24.04.2020, 11:40
Қараулар: 54
Рухани қазына уақытпен үндесуі керек

Рухани қазына уақытпен үндесуі керек

«Жайық таңы» газетінің 2020 жылғы 6 наурыз күнгі №9 санындағы Рауан Таңатжанұлының «Тойымызды кім басқарып жүр?!» мақаласын оқып, ойлана келе, мен де өз ойымды ортаға салғанды жөн көрдім.

Біздің жас кезіміздегі тоймен қазіргі тойдың айырмашылығы жер мен көктей. Олай дейтін себебім, біріншіден, дастарханды ауылға сыйлы, көпке сөзі өтетін, әрі жиын-тойдың түріне қарай ыңғайын білетін ағалар басқаратын еді. Екіншіден, шақырылған қонақ қанша шаруалары болса да, «ұят болады» деп тойға уақытында кешікпей келетін. Яғни, 8-де келіп, 12-де тарайды. Қазір 8-ге шақырса 10-да, кейбіреулері 11-де келіп жатады. Сөйтіп той 11-де басталып, 2-3-те аяқталады. «Бұқаға туған күн, баспаққа да туады» демекші, бұндай жағдай әр үйде орын алуы мүмкін. Келін түсіру тойы болса, бір сағат келінді аяғынан тік тұрғызып, иілдіріп-бүгілдіріп, ата-енесінен бастап, көрші-көлемге дейін сәлем бергізіп, ақша жинайды. Шынына келгенде, келін ол кісілердің кім екенін көрмейді де, білмейді де.

Осы кезде фотографтар да фотоға түсіріп, пайда тауып, той сауда орнына айналады. Содан кейін тілек айту басталады. Сөз алған топ бастан аяқ бәрі бір тілекті қайталап айтып шығады. Іле-шала тамақтарын жүре ішіп, биге көшеді, залдың ішін айқай-шу, ащы музыка даусы кернейді. Кейде «қайдан келдімге» қаласың. Тойдан шыққанда басың мең-зең боп, құлағың шуылға толы үйіңе әрең жетесің.

Бұрын той басталғаннан кейін тілек айтқанда бір топтан бір кісі сөйлеп, қалғандары қосылатын. Артынан бір өнерлісі немесе сол топ өлең айтатын. Тілек айту арасында дастарқан-дастарқан (стол) болып, өлең  айтатын. Жақсы өлең айтқан топқа сыйлық беретін. Тойға келерде әрбір адам, не жұп өлең әзірлеп келетін. Өлең айтып, көңілді жүрсе, денсаулық та жақсы болады демей ме? Тойдан шыққанда үйге жеткенше өлең айтып, демалып қайтатын.

Ал, беташарға келсек, оны да ауылға сыйлы, осы жоралғының мәнін білетін кісі ашатын. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жас келіннің бетін ашу үшін тойға сойған қойдың терісін төсеп, оның үстіне келінді тұрғызатын. Басына ақ шарқат жауып, бір ұшына қамшы байлап, қамшыны ұстап тұрып, келінді ата-енесі мен таныстырып, содан кейін келінге үгіт-өсиет айтады.

Мысалы:

Ақ келін-ау, ақ келін,

Сауысқаннан сақ келін,

Келін-келін келіп тұр.

Ата-енеге, барша тойшы қауымға

Сәлемін беріп тұр, — деп өсиет айтады.

Өзің жатып байыңа

Тұр-тұлама келіншек.

Дорба аузы бос жатыр деп

Құрт ұрлама, келіншек

т.б. айта келіп, келін бетін қамшымен ашатын еді.

Терінің үстіне тұрғызу — қойдың жүніндей көпшіл, денсаулығы мықты болсын дегені. Ақ шарқат жапқаны — адал, ақжарқын, бақытты болсын дегендей. Қамшымен бетін ашу бәле-жәле, жын-шайтан аулақ (болсын) жүрсін, тату-тәтті өмір сүрсін дегені еді.

Әркім «заманына қарай амалы» дейтін шығар. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұрынғы салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды қайта жаңғыртуға үндеген болатын. Той басқарған асабалар осыны ескеріп, ұлттық мүддемен үндесетін бір мәмілеге келсе дегім келеді. Жаңаша өзгеріс енгізе отырып, әдет-ғұрпымызды да ұмытпайық.

Жігербай ҚАЖҒАЛИЕВ,

ауданның Құрметті азаматы