4.05.2020, 9:20
Қараулар: 61
Басты қару – сабыр мен төзім

Басты қару – сабыр мен төзім

Бүкіл әлемнің коронавирус індетімен бүгінгі күресін мылтықсыз майданмен салыстыруға болады. Көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін жаумен шайқастағы  біздің қаруымыз — сабырлық пен төзімділік.

Қазіргі таңда біздің ауданда провизорлық, карантиндік орталық ашылып,  төтенше жағдайлар режимінде жұмысқа кірістік. Осындай кезеңде дәрігерлер артылған жүк, оларға деген құрметтің айрықша. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мамандарына әманда өзінің қолдауын білдіріп, еңбегімізге лайықты бағасын беруде. Осы үндеуінде де індетпен күрестің алғы шебінде жүрген барша мамандарға ақжарма алғысын ақтарды.

Біздің  міндет – коронавирусқа күдіктенген науқасты қабылдап, провизорлық орталыққа жатқызу, тиісті сараптамаларын алып, облыс орталығына жолдау. Қасиетті Рамазан айындағы тілектеріміздің қабыл болғаны – орталыққа жеткізілген науқастардың бірде-бірінен вирус анықталған жоқ. Дегенмен, індеттің таралуына жол бермеу қажет. Сондықтан мен және менің бірқатар әріптестерім осы орталықтан бір қадам сыртқа аттап шықпаймыз. Жақын-жуықтарымызды, отбасымды  көрмегелі 3 аптадай уақыт болды.

Бірақ кейбір адамдардың коронавирусты жалған ауруға балап, бізді ойыншық кеселмен күресіп жатыр деген қауесетке сеніп отырғаны біршама қынжылтады. Көшеде емін-еркін қозғалып, өзіне, өзгелерге төнген қауіптің орасан екенін әлі де түйсінбей жүргендер бар. Осындайда басымызды қатерге тігіп, ұзақ уақыт үйден жырақта жүрген еңбегің еш кеткендей болып көрінеді. Дәрігер науқасты емдеп-жазуға ғана себепкер, ал егер көпшілік індеттің таралуының алдын алу – оқшаулану, гигиеналық талаптарды сақтау екенін ұғынбаса, осыншама еңбектің зая кететініні анық.

«Біз біргеміз» деп бекерден-бекер ұрандатпасақ керек. Бұл майданда  баршамызға түсіністік пен ауызбіршілік ауадай қажет.

Еркебұлан БЕЛЯКОВ,

аудандық орталық аурухананың эпидемолог дәрігері