4.05.2020, 9:43
Қараулар: 204
Арманы шынға айналған

Арманы шынға айналған

Чапаев ауылының тұрғыны Алтынбек Өтепов жыл басынан бері жылыжай салып, аула гүлдері мен қияр, ақжелкен, аскөк өсіруде. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары арасында Алтынбек өсірген гүлге деген сұраныс көп. Химиялық қоспасыз табиғи тыңайтқыштармен өсірген көкөністерін де тұтынушылар дүкен сөресіне жеткізбей, сатып алуда. Өнім бағасы да қалалық бәсекелестерінен айтарлықтай төмен.

Әскердегі арманы, бүгінгі кәсібі

Алтынбектің бұл кәсіпке деген қызығушылығы әскерде жүргенде басталыпты. Кеңес әскері қатарында Германияда Отан алдындағы борышын өтеп жүріп, 1987 жылдың күзінде қызмет бабымен жылыжай егетін шаруашылыққа жолы түседі. Сол кездің өзінде Еуропа елдеріндегі заманға сай материалдардан құрастырылып, өз уақытының озық технологиясымен жабдықталған жылыжайды көріп, таң қалады. Өзі оқыған орта мектеп қабырғасындағы шағын жылыжайдан басқаны көрмеген балаң жігіт үшін бес жүз шаршы метр жерге күзде көкөніс өсіру адам сенгісіз жаңалық болатын. «Кеңес Одағында ол кезде Германиядағыдай жылыжай көрмепін. Мүмкін Мәскеу секілді ірі қалалар маңында, ел астаналарының аумағында болса, болған да шығар. Әйтеуір шаруашылықтың осы түрі насихатталып, аудандарда жүзеге аспағаны кәміл. Қыста көкөністің дәмін жегізетін ғажайып бақ біздің ауданда да болса деген арман сол кезде пайда болды. Міне, өзіңіз көріп тұрғандай, бүгінде біз сол арманымызға жеттік. 150 га жердегі бақшамызды амандық болса, бес жүзден де асырамыз», — дейді кейіпкеріміз.

Сөйтіп, 33 жыл бұрын Семирамиданың аспалы бағындай орындалмас арман болып көрінген қысқы бақша бүгінде аудан орталығында орын тепті.

Қаладан ауылға

Кейіпкеріміз отыз жылдық арманын алдына қойып, «оңтайлы күн қашан туады» деп, көлеңкеде күтіп отыратын жан емес. Жұмыс барысымен қалаға қоныс аударып, 23 жыл сол жақта да біраз кәсіптің «басын қайырыпты». Ауысыммен жұмыс жасап жүріп, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, көгалдандыру және ландшафттық дизайнмен айналысып, қала көшелеріне әр беруге де атсалысады. Жеке секторлардың ауласын да жасылдандырып, барлығына бір өзі үлгереді. Онымен қоса қосалқы шаруашылық ұстап, мал өсіруден де қол үзбейді. Қашықта жүріп, қос кәсіптің құйрығынан ұстау оңай болмасын сезінген кейіпкеріміз түбегейлі ауылға оралуды мақсат қылады. Жоғарыда айтқандай, бала күнгі арманы жетелеген жігіт ағасы туған жерге оралып, бірден кәсібін бастап кетеді. «Алғашында аукционға қатысып, осы жерге қол жеткіздім. Қаражатым жеткенше, қолға тиген жердің тең жартысын қоршап, жылыжай құрылысын да бастадым. Кәсіпті бастау үшін қолда бар малды сатып, жинаған қаражатымды да жұмсауға тура келді. Жаңа кәсіп бастау жолында, жұмыс жасап тұрған шаруашылықты құрбан етуге болмайды. Сондықтан мал басының орнын толтыру мақсатында мемлекеттен 3 млн. теңге несие алдым. Осылай екі шаруашылықты да тізгіндеп отырмыз. Еңбектенемін деген адамға кез-келген жұмыспен айналысуға мүмкіндік бар», — дейді Алтынбек.

Қияр егу тиімді

Қаңтардан бастап, көктемге дейін кезең-кезеңімен 150 шаршы метрлік жылыжайына насыбайгүл (базилик), ақжелкен, қияр және аула гүлдерінің бірнеше түрін еге бастайды. «Жаз шығысымен екінші жылыжайды жабдықтап, салқын түскен бойда аскөк, ақжелкен және басқа көгергендерді осында егемін. Дайын тұрғанына тек қияр өсірумен айналысамын. Мысал үшін қыста бастаған шағын бақшамның өзінен қазір күніге 10-15 келі қияр алып отырмын. Сұраныс та саябырсыған емес. Өнімдерімнің бағасын да қаладан келетін көкөністердің құнынан төмен ұстап тұрмын. Өздерің көріп отырғандай, бірінші жылы мақсатымыз қияр егу емес, жылыжайды жабдықтап алу болатын. Иелігімдегі жердің жартысын қоршап, жылыжай тұрғызу үшін 3 млн. теңгеден астам қаражат кетті. Электр жүйесін жүргізуге 250 мың теңгедей жұмсалды. Қаңтардан бастап қолмен жылытатын пеш тұрғызып, жылу жүйесін жүргізіп болған соң, жылыжайдың үштен бір аумағына қияр ектім. Қолмен суарып жүріп өсірген алғашқы қияр қазір жақсы жеміс беріп тұр. Барлық жұмыс жоспарлағанымдай болса, қыркүйектен бастап, осы жерге түгел қияр егіледі. Сонымен қатар толықтай тамшылатып суару жүйесімен жабдықталады. Кезең-кезеңімен себілген тұқым жаңа жыл қарсаңында жемісін бере бастайды. Қиярдың да аулама егіп, осыған дейін шағын зерттеуден өткен кураж, герман секілді сұрыптарын ғана егемін. Бұл қиярлар ерекше күтімді қажет етпейді, әрі өнімді де мол береді. Өз жоспарым бойынша маусымында 150 шаршы метрден 2,5 тоннаға жуық қияр алуым керек», — дейді кейіпкеріміз.

Алтынбектің айтуынша, өзі еккен бақшаға химиялық тыңайтқыш қоспайды екен. Сапасы сенімге селкеу түсіретін химиялық қоспалардан табиғи тыңайтқышты артық санайды. Қоршауының жанына мал көңін де үйіп алыпты. Бағбанның ұстанымы бойынша бірер күн жай піссе де, өз отбасының, кез-келген адамның табиғи өнім тұтынғаны дұрыс.

Биогаз арқылы жылытпақ

Газ желісінен үш жүз метр жерде орналасқан жылыжайға көгілдір отын жеткізу үшін 1,5 млн. теңге көлемінде қаражат керек екен. Көгілдір отын жеткізіп отырған жергілікті мекеменің монополист екенін ескерсек, бұл бағадан төмен қаражатқа газ жүргізу мүмкін емес. Алтынбек болса, қаражаттың жоқтығынан аталған соманы ауырсынып отырғанын жасырмады. Жылыту жүйесін жүргізудің басқа ешбір жолы болмаса, биогаз өндіретін құрылғы жасатып, жылыжайды сонымен жылытамын дейді. Ауласының бұрышында орналасқан тор қоршауда үй құстары жүргенін көзіміз шалған. Алайда әр аулада жүретін күркетауыққа аса мән бермедік. Сөйтсек, жылыжай маңына құс өсірудің өзіндік жоспары бар екен. «Бұл құстарды жайдан-жай өсіріп отырғам жоқ. Етін былай қойғанда, құс саңғырығының өзі — таптырмас шикізат. Биогаз алуда да құс саңғырығы мал тезегінен тиімдірек. Қазіргі таңда ғаламтор желісі арқылы көптеген заманауи жобалармен танысып, жаңалықтарды біліп отыруға болады. Менің өсімдікке деген қызығушылығымды кәсіпке айналдыруыма да түрткі болған ғаламтор десем, артық айтқандық емес. Газ өндіретін құрылғының да сызбасымен танысып, ой елегінен өткізіп қойдым», -дейді.

Алтынбектің қызанақ та өсіргісі келеді екен. Алайда қызанақ егу үшін жылу мен топырақ тыңайтқышы көп керек. Газ құбырын тарту қанша қаражат тұратынын ескерсек, әзірше бағбанның бұл арманы орындалмайтын сияқты. Осы орайда ауданға нақты қажет, өнімі сұранысқа ие жаңа жобаларға қаржылай демеу білдіріп, субсидиямен қолдау керектігін түсінесің. Ал Алтынбек болса, бұнымен тоқталып қалайын деп тұрған жоқ. Жерінің қалған бөлігіне мамыр басталысымен бақша екпекші. Себебі көкөніске деген сұраныс аудан халқында ешқашан азайған емес.

Ауданға он жылыжай аз

«Жастарды қаралап, жалқаулар қатарына қосудың қажеті жоқ. Қолдау білдіріп, дұрыс жол сілтесең, еңбекқор жастар көп. Өз балам көктем шыққалы менің қасымда қолғабысын тигізіп жүр. Баламның құрдастарының арасында да адал еңбекпен күн көріп жүргендер жетеді. Сондықтан жастар осындай жобаларды қолға алып, қорықпай, кәсіппен айналысулары керек. Қазіргі таңда Ақжайық ауданына он жылыжай салсаң да, аздық етеді. Тіпті орталық халқының өзі өнімді талап әкетуі мүмкін. Бір жылыжай барлық тұтынушының талабына сай қызмет көрсете алмайтыны бесенеден белгілі. Өз тарапымнан жаңа бастаған жастарға ақыл-кеңес беруге әрқашан дайынмын. Байимын деген қазаққа бәсекелестік қызғаныш білдіру менің болмысыма жат.

Бірінші жолы қателіктерге бой алдырсам, келесіде қайталамауға тырысамын. Бірден ешқандай кәсіп аяғынан тік тұрып кетпейді. Мысалы, гүл еккен кезде өтпей қала ма деген қорқыныш болды. Алайда мамыр басталмай-ақ, гүлге деген сұраныс көп түсуде. Аудан орталығында осынша гүл егіледі деп өз басым ойламаппын. Аудан әкімдігі тарапынан да қолдау жоқ емес. Мекемелермен жұмыстану жолына бағыттап, клиенттік базамды кеңейтуге көмек білдіруде», дейді Алтынбек Шапенұлы.

«Еңбек етсең, емерсің» демекші, жолын таба білгенге қай кәсіпте де пайда көп. Бұл сөзімізге кейіпкеріміз куә. Қаладан туған топырағына кәсіп қыламын деп келген еңбекқор жанға сүйсінбеске болмайды. Ел үшін еңбек етудің үлгісі осындай болса керек.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ