14.05.2020, 15:34
Қараулар: 40
Ерлік даңқы ұмытылмайды!

Ерлік даңқы ұмытылмайды!

Ұлы жеңістің 75 жылдығына орай Чапаев ауылында мерекелік шаралар легі өтті. Елдегі төтенше жағдай салдарынан мерейлі мерекені кең көлемде тойлаудың мүмкіндігі болмаса да, аудан атқамінерлері тыл ардагерлері мен сұрапыл жылдардың куәгерлеріне құрмет көрсетті. Алдымен аудан басшысы Қалияр Айтмұхамбетов пен тыл ардагері Ғилаж Лұқпанов бастаған мерекелік делегация «Даңқ саябағында» орналасқан мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарын бір минөт үнсіздікпен еске алды.

Содан соң аудан белсенділері мен тыл ардагерлері ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткішінің басына жиналып, қаламгер рухына тағзым етті. Аудан әкімі жиналғандарды қасиетті мерекемен құттықтап, аудан халқына ақжарма тілегін жеткізді. «Бүгін ұрпақ жадында мәңгі сақталатын Ұлы Жеңіс мерекесіне 75 жыл толып отыр. Біздің жарқын болашағымыз үшін құрбан болған боздақтар рухына бүгінгі ұрпақ атынан бас иіп, тағзым етемін. Жыл басында Ұлы Жеңіс күнін, ауданымыздың мақтанышы Жұбан ақынның 100 жылдық мерейтойын дүркіретіп тойлауды жұмыс жоспарымызға енгізген болатынбыз. Алайда елде орын алған ахуалға байланысты көптеген мерейлі даталар мен үлкен мерекелерді кейінге шегеруге тура келді. Дейтұрғанмен бүгін өз тарапымыздан шағын адамның басын қосып, мерекені атап өтуді жөн көрдік. Қаһармандарымыздың алдында мәңгілік қарыздармыз. Ерлік ескерусіз қалмауы тиіс», — деді аудан басшысы.

Майдангер ақын ескерткішінің басына да гүл шоқтары қойылып, балғын өнерпаздар ғасырға толған тұлғаның жыр шумақтарынан үзінділер оқыды. Сондай-ақ, жиналғандар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мамандары ұйымдастырған «Ерлікке  мәңгі тағзым» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады.

Салтанатты жиыннан соң аудан басшылығы Ұлы Жеңіс мерекесімен тұспа-тұс 90 жасқа толып отырған «Батыр ана» Қабира Қайыржанқызын мерейтойымен құттықтап шықты. Ерте жастан еңбекке араласып, еліміздің экономикалық әлеуетінің дамып, ұлт демографиясының артуына зор үлес қосқан абзал анаға аудан басшысы алғысхат пен естелік сыйлық табыстады. Осыдан бір күн бұрын аудан басшысы Раушан Слемгаливаға да мерекелік медаль табыстап, өз атынан және облыс әкімі атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс еткен болатын.

Ардагерге автокөлік мінгізді

Жеңістің 75 жылдығына арналған мерекелік шара Ақжол ауылдық округінің орталығы – Ілбішін ауылында жалғасты. Бұл ауылда Ұлы Отан соғысының ардагері Сұпығали Есімов тұрады. Тоқсан төрт жастағы қария құттықтап келген жандарды өз аяғымен қарсылап, алғыс білдірді. Аудан әкімі Қалияр Шадиярұлы ардагер ақсақалға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің және өз атынан алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

«Ауданымыздан соғысқа 11 мыңнан астам сарбаз аттанса, соның 5 мыңнан астамы жау қолынан қаза тапқан. Сұрапыл соғыс миллиондаған жас өмірдің ғұмырын қыршын қиып, қанша ана жесір, қанша бала жетім атанды. Өкінішке қарай, Сұпығали атамыз – ауданымыздағы соғыс отын көрген ардагерлердің соңғысы. Атамызға әлі де ұзақ ғұмыр тілейміз. Ұрпағының ортасында аман-есен отырсын. Елдің жетістігі экономикалық көрсеткіштермен өлшенсе, ел экономикасының ілгерілеуіне жеке кәсіпкерлеріміз айтарлықтай үлес қосуда. Сондай азаматтардың осы ауылдағы бір тобы бейбіт күн сыйлаған ақсақалға алғыс ретінде темір тұлпар сыйлап жатыр. Ардагерін ардақтай білген азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», — деді аудан әкімі.

Айта кету керек, Зайдөк Өтеғалиев бастаған Есей Қалентаев, Аманқұл Батырғалиев, Самат Мұқанов, Айтқаным Қабанова, Ақылбек Сағитов және Тілеген Өтемісов сынды ілбішіндік жеті азамат бірігіп, майдангер қарияға «Лада Гранта» автокөлігін алып берді.

«Егеменді елде өмір сүріп, бейбіт күн кешіп жатқанымыз Сұпығали атамыз секілді батыр ата-бабаларымыздың арқасы. Отан үшін от кешкен қаһармандарымыздың мерекесі құтты болсын! Қасиетті ораза айында ел азаматтары болып, ерлікке тағзым ретінде атамызға темір тұлпар мінгізуді жөн көрдік. Бүгінгі мерейлі датаға байланысты ауылымызда үлкен той болуы керек еді, елдегі ахуалға байланысты осылай шағын топпен тойлауға мәжбүрміз. Ең бастысы – елдің, жанның амандығы. Бір-бірінің шашбауын көтеріп, ел бірлігін көрсетіп жатқан жерлестерге рахмет», — деді Зайдөк Өтеғалиев.

Жеке кәсіпкер Әлия Шоқанова ардагерге су жаңа костюм кигізіп, ақсақалдың батасын алды.

Сонымен қатар өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы ардагерді бейне байланыс арқылы онлайн құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі.

Сұпығали Есімов 1944 жылдың қараша айында Кеңес әскері қатарына алынып, Чкалов қаласында әскери оқу-жаттығудан өтеді. Сержант шенімен Жуков басқаратын І Украина майданында болған. 1170 атқыштар полкінде пулеметші, бөлімше командирі болып, жауға қарсы жан аянбай соғысқан.

Кейіннен соғыс аяқталған соң, Эстониядағы құпия атом зауытында іс-жүргізуші, хатшы болған. Осындағы 3278 әскери бөлімшеде 1949 жылдан 1950 жылдың желтоқсан айына дейін командир қызметін абыроймен атқарды.

Эстонияның Нарва қаласында Сара есімді сұлу қызға үйленіп, отау құрған. 1954 жылы отбасында ұл өмірге келіп, 1955 жылы жарымен, 6 айлық баласымен аман-есен елге оралады.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ