14.05.2020, 15:35
Қараулар: 289
Оңай олжа орға жығар

Оңай олжа орға жығар

Түс мезгілі. Әшейінде түскі демалыста кім мазаласа да, міз бақпайтын мен осыда шыр ете қалған қалта телефонын бірден көтере қалыппын. Телефонның ар жағындағы адам орысша «Здравствуйте, это редакция» деп амандасты. «Иа, иа, редакция» деген менің жауабыма әлгі жігіт «Хотел через вашу газету выразить благодарность» деп тақ ете түсті. Әдетте редакцияға келетіндер мұғалім мен дәрігердің еңбегіне ризашылығын білдіріп жатады. Сөйтсем, бұл азамат осыдан үш жыл бұрын ақ адал малын ұрлаған қылмыскерлерді әшкерелеген  полицейлердің жұмысына мадақ айтайын деп қоңырау шалыпты. Тілшілердің жылт еткен жақсылықты қалт жібермейтін әдеті емес пе, әрі «Малым – жанымның садағасы» деп отырған ауылдағы ағайынның алғысын арқалаған аманатымыз бар, бірден мәселенің мән-жайын анықтау үшін Ақжайық аудандық полиция бөліміне хабарластық.

4 айда 5 қылмыстық топ құрықталды

«Ағымдағы жылдың 4 айында аудан және облыс аумағында мал ұрлығымен айналысып келген 5 қылмыстық топ қолға түсті, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде», — деп бастады әңгімесін аудандық полиция бөлмінің басшысы, полиция полковнигі Ертас Бисенов. Осы топтардың құрамында барымташылық жасап, ағайынның берекесін қашырған 13 ұры қамаққа алынған. Бір сорақысы, ұры алыстан әдейі ат арылтып келмеген көрінеді, олардың үшеуі өз ауданымыздың тұрғындары болса, қалғандары осында туып-өскен, осы аймақтың жай-жапсарын анық білетін, қазірде Орал, Атырау қалаларына көшіп кеткен жерлестеріміз екен.

Аталған топтар Қылмыстық Кодекстің 188-нші «ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енді. Бір-бірімен байланысы жоқ әккі топтардың әрқайсысының үлесіне 2013 жылдан бері жалғасқан 4-5 эпизодтан келеді. «Айналаны түгел шарлап, талайды қан қақсатқан баукеспе ұрыларды қолға түсіру оңай болған жоқ, әрине. Қай қылмыскер болмасын, айласын асырып, ізін жасыруға тырысады. Өзгенің малына әбден құныққан олар өздерінің қылмыстық әрекеттерін алдын ала ойластырып, түгел сайланып барады. Мұның бәрі – алдын ала ойластырылып, сауатты ұйымдастырылған жедел-іздестіру шараларына уақытпен түк санаспай араласып, тергеу жұмыстарын сауатты жүргізген қызметкерлеріміздің еңбегінің жемісі. Осы тұста ізі әлдеқашан суып үлгерген қылмыстардың ашылуына сеп болып, куәгерлерден жауап алу, аймақтарды тінтіп шығу бойынша бірқатар шараларды дер уақытында іске асырған жедел уәкіл Аман Мұстағатов, учаскелік полиция инспекторлары Берік Қоспаев пен Азамат Әлішев, криминалист маман Дамир Жұмағұловтың еңбектерін ерекше атап өткім келеді» — дейді Ертас Бересұлы.

Бейқамдық барда ұры-қары ойран салмай, қайтсін

Ақжайық аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, биылғы 3 айдың өзінде 24 мал жоғалу деректері тіркелген. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен жылдың осы кезеңінде бірде-бір мал ұрлығы тіркелмепті. Оны себебін полиция қызметкерлері биыл көктемнің ерте келіп, тұрғындардың иелігіндегі малын жайылымға ерте жібергендігімен түсіндіреді. Қазірдің өзінде аудандық полиция бөлімінде малын іздестірген ағайынның 39 өтініші бойынша қылмыстық іс қозғалған. Олардың 25-і бойынша іс аяқталуға жақын. Қарап отырсақ, бұл төрт түліктің басым бөлігі еркін жайылымда қолды болған көрінеді. Тек Бітік және Бударинде ғана түн жамылып келген ұрылар ауыл ішін алаңсыз аралап, құлыптанбаған қорадағы қойлардың ішінен шертіп тұрып қоңдыларын таңдап, көлігіне салып алып кеткен. Бүгінде бұл қылмыстық топтан зардап шегіп, 44 бас қойынан айырылғандарға материалдық шығын қайтарылуда.

«Не десек те, Абай атамыз «қазақтың міні – мал ұрлығы» деп өз заманында дөп басып айтса да, өкінішке қарай, қылмыстың бұл түрі азаяр емес», — дейді бөлім басшысы.  Малдың қолды болуына да көбінесе егелерінің өзі мүмкіндік беріп жатады. Бүгінде ауыл-ауылда мал бағымы жүйелі ұйымдастырылған. Ауыл әкімдері бақташының бар жағдайын жасап, алты ай жаз тұрғындардың ірі қарасын қараусыз қалдырмауға барын салып бағады. Десек те, қыс бойы қорада ұстаған түлікті ауыл тұрғындары осы бағымға қосуға қиынсына ма, әлде сиыр басына төленетін қаражатты көпсіне ме, әйтеуір көктем шығысымен еркін жайылымға айдап сала береді. Бұл малыңыз басы ауған жаққа кетті деген сөз. Кез-келген ұры жуас малдың мойнына арқан салып, алып кетер берері хақ. «Тоғай, жазық далаға еркін жіберген малды иесі аптасына, болмаса айына бір іздейтін шығар. «Мына төбенің тұсында жүрген шығар» деп, өзді-өзін сендіріп, жағасы жайлауда жатады. Орнында болмаса, сабылып 2-3 күн іздеп, уақытын да жоғалтады. Содан құқық қорғау органдарына шағымданғанша ұры да ізін суытып үлгереді, – дейді Ертас Бисенов. – Бағымсыз түлік әртүрлі жағдайға ұшырайды. Әр тұрғын малын есепке қойып, сырғалатудың да жөні бөлек. Малды ерте ауыл сыртына бақташының алдына айдап апарып беру тірліктің бір сәні емес пе?»

Малды кім сатып алады?

Бүгінде мал түгілі, аулаңда үрген итіңе дейін құжатын рәсімдеу керек. Заң солай. Құжатсыз тырп ету мүмкін емес. Осы жерде ұрланған малды қалай саудалайды деген сұрақтың ойға оралатыны анық. Бұл мәселе бойынша полиция бөлімінің мамандары жауабы мынадай:

«Бұрын заң бойынша егер ауыл тұрғындары қолындағы малын базарға саудалауға шығарса, міндетті түрде оның құжатына учаскелік инспектор қол қоятын. Қазір бұл талапты алып тастады. Қарамағындағы елдімекендерден кімнің мал сойып, етін ауыл ішінде, ірі орталықтарға апарып сатып жатқандары жөнінде олар сондықтан бейхабар. Ветеринарлық дәрігердің анықтамасы, тіпті жерге тастағанда шаруа қожалығының өзінің қағазы да мал етін саудаға шығаруға жеткілікті».

Бұл қылмыстың тағы бір көзі – облыс орталығындағы алыпсатарлардың бей-берекет саудасы екенін айтады құқық қорғау органының өкілі. Яғни, олар ешқандай құжатты қажет етпейді. Бұл мәселеге қатысты тергеу жұмыстары әлі де жүргізілуде. Демек, мал ұрлығының белең алуына алыпсатарлар жол ашып беріп тұр.

Владимирдің алғысы

Әңгімеміздің басына оралсақ, маған хабарласқан жігіт Мерген ауылының тұрғыны Владимир Болдырев екен. Ұлы орыс болса да, қазақы  ауылда туып-өскен ол өз тірлігін малсыз елестете алмайды. Жеке иелігінде 5-6 шақты ірі қарасы, бірді-екілі жылқысы бар. Осыдан 3 жыл бұрын бірден 3 сиыры, былтыр бие менен қашары жайылымнан қолды болып, ақ адал малынан әп сәтте айырылып қалған ол жоғының табыларынан мүлдем күдер үзіпті де. Ал осы наурыз айында ауылдың учаскелік инспекторы Берік Қоспаев хабарласып, малын ұрлаған ұрылардың ұсталып, келтірілген шығынның өтелетінін айтқанда, жерден жеті қоян тапқандай қуаныпты. «Малымның табылатынына, оны ұрлаған адамдардың ұсталатынына күдер үзгенім соншалық, хабар жеткен уақытта біраз уақыт өз-өзіме келе алмай, аңтарылып қалдым. Өзімізден де бар, өзен жағасына жайып жүре бердім. Бастапқыда өзіміз тауып алмақ болып, біраз іздестірдік. Дегенмен, бұл әрекетімізден түк шықпаған соң, «бақпаған малдан қайыр аз» деп, қолды бір сілтедік. Бұл бір үлкен тосынсый болды. Полиция қызметкерлерінің халықтың бас амандығын қорғаумен қатар бұқара үшін жатпай-тынбай  атқарған еңбектеріне шынайыалғыс айтамын. 6 бас малды 1 миллион теңгеге бағалағанмын, қаражат түгелдей қайтарылды», дейді Владимир.

Малды ауылдың мазасын қашырған осы қылмыстық топтың әрекетіне тоқталып өтсек. Бұл ұйымдасқан топта Мерген ауылының екі ағайынды жігіті және Орал қаласынан келіп, осындағы шаруа қожалығында жалданып жұмыс істеген азамат болыпты. 2017 жылы Владимирдің жазықта жайылып жүрген 4 басын қолды қылған олар кейін бақташысыз бағылған малды оңай олжа көріп, жымысқы әрекеттерін жалғастырады. Алдымен шаруа қожалығындағы басты ұйымдастырушы шайтанарбасына мініп, айналаны барлап келеді екен. Артынша ауылдағы қолшоқпарларымен хабарласып, иесіз қалған малдың бағдарын айтып, бірлесіп айдап келеді. Айдағанда да өз жұмыс істейтін қожалықтағы қораға әкеліп соятын көрінеді. Бірін өздерінің азығына жаратса, енді бірін Орал қаласындағы базарға апарып, сатып жіберген.

Тек 2019 жылдың өзінде тамызда бұл топ ауыл тұрғындары Плотниковтың ойсылқарасын, қыркүйекте Айтжановтың жылқысын ұрлап кетеді, ал қазанда Жұмағалиевтің жол бойында жайылып жүрген жылқысын мылтықпен атып алыпты.

Өздерін жазасыз сезініп, жұрттың малын тап бір атап берген бәсіресіндей алдына өңгеріп алып жүре берген олардың айласы бір күнде-ақ тұтылды. Бұрыннан күдікке ілінген оларды полицейлер 26 наурызда ұстап, тінту кезінде қожалық қыстағынан тіркелмеген қару-жарақ, оқ тәркіленіп, 1 қашардың еті табылыпты. Бұлтартпас айғақтармен ұсталған қарақшылар ауыл маңында жасалған мал ұрлығының 7 фактісін мойындарына алып, қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен ауылдастарының материалдық шығындарын толық өтепті.

Полицейлердің еңбегі ерен

Бұл жолы ұрылар ұсталды. Ал сол  ұрлық ашылмаса, малы табылмаса, иелері бақпаған малының өтемін полицейлер қайтару керектей желөкпеленіп жатады. Ал әр қылмысты ашу үшін олардың қаншама еңбектеніп, тер төгетініне бас ауыртқылары келмейді. Көбісі жоғалған малы табылғанда, Владимир секілді алғыс та айтуға жарамай жатады. Таба алмаса, қаралап, ит сілікпесін шығарады. Қарап отырсаңыз, учаскелік полиция инспекторының мал іздеуден де басқа жұмысы жеткілікті. Мектеп оқушыларының құқықтық тәрбиесінен бастап, ауылдағы барлық дау-дамайды шешіп, тіпті ер мен әйелдің арасында бітімгер болатын кездері де болады. Ал жоғалған малды іздеуге оның кем дегенде бір апта уақыты кетеді. Мүмкін, «Іздесе – олардың жұмысы» деп,  бұл пікірге қарсы шығатын адамдар да табылар. Дегенмен, иелігіңдегі мүлікті сақтау тек қана полицияның міндеті емес, ол – біздердің әрқайсымыздың міндетіміз екені рас. «Ауыл ішіндеміз ғой» деп, алаңсыз қораны ашық-шашық тастамай, құлыптап, айдалаға малды еркін жаймай, бақташыға ілестірсек, полицияның жұмысына едәуір көмек болар еді. Сонда ғана кісі малын адал асындай қылғытқан ұрылар айылын жиып, аяғын тартары анық.

Әлия ШАРАПИЕВА

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар