4.05.2020, 9:15
Қараулар: 53
Ақын пайғамбар жасында

Ақын пайғамбар жасында

Өткен аптаның аяғында Қазақстан Республикасының Ақын-жыршылар одағының мүшесі, «Қадыр Мырза Әлі» медалінің иегері Сағынтай Бисенғалиевтың зейнет жасына толуына орай, аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қаламгерді жұбайымен бірге қабылдады. «Ақжайық өңірі ғана емес, алыс-жақын облыстардағы жыр сүйер қауымның сүйсініп оқыр авторына айналғаныңызға көпшілік куә. Табиғи, тентек мінезге сай ұйқастармен айтыс сүйер жерлестеріңіздің де жадында жаңғырып жүрсіз. Өлеңнен хабары бар ортаға енсек, «Сағынтай айтқан екен» деген өткір шумақтарды құлағымыз шалып жүреді. Бұл да қарапайым халықтың сізге берген зор бағасы. Ақжайық халқы сізді жыр биігінің ақиығы Жұбан ақынның жалғасы, қазақы мінездің сарқыты деп біледі. Өмір жолыңызда талай жастың өнерге, өлеңге деген құлшынысын оятып, рухани ұстазы бола білдіңіз. Зейнет жасына жеткенмен, ауданның рухани тынысы мен қоғамдық өмірінен қол үзбей, болашақ үшін әлі де бірге еңбек етерімізге сенемін. Карантин жағдайына байланысты үлкен шара ұйымдастыра алмасақ та, кеселді жеңіп, ел тынышталған соң, сіздің жасыңызды лайықты  атап өтетін боламыз», — деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, Ақжайық халқы атынан түрлі саладағы көп жылдық еңбегі үшін алғысын білдіріп, естелік сыйлықтар табыстап, шапан жапты. Өз кезегінде Сағынтай Орынғалиұлы ризашылығын білдіріп, «Биыл Жұбан ақынның жүз жылдығы. Елдегі ахуал түзелген соң, осы мерейлі датаны дүркіретіп тойлауымыз керек. Жұбанның алдына шығып, мерейтой жасағаным жөн болмас. Қашан да қолдау білдіріп, еркелігімізді көтере білген Жайық жұртшылығына бас иіп, алғыс білдіремін», — деді.

Сол күні орталық кітапханада «Алты алаштың арманы – мендегі арман» тақырыбында ақынмен онлайн жүздесу ұйымдастырылды. Ақын журналист Мәлік Бердәлінің жүргізуімен фейсбук бетінде өткен тікелей эфирге жан-жақтан 200-ге тарта оқырман қосылып, сұрақтар қойып, шайырды туған күнімен құттықтады. Жүздесу барысында Сағынтай ақын өлеңдерін оқып, оқырман сұрақтарына жауап берді. Өмірінің қалың оқырманнан қалтарыс қалған тұстарын да әңгімесіне арқау етіп, болашақ жоспарларымен бөлісті. Тікелей байланыс барысында шәкірті Рысбек Жанаисов ақынның «Қадырқұлым» атты өлеңіне жазылған әнді шырқап берді.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ