,

Келмеске мәңгі кеттіңдер,

Өттіңдер, әттең, өттіңдер

Өзекті өртеген өрт күндер,

Көңілге әлі көзайым,

Көк инелігің көлбеңдеп,

Көбелек қонған көк гүлдер.

Қайранда менің ауылым,

Перзентіңді кеше көр,

Іргемді кетсем аулақ сап,

Есіме түссе шәрбат шақ,

Жараның аузы қан қақсап,

Есімде бәрі есімде,

Ұйытқыған дауыл, шақдақ сәт.

Қара сирақтар қалыспай,

Қара судың да қоймаушы ек,

Қара балығына қармақ сап.

Алтын тағымсың, ауылым,

Мәңгі отырмаққа жамбастап.

Жасап жүр ақын патшаң қам.

Тарихын тыңдап тастардан,

Мен едім тағың басқан хан.

Ардақтаудан да жасқанбан,

Алапат келмей аспаннан.

Бақ мекенімсің басты ордам,

Бақыт әуенін естимін,

Бұлбұлсыз анау бақшаңнан.

Іргелі елім, Ілбішін,

Ірілер туған жерімсің,

Ібіліс сөкпес іргеңді.

Ұлдарың сенің атаңдай,

Қылықты қызың үр мүсін.

Тәуірлеу, тәубә, тұрмысың.

Мен едім сүйген бір кісің,

Қайырылып келер жыл құсың.

Қаленов Бекболат