4.05.2020, 9:17
Қараулар: 133
Індет пен міндет

Індет пен міндет

Көзге көрінбейді демесең, мына вирус шегірткедей қаптап, жезтырнақтай жабысқысы келеді-ақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан «Пандемияның бұл тек алғашқы сатысы» деген құлаққағыс айтылады.

Қалай болғанда да, елімізде бұл дүлейге қатысты бүкіл жағдай жан-жақты екшеліп, тиісті шаралар алынуда. Сондықтан індеттің жаппай таралуынан аманбыз. Тек қырағылықтың қалғымауын айт. Мемлекет басшысы апта басындағы мәлімдемесінде «Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал. Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар»,-деп, ащы шындықты алдымызға көлденең тартты.

Иә, бүгінде баршамызға, көк етіктіге де, көң етіктіге де қырағылың, жауапкершілік керек. Егер қаскөй вируспен күресті кәдімгі базарға, яғни сауда-саттыққа айналдырып жіберетіндер ұшыраса берсе, қауіп-қатерден арылмаймыз. Әне бір облыстарда болғандай, тосқауыл бекеттерінде полиция өкілдерінің парақорлыққа баруы, шенділердің өздері карантин тәртібін өрескел бұзып, топтанып моншалатуы, дастарқандатуы  нағыз көрсоқырлық емес пе?! Әлеуметті ашындыратын осындай жайттар ғой.

Бұл күрделі кезең сондай-ақ еліміздегі кейбір медициналық мекемелердегі моральдық-психологиялық ахуалдағы ақауларды, олардың басшыларының біліксіздігін әлдеқайда жарқыратып көрсетіп берді. Жауапты қызметтегілер арасында кәсіби, әлеуметтік тұрғыда әлсіздері аз емес. Осының бәрі әрине, көпке сабақ болып табылады. Тек бұдан қорытынды шығаруды айт. Ел Президенті аталған мәлімдемесінде мемлекеттік органдар жұмысында олқылықтар барын атап көрсетіп, «…Одан тиісті сабақ алып, қажетті шараларды қабылдаймыз»,- деп түйіндеуі үмітімізді үкілейді.

Әлбетте, қазір өз бастарын қатерге тіге отырып, үй көрмей, жанкештілікпен жұмыс істеп жатқан медицина, полиция қызметкерлері, төтеншеліктер, журналистер, т.б. қайсыбір жерде де аз емес. Біз, тұрғындар, оларға көмектесуге тиіспіз. Бұл көмек – төтенше жағдай талаптарын әманда қатаң сақтау, ортақ тәртіптен ауытқымау.

Пандемиядан соң әлем мүлдем жаңа кейіпке көшетіні айтылуда. Көптеген мемлекет экономикалық стратегиясын қайта қарайтын болады. Бізде де солай болары сөзсіз. Баяғыдан қыр соңымыздан қалмай келе жатқан бейқамдық, ауа жайылу, тәубесіздік секілді қырсықтардан құтылуымызды айт енді. Бұл кесірлердің де қаупі қайсыбір жұқпалы дерттен кем емес.

Болат ЕСҚАЛИЕВ,

журналистика ардагері