4.05.2020, 9:46
Қараулар: 55
Ұлылыққа тағзым

Ұлылыққа тағзым

Абай әкесінен таратсақ, Тобықты руының белгілі билер әулетінен тарайды. Ақынның бабасы, Тобықтының батыр биі Ырғызбай Торғай облысындағы Ырғыз өзенінің бойында XVII ғасырдың 50 жылдарында дүниеге келген. Ат төбеліндей көсемнің бірі ретінде ол өз жұртын Түркістаннан Шыңғыс тауына көшіріп әкеледі.  Абайдың атасы Өскенбай әділ би ретінде танылды. Абайдың әкесі Құнанбай да басқа рудың қазақтарына әмірін жүргізген, мұны тек қана төре тұқымдарының сұлтандарына  ғана тән лауазым – Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайлануы дәлелдейді. Құнанбай өмірінің соңында Меккеге барып, қажы атанды. Осыдан соң  ел басқарудан өз еркімен бас тартуы ел алдындағы Құнанбайдың беделін өсіре түседі. Абайдың әкесі жұртқа қайырымы мол, адамгершілігі зор адам болған. Кезінде тоталитарлық жүйенің ықпалымен Құнанбай образы «Абай жолы» кітабында жағымсыз бейнеленген. Расында Құнанбай Қодар мен Қамқаны өлтірген болса, ондай жауыз әке Абайдай данышпанды тәрбиелеп шыға алмаған болар еді. Қазан төнкерісіне дейінгі Абай жөнінде жазылған еңбектерден Құнанбайдың ары таза адам екенін байқаймыз.

Абайдың елден ерек боп жетілуіне сол кездегі халқымыздың асқаралы тұлғасы болып саналатын Дулат жыраудын әсері де аз болмаған. Ақын тәрбиеленген өмір мектебінің көріністері заманымыздың занғар жазушысы, кемеңгер ұстаз М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында терең тебіреністермен жазылған. Бұл еңбек қазір бұкіл адамзат игілігіне айналып отыр. Мұхтардай данышпан жазушы жаңағы еңбегінде Дулат пен Абайдың жайына ерекше мән берген:

Шырағым, ержетерсің.

Ержетсең сірә, нетерсін.

Алысқа шырқап кетерсің,

Шындасаң шыңға жетерсін-

деп атақты Дулат жыраудың жас Абайға бата бергенін айтқан.Ақынның бойында дарыған даналықтың бір көзі осында жатқан жоқ па?

Жас Абай Семейдегі 2 жыл мұсылманша, үш ай орыс мектебіндегі оқуын аяқтап келген соң, 15 жасында қазақ руларының арасындағы беделі зор, сұлтан тұқымдарымен саяси билік тартысына түскен өз әкесінің қасына еріп , ел ісіне араласады. Бозбала шағында Абай сол кездегі қоғам қайраткерлерінің арасынан көрнекті орын алып, оны ел-жұрты би етіп сайлайды. 20 жасқа жеткенде  Абай от тілді шешен, халық өмірі  мен әдет – салтын, терең ұғынған ділмәр атанады. Ақын 30 жасында барымтаға қарсы шығып, қазақ руларының арасында ауызбіршілік, достық орнатуға ұмтылған.

Абайдың алғашқы сықақ өлендері жастар арасында кең таралғанмен, жыр әлеміне ол онша мән бермеді. Абай осы бағытымен жүре беріп, 80 жылдары өлең туралы көзқарасын мүлдем өзгертпегенде,  өзінің ұлы дарынын көрсете алмай кетер еді. Сол жылдары қазақ даласына жер аударылып келген Грось пен Михаэлис екеуі де Абай ауылында қонақ болып, оны орыс әдебиетімен таныстырды. Солардың ықпалымен Пушкин, Лермонтов, Толстой, Тургенев, Салтыков – Щедрин, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писаревтің шығармаларымен танысты. Ақын өзінің өмірінің соңғы сәтіне дейін Михаэлисті ерекше ілтипатпен еске алып. «Дүниеге көзімді ашқан — Михаэлис» — деп оны жоғары бағалады.

Физули, Шамси, Сайхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Хожа Хафиз секілді ғұламалардың шығармашылығымен сусындап, қолына қалам ұстаған Абай көркем сөздің құдірет күші мен әсерін суреттеу жолында үлкен шыңдалу мектебінен өтті. Ұлы ойшыл әрбір ұстаздық сөздің үлкен адамгершілік негіз, қасиеттерін адамгершілік философиясымен байланыстыра айтады, жеке адам мен қоғамды қарама-қарсы қоймайды. Соңдай өлендерінің бірі – «Әсемпаз болма әрнеге»:

Әсепаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап та, бар қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шафқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.

Азабы мен рахаты қатар жүретін поэзиямен отыз бес жасында шындап айналысуға бет бұрған ақын табиғатты, өнерді, сұлулықты жырлап, адам бойындағы жақсылық пен жамандықтың себебіне үңілуден әлеуметшіл, қоғамдық ой сананың алдынғы шебіндегі қүрескер тұлғасына көтеріліп, үлкен өмір жолынан өтті. Дүниедегі байлық пен бақтан да, атақ  пен даңқтан да адамгершілікті жоғары қою, соны жыр етуді мұратына айналдырған ол «сұм дүниені  өнер, ғылым, білім, адамгершілік жолымен жөндеуіне болады» деп сенеді. Әрине, қайшылықсыз, көзқарас айырмашылықтарынсыз дүние, ғылым, адам санасы жаңарып, дамымайтынын Абай дәлелдеп берді.

Ақынның ойлау деңгейі ауыл, ел, әдет- ғұрып, түрлі мінез төнірегінен шығып, халықтық маңызға ие болған кезде Абай қалың елінің қамы үшін қайғырды. Ел ішіндегі ішкі қайшылықтар, талас-тартыс, қалың бұқараның ауыр хәлі кейбіреулердің озбырлық іс – әрекеттері ақынның жүрегін қайыстырды.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бұл өлең «халқым» деп соққан ұлы жүректің елінің тағдырын ойлап, толғанудан туған ащы да ауыр мұңына, өзегін кернеген өкінішке толы. Абай сол елді бүлдіріп, ел ішіне іріткі салып жүрген жандарды аямай әшкерелеп, ащы жырының уын соларға төгеді.

Көрсеқызар келеді- байлауы жоқ.

Бір күн тыртың етеді, біркүн бұртың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым.

Мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын?

Міне ғажап! Қазіргі «нарықтық» уақытта да айналамыздан қоғамның осы дерттен арылмағандығына көз жеткізіп отырмыз. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегендей, ештеңеге жаны ауырмайтын, қызылөңеш, әншейін өзінің биік орнын сақтап қалу үшін жанталасып, аласұрып жүрген, ешкімге шапағаты тимейтін, сөзіне ісі сай емес адамдар көз алдыңа елестейді

Философиялық лирикаға жататын «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінен ақынның шерлі сырға бөгіп қалмай, содан шығар қайрат іздегенін адам мен хайуанды салыстыра отырып жырлайды.

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса

Хайуанша жүріп күнелтпек

-деп ойы мен ақылы болмаса, адам да хайуанның кейпіне түсетінін ескертеді.

Аударма саласындағы бар шеберлігін де Абай орыстың классикалық поэзиясын қотаруға жұмсайды. Байрон, Гете сияқты өзге еуропа классиктерінен бірер өлеңді аударса, оны да Лермонтовтың аудармаларынан алып, қазақшалайды. Біз білетін орыс классиктерінен Абайдың аудармалары: Крыловтың бір топ мысалдары, Пушкиннің «Евгений Онегинінен» үзінділері және Лермонтов жасаған көп аудармалар. Тағы бір жалғыз өлеңді Буниннен аударған. Ең соңғы зерттеушілердің айтуынша А. Мицкеевичтің кейбір өлеңдерінен де біраз аудармалары бар.

Ақынның қай әнін тындасаң да,  Абай ұлағатының өлшеусіз мұра екеніне көзіңіз жетеді. «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай», «Татьянаның әні», «Қараңғы түнде тау қалғып» және басқа да қазақ сазгерлерінің Абай сөзіне жазылған бірқатар әндерінің үлкен сахналарда кеңінен орындалуының өзіндік сыры бар. Себебі қазақ халқынын ұлттық өнері – әнмен гүлденген әлем. Оның  айналасында өлең айтып, ән саламын деген әншілер болса, бәрінің де айтатыны Абай әні болатұғын. Абайдың өзі де жақсы домбырашы , қазақтын әні мен күйін жете білген, барынша сүйген. Өзі шығарып, халық жадында сақталып қалған 16-17 әні бар.

Абай өзі араласып жүрген ортасын түзеткісі келеді, елге пәле әкелуші емес, қоғамына пайдалы еңбек ететін адамдар тәрбиелеп шығаруға талпынды. Жас буынды мәдениетке жеткізуді ойлайды. Сөз ұғады-ау дегендерге ақыл-кеңес, үгіт-насихат айтып, ұстаздық етуден де жалықпады. Бірақ, қырық пышақ болып қырылысқан, билікке таласқан ел жуандары Абайды ру, партия тартысынан құтқармайды, еркін өзіне билетпейді. Өмірінің соңғы жылдарында  Абай қоғамдық істерге араласпады, оның жаулары сонда да өтірік жала жауып, арыз жазып қудалауын қоймады. Абай жуан феодалдар, атқамінерлерді сынау арқылы өзінің өткір өлеңдерімен, шешен сөздерімен әділет үшін күресті. Еңді сол, ел жуандарының келеңсіз әрекеттерін әшкерелеуге батыл кіріседі. Халық оны осы батылдығы, шыншылдығы, әділеттігі үшін ұнатты. Абай қатысып, әділ төрелік айтқан жер дауы мен жесір дауы ел арасына аңыз болып тарады.

Елі үшін заман азабын тартып, халқым деп еніреп өткен дана Абайдың шығармашылық мұралары бұл күнге қалай жетті!? Сол жөнінде бір – екі ауыз айта кетейік. Кейбіреулері баспа арқылы бүгінгі күнге дейін жетсе, енді  халық арасына ауызша жатталып, ән болып тарады, қолжазба түрінде көшірілген әр көлемді жинақтары да бар. Абайды баспа жүзінде танытқан, мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізуде ерекше еңбек сінірген, Абай өзі тәрбиелеп баулыған, кейінгі жастардың өкілі болған Көкбай Ысқақұлының еңбегін айрықша атауымыз керек. Ол ақын шығармаларының алғашқы таңдамалы жинағын т Петербургтегі Бораганский баспаханасында 1909 жылы шығарды. Сол жинақтың аяқ жағында Көкбай жазған ақынның өмірбаяны  берілген.

Ақын мұраларының халыққа таралуына көп еңбек етуші бір топ адамдар болды. Олардың көбі ақынның туыс-таныстары: Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай және Ғибатқан, Кішкене молла, Мүрсейіт, Самарбай, Ыбырай, Хасен, Дайырбай сияқты бала оқытушылар Абайдың өлендерін көп көшіріп, таратып отырады.  Кейін Уәсиле, Рахила, Ғалия, Ғабида, Қанша есімді әжелеріміздің қолжазбаларды  көшіртіп таратуы ақынға деген ел құрметінің айғағы емес пе.

Қазақ халқы биылғы жылы да Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуде. Былтырдан бері қаламгердің туған жерінде де, шет жерлерде де ақын тойына арналған шаралар легі бастау алды. Ақын мұрасын өскелең ұрпаққа кең насихаттау, сол арқылы қазақ тілін дамыту мен ұлттық салт – дәстүрлерді қайта жаңғырту мақсатында былтырдан бері біздің ауданда да көптеген шаралар жүзеге асырылды.Бүгінгі жазған мақаламыз да дана Абайдың 175 жылдығына қосылған үлесіміздің бір бөлшегі ғана!

 Алдаберген СӘРСЕКОВ,

 М.Әуезов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі