4.05.2020, 9:34
Қараулар: 180
Мал баққанға бітеді

Мал баққанға бітеді

Ақсуат ауылдық округіне қарасты «Кеңсай» шаруа қожалығының иесі Мэлс Абышев – ет бағытындағы ірі қара тұқымын өсірумен айналысып жүрген жан. Шаруашылық 2001 жылы құрылғанымен алғашқы жылдары қаржылық қиындық салдарынан жұмысы жандана қоймапты. Тек 2012 жылы мемлекеттен 5,75 млн. теңге несие алып, шаруашылыққа шындап кіріседі. Сол жылдың мамыр айында иелігіндегі жерге шағын қора-қопсы тұрғызып, жалғыз құнанды жетектеп, алғашқы 30 сиыр мен 60-қа тарта уақ жандықты айдап әкеледі.

Бүгінде отыз сиыр 200 бас асылтұқымды ірі қараға айналып, қой мен ешкінің саны үш жүзге жетіпті. Жалғыз құнан бір үйір жылқы болған.Мэлс Телманұлы мал асылдандыру бағдарламасына да қатысып, төрт асылтұқымды ақбас бұқаны падаға қосып қойыпты. Кейіпкеріміз — әр жылдарда мемлекеттен түрлі бағдарламамен несие алып, мал басын көбейтіп келе жатқан жан. Биыл да көлемді қаражатқа қол жеткізіп, асылтұқымды ірі қара басын арттыруға ниет білдіріп отыр. Алайда осы орайда айта кету керек мәселе де бар.

Қуаңшылық қиын болып тұр

Мал өсірген ағайынның көңілін алаңдататыны — судың тапшылығы. «Қожалығымызға тиесілі 3200 га жер телімі бар. Соның 103 гектары шабындық жер. Бұрын канал суын жайылмаға жіберу арқылы шабындық жерді суаратынбыз. Суарылған жылдары бидайық, балақұрақ бітік шығатын. Соңғы үш жылда су мүлде болмағандықтан, шабындық қурап кетті. Қалтарыс, сай-салаға шыққан шөптің бір түйірін қалдырмай, шауып алдық. Биыл қайта қыс жақсы болып, шөбіміз жетті. Арғы жылғыдай қатты қыс болса, төрт түлікті аман алып шығу мұң болар еді. Осыны ескеріп, жылында канал суынан бір-екі апта көлемінде шабындықтарға су жіберу мүмкіншілігін қарастырса, керемет болар еді. Әзірге каналдағы су осы деңгейде тұрса, малға жаздай ішуге жетеді», — дейді шаруа жігіт.

Қуаңшылық болған жылдары көрші шаруашылық иесі Болат Әткеев есімді азамат жәрдемдесіп, шабындығындағы шөппен бөліседі екен. Мал баққанның мұңы бір, айналасын қамқорлап жүретін азаматтары бар қазақ халқы, ел аманда аштан өлмес.

Әзірге шаруалардың таң бозынан күтетіні екі жаңалық. Бірі – елдегі кесел қашан бітеді деген уайым, екіншісі – жауын-шашын мол түссе деген үміт. «Өлеңді жерге өгіз семіреді» демекші, өлең шөптің өсуі үшін де көп ылғал керек. Сондықтан судың жазда қандай мөлшерде болатынын айтып, жергілікті билік алдын-ала құлағдар етсе, мал баққан шаруалар жоспарын да соған қарап құрар еді. Мэлс Телманұлы өз шаруа қожалығының аумағынан құдық қазып көрмек болған екен. Сол үшін арнайы геологиялық барлау жұмыстарымен айналысатын мамандарға да жолығыпты. Өкініштісі, «бұл аумақтағы жер асты суы ішуге мүлдем жарамсыз, тұздылығы көп» деген жауап алыпты. Жайыққа келмеген «судың жыры» жергілікті атқарушы органның құзыретінде еместігін шаруалар да түсініп отыр. Дей тұрғанмен, жоғарғы билік пен шаруа халықтың дәнекері ретінде әкімдіктер ел сөзін ел ағаларына жеткізер деген үміт басым. Әзірге Жайықтың деңгейі көтеріліп жатыр. Су көтерілсе, елдің де көңіл күйі көтеріле түсетіні бар емес пе, биыл бәрі жақсы болады деп үміттенейік…

Еңбек еткенге көмек көп

«Мемлекет беріп жатқан несиенің мал өсіремін деген адамға пайдасы көп», — дейді кейіпкеріміз.

«Тұтынушылық несиеге қарағанда, төлеу мерзімі де жеңілдетілген. Өз басым малдан бөлек, техниканы да осындай жеңілдіктер арқылы алып, бүгінде еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Жоғарыда айтылған су мәселесі бір жолға қойылса, мал басын да көбейте түскім келеді», — дейді ол. Сондай-ақ несиені алғаннан кейін мемлекет берген қаржыны мақсатты пайдалану керектігін де айтып өтті. Әйтпесе, малға деп алған қаржыны қадағалаушы органның көзінен таса болысымен басқа салаға жұмсайтындар да жеткілікті екен. Қаңтарулы тұрған екі МТЗ тракторы мен жаңадан құйылып тұрған іргетас Мэлс Телманұлының болашаққа жоспары нық екенін көрсеткендей.

«Айналамды абаттандырып, монша тұрғызып, қосымша үй салуды жоспарлап отырмын. Қазір малдың барлығын Қуанышбек дейтін азамат жанұясымен келіп бағып отыр. Өзі де, жолдасы Армангүл де өте қырағы, малсақ жандар. 150 аналық сиыр болса, соның қазір 55-і туып тұр. Қай бұзау қай сиырдыкі екенін тап басып, ажыратады Өз қажеттеріне он шақты сиыр сауып отыр. Біз тек материалдық жағдайына жауаптымыз. Қалғанының барлығын тындырып отыратын осы жандар. Қарамағымдағы бақташылар мен тракторшыларға екінші үй саламын», — дейді ол.

«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген сөз осындай азаматтарға қарап айтылса керек. Айдалаға үй салып, мал өсіру атадан қалған кәсібіміз деп айтуға оңай болғанмен, екінің бірі жүрегі дауаламайтын қиын жұмыс. Каналға су келіп, сол су шабындыққа жыл сайын жіберілсе, болашақта бұл жерде де күркіреген үлкен қожалық тұратынына күмәніміз жоқ.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар