24.04.2020, 11:38
Қараулар: 171
Қараңғы түннен кейін жарық күн шығады

Қараңғы түннен кейін жарық күн шығады

Төтенше жағдай жарияланып, көшеде адамдардың легі азайғанымен, дүниенің тіршілігі бір сәтке де тоқтаған  емес. Дүкеннен керек азық-түлігімді алып болғаным сол еді, артымнан «Ассалаумағалейкум» деп бір кісі келіп, ол да қажет заттарын алып, саудаға кірісіп кетті. Есімін білмесем де, жүзі таныс адам, қолын алып амандасып, кете бардым. Келесі күні жайсыз хабар келіп, сол азаматтың қайтыс болғанын естідім. Ия, кеше көзіммен көрген адамның бүгін жоқ екенін, біз қай тіршілік иесі болмасын, түбінде бір құдайға қайтатынын тағы бір еске салды.

Кейін естиміз ғой, бұл азаматқа өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркеліп, тергеу жұмыстары басталып кетіпті.  Ара тұра мешітке келіп, құлшылық қылып, иық тіресіп, жамағатпен сапқа тұрып, намазын атқарып жүрген діндар азаматтың кенеттен мұндай қадамға баруы кім-кімді болмасын, ойландырары анық…. Адамның ойы жүйрік, санамды сан мыңдаған ой мазалайды..

«Ақиқат жалғыз, қалғанының барлығы адасушылық» дейтін болсақ, әр адам өзінің жүрген жолын, істеген іс әрекетін ақиқат деп біледі. Кімнің қандай жолда жүретіні, қандай жолды ұстанатыны тек өзіне ғана аян. Бірақ сол жүрген жолының қаншалықты дұрыс екеніне көбі көз жеткізе бермейді. Кейбір жандардың дұрыс насихаттамауы салдарынан «Жұма күні қайтыс болған адам-жаннаттық» дегенді естіп, дәл жұма күні өз-өзіне қол жұмасағандары да бар.

«Адам өзінің досының дінінде» деген Пайғамбарымыздың сөзін алар болсақ, бүгінгі ғылым осы мәтіннің астарындағы мағынаға  тағы бір көз жеткізіп отыр. Кез келген адам жақын туыстары немесе ата-анасының сөзіне қарағанда, 85 пайыз досының сөзіне құлақ асады екен. Араласатын ортаның, жақын достарының ықпалы басымырақ болады.

Отбасылық , дүниелік мәселе, тағысын тағы, осының барлығы айналып келгенде тығырыққа тіреп, адамның жанын жегідей жеп, ашу үстінде шешім қабылдап, өз өзіне қол жұмсауға итермелейді. Алайда келеңсіздіктен құтылудың жолы бұл емес, бұлай жасау шариғатымызда  харам делінген, себебі жанды беруші бір құдай, оны алушы да бір құдай.

Қолымыздағы барлық нәрсенің, тіпті бойымызды, түр келбетімізді өзіміз таңдап алған жоқпыз, солай қылып  жаратқан бір Алланың өзі. Көңілге ұнамды етіп жасап алуға адамның еш қауқары жоқ.. Адамның шынайы түрде құдайдың құлы екенін дұрыс түсініп, қабылдаса ғана бақытты өмір сүреді. Ал, адамға Аллаға құл болып өтуден асқан бақыт жоқ.

Осы бір тұста мешіттегі имамдардың мына бір сөздері ойға оралады: «Өз өзіне қол жұмсаған адамның жаназасын қатардағы намазхан адамдар шығарады, имамдар жаназасын шығармайды!»

Кейбір аймақтарда халыққа бұл жек көрінішті амал екенін көрсету мақсатында мұндай адамдардың қабірін бөлек жерлеген. Қорыта келе айтарым, өзіне қол жұмсау тығырықтан шығар жол емес. Мұндай қадамға адам үмітсіздіктен, мақсатсыздықтан, келешекке сенімсіздіктен барады. Ал иманды жан, жүрегі бай адам қашанда бұл дерттен аулақ болады. Әр қараңғы күн, әр қиыншылықтан кейін бір жеңілдіктің бар екенін ұмытпайық!

Руслан НҰРҒАЛИЕВ

«Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар