24.04.2020, 11:41
Қараулар: 63
Мәдениет және онлайн

Мәдениет және онлайн

Мәдениет ұлттың рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Расында да, әрбір ұлттың ұлылығы,  ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен айшықталады емес пе. Індет қауіп төндіріп, көпшілік үйге оқшаулануға мәжбүр болған осындай кезеңде барлық шаралар тоқтап, мәдениет шаңырақтары бос қалғаны аян. Дегенмен ауданның өнер қызметкерлері тығырықтан жол тауып, көрерменге әлеуметтік желі арқылы жол салыпты.  

«Онлайн формат — баршаға оңтайлы жүйе.  Оның тиімділігі біздің салада анық байқалады. Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік желіде 138 онлайн түрдегі шаралар ұйымдастырылды. Аталған шараларға 13627 көрермен қамтылып, оң пікірлерін білдірді», дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Ермұханов.

Атап айтар болсақ, мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлері ұйымдастыруымен күн сайын өтетін «Online Dombyra» трансляциясында аудан-облысқа танымал күйші, дәстүрлі әншілер ұлттық өнеріміздің жауһарларын көрерменіне паш етсе, ұлттық қолөнерді насихаттау мақсатында «Онлайн — көрме» және Абай Құнанбайұлының 175 жыл мерейтойы, Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойы аясында «Бейне оқу» онлайн челленджі жастардың арасында қолдау тапты.

Сондай-ақ, әлеуметтік желі қолданушылары бір-біріне «Бір күйдің тарихы», «Бірге шынығайық!» «Менің репертуарымдағы бір ән»  эстафеталарын жолдап, ғаламтордың кеңістігін шарлауда. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған түрлі сайыстарға да көпшілік белсенді қатысып жүр. Бірі соғыстың зұлматын жырға қосса, енді бірі соғыс жылдарындағы әндер шырқап бақ сынады. Соғыс тақырыбын туындыларына арқау еткен қылқалам шеберлерінің көрмесі де көпшіліктің ықыласына бөленді.

«Біз біргеміз» акциясы деп ұрандатқан аудандық мәдени – демалыс орталығы өнерпаздары «Бірге болайық бәріміз!» әнін «Елге келген қиындықты бірге еңсерейік» деген  ниетпен жолдар,  әлеуметтік желіде халыққа сын-қатерге қарсы тұрар күш әрине, бірлік, ұғыныстық екенін ұғындырып, сабырға шақырғаны да көңілге сенім ұялатады.

Тізе берсең, аудан өнерпаздарының төрт қабырғада оқшауланған халықтың рухын көтеру үшін атқарған жұмыстары жеткілікті. Игі іске мәдениет саласының қызметкерлерінен өзге түрлі үйірмелерде тәлім алған балдырғандар да, жасөспірімдер де өз үлестерін қосуда. Интернеттің қыр-сырын жетік меңгерген олар елдегі жақсылықтармен де бөлісіп, үйде бос уақытты тиімді өткізу жөнінде дәрістер өткізсе, ата-әжелер немерелеріне айтқан ертегілерін де өз парақшаларына жүктеп, көпке жария еткені – ұрпақ сабақтастығының тіні үзілмей, ұлттық құндылықтарымыздың жалғасарына кәміл сендіреді. Мәдениет мамандарының жұртшылыққа тек рухани қолдау білдіріп қана қоймай, мұқтаж жандарға бетперде тігіп, жағдайы төмен отбасыларына азық түлік таратқаны да көпке үлгі.

Ел басына күн туған кезде қол қусырып отырмай, тығырықтан шығудың жолын ойластырып, оны іске асыру әрбір жанның азаматтық борышы деп түсінген мәдениет қызметкерлерінің онлайн кеңістікті игеріп, баға жетпес құндылықтарды насихаттаған игі істеріне тамсана, алғыс айтамыз.

Әсем ЕСБЕК

«Жайық таңы»