4.05.2020, 9:53
Қараулар: 167
Егіз ғұмыр кешкенбіз

Егіз ғұмыр кешкенбіз

Қайсы бір аймақтың өз ардақтысы, аяулы азаматы болатыны ақиқат. Сондай азаматтың бірі — Чапаев ауылының тұрғыны болған «Одақтың үздік банк қызметкері», «Құрмет белгісі орденінің» иегері, бірнеше медалдармен марапатталған Ақжайық ауданының құрметті азаматы, жұбайым Елдес Нұржановтың өмір жолынан азырақ сыр шерткелі отырмын. Елекең 1932 жылы Орал облысы Тайпақ ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық советінде дүниеге келген. Сол жерден Махамбетов атындағы орта мектептің 8 сыныбын бітірген. 1951 жылы «Алматы қаржылық техникумына бітіріп, Тайпақ ауданындағы банкке инспектор болып орналасады. Кейіннен Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) университетінде қаржыгер мамандығына білім алады. Менің де Алматыдағы электротехникумды тәмамдап, Тайпақ байланыс мекемесіне  қалааралық байланыс технигі  болып жұмыс жасап жүрген кезімде кездестік.

1955 жылы екеуміз отау құрдық. Тайпақта 1961-жылға дейін жасап, артынша отағасын Казталовка ауданына банк меңгерушісі етіп жіберді. Бұл ауданда 1976 жылға дейін жасап, Чапаев ауданында бақандай 10 жыл банк басқарып, кейін Жаңақала ауданына жұмыс бабымен қоныс аудардық. Осы жылдары қаржы саласындағы жүйеге жаңа реформалар енгізіліп, жаңа төл теңгеміз айналымға түсті. «Іс тетігі білікті басшының қолында» екені бесенеден белгілі. Өз кəсібінің қыр-сырын жетік меңгерген Елекең білімді де білікті маман ретінде тәуелсіздіктің елең-алаңында ауданның қаржы саласын сансыратпай, зейнет жасына абыроймен жетті.

Екеуіміз көтерген шаңыраққа құт дарып, 3 ұл, 2 қыз сүйдік. Қазір бәрі үйлі-баранды, әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, немере-жиен, шөберемен қуантты.

Елекең сөзге сараңдау, біліп тұрса да, білемін деп, кеуде соқпайтын өте сабырлы, әр уақытта өзін тежеп ұстайтын өте талғампаз, көркем мінезді азамат еді.

Жұмыста аса талапшыл болатын, әсіресе кадр мәселесіне ерекше көңіл бөліп, ұжымдағылардың біліктілігін арттыруға баса назар бөлетінін көзкөргендер бүгінде жылы еске алып отырады.

Біздің жас уақытымызда тұрмыс ауыр, газ жоқ, электр жарығының өзін уақытпен шектеп беретін. Суды да ауыл шетіндегі құдықтан иінағашпен тасып, амалдайтынбыз. Жұмыстан өзің шаршап келгеніңде, ата-ене, баланың қамын қамдау қажет. Отағасының қонақжайлығы тағы бар – аудан орталығына келген кассир, бухгалтерлердің бәрін үйге шақыратын. Әйел жанды емеспіз бе, «Осыншама адамды қалай күтемін», деп назданғанымда, «Раушан, азғантай шыда, балаларың өсіп, күні ертең қолқанат болады»,- деп үнемі сабырға шақырушы еді. Сондайда бір жазғаным бар еді.

Басымнан өтті талай қызықты күн,

Мінездің көрсетпедім бұзықтығын.

Кей кезде оқымаған әртіс болдым,

Сақтау үшін отбсымның тыныштығын.

Иә, отбасының тыныштығына, берекелі тұрмысына не жетсін?! Бір-бірімізді ыммен түсініп, 64 жыл жұбайлық ғұмыр сүруіміздің сыры осы сабырлықта, жұбайлардың татулығында деп  түсінемін.

Жасымыз 90-ға таяп, балалардың, немере-шөберелердің ортасында егіз ғұмыр кешіп отырған шағымызда Елекең дүниеден озды, қанатым қайырылғандай болғанмен, отағасының бала-шаға, ұрпағының бақытын көріп кеткеніне шүкіршілік етемін.  Асыл азаматымның көзі  тірі болса, 8 мамырда туған күнін тойлар едік. Бір ғасырға жуық өткен өмірді, жастық шақтағы сезімді, шаңырақтағы сыйластық, айырылғандағы қимастық, сағынышты еске ала отырып, 64 жыл бірге өткізген егіз ғұмырымды жастарға тілегім келеді.

Раушан Нұржанова,

Еңбек ардагері.

Чапаев