14.05.2020, 15:39
Қараулар: 130
Капитан Қаби

Капитан Қаби

Біздің тарихымызда өшпестей із қалдырған Үлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 75 жыл. Біздер, кейінгі ұрпақ  соғыс туралы кітап, газет-журналдан оқып, теледидардан қарап білгеніміз болмаса, көзбен көрген емеспіз. Бірақ, жан түршігерлік сол жылдардың өрті шарпымаған бірде-бір отбасы жоқ елімізде. Сол сұрапыл жылдардың куәгері болған, жау қолынан елге аман-есен оралып келгендердің бірі — Көнеккеткен ауылының тұрғыны марқұм Нұғманов Қаби Нұғыманұлы. Көзкөрген ауылдастарымыз ол кісінің еңбекқорлығы, батылдығы туралы әлі күнге тамсана айтады. Мен де майдангер атамыздың өмірі туралы көп білсін деген ниетпен қызы Гүлсім Қабиқызымен сұхбаттасып, мектебіміздегі мұражайдағы деректерді ақтара отырып, біраз мәлімет жинақтадым.

Ардақты азамат 1906 жылы Жаңақала ауданының № 10 ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұғыман кедей шаруа, байдың малын бағып, жалшылықпен күнін көріпті. Сол кездегі Сталин атындағы сельхозартелде жұмыс жасай жүріп, өзі сауатсыз болса да, білімнің құдіретін түйсінген әке баласының білім алуы үшін бар жиған-тергенін аямапты. Осылайша Қаби ата 1923-28 жылдары әскери мектепте білім алады. Сауатты болып, бірден көзге түсіп, офицерлер дайындайтын мектепке жолданады. Ал 1928-31 жылдар аралығында Орта Азия әскери округінің дивизия құрамында қатардағы курсант, кейін бөлім командирі, командир көмекшісі болған. 1931-1934 жылдар аралығында ОАӘО-нің әскери училищесінде білім алып, взвод командиріне дейін шені көтеріліпті.

1931-1934 жылдары Алматы қаласындағы қазақ атты әскер полкінде қызмет етіп, Орта Азиядағы соғыстарға қатынасып, кейін Киевтің әскери округіне ауыстырылды. Кейін Пархоменко атындағы 14 атты дивизия құрамында 1939 жылы Батыс Украинаны кеңес үкіметінің жауларынан азат ету жолындағы шайқастарға қатысқан.

Қаби ата Ұлы Отан соғысына осы Украина жерінде жүріп араласыпты. Жанкешті сол айқастардың бірінде Қаби Нұғманұлы ауыр жараланады. Денесіне снарядтың 21 жарқыншағы қадалып, 14 тісі опырылып, ауыр жаралы күйінде Полтава облысының Орлице далалық госпиталында жатады. 1941 жылдың күзінде госпиталды немістер басып алып, жаралы жауынгерлердің бәрін тұтқындап, Полтава облысының Хорол қаласындағы мүгедектер үйіне қамайды. Немістер жұмысқа жараған жауынгерлерді сол маңдағы «Серп и молот» колхозының жерінде қызметке салып, 1943 жылы күзінде жауынгерлерді іріктеп, Германия жеріне  көшіреді. Ішінде қаһарман жерлесіміз бар 36 жауынгер жолшыбай қашып шығып, партизан отрядына қосылған. Халық кекшілдерінен құрылған «КОТ» партизан отрядын сол кезде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Олексенко басқарған екен. Партизандар қазақ жігітінің әскери сауаттылығын, батырлығын байқап, оны взвод командирі етіп, небары 3 айдан кейін партизандар барлаушылар отрядының командирі етіп тағайындалады.

Қаби Нұғыманұлы партизан отрядында 1944 жылдың мамыр айына дейін болып, кейін негізгі әскерге қосылады. Украина жеріндегі шайқастардың бірінде тағы ауыр жараланып, сол аяғынан қатты жарақат алып, 1 ай емделеді. Одан кейін де майдан шебіне аттанып, сұрапыл шайқастардың бел ортасынан табылды.

1945 жылы кеңес әскері елге оралғанымен Қаби Нұғмановтың әскери қызметі жалғасып, енді Қиыр Шығыстағы фашистік Жапон армиясымен соғысқа аттанады. Жауынгер  еліне тек 1947 жылы оралыпты. Елге келген соң да күйреген тірлікті қалпына келтіріп, ауыл шаруашылығын өркендетуге ерен еңбегін сіңіреді.

Солақай саясаттың тиген салқыны, майдангер «неміске тұтқынға берілдің» деген жаламен әскери марапаттаулар мен капитандық әскери шенінен де айырылыпты. Тек 1957 жылдың 16-тамызда Қаби атаның капитан шені ресми түрде өзіне қайтарылды. Үнемі әскери гимнастеркасын киіп жүргендіктен шығар, ауылдастарымыз оны Капитан Қаби деп атап кеткен. Бүгінгі таңда Ораз Исаев  атындағы орта жалпы білім беретін мектебіндегі «Шежіре тұнған құт-мекен» атты тарихи-өлкетану мұражайында әскери киімдері (бас киім, китель) мен құжаттары сақтаулы тұр. Оны қызы Гүлсім Қабиқызы тапсырған екен.

Қаби Нұғыманов отансүйгіштігі, ержүректілігі, әскери біліктілігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен наградталып, «Ерлік үшін» және мерекелік медальдармен марапатталған. Ол 92 жыл жасап, 1998 жылы дүние салды.

Зайыбы Мүслимен отау құрып, үш қыз, екі ұл сүйді. Қазіргі таңда Көнеккеткен ауылында тұратын қыздары Гүлсім Қабиқызы – зейнеткер, Көнеккеткен ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрайымы, немере – шөбере сүйіп отырған аяулы әже. Ұлы Талап пен қызы Орынша да жастайынан ауылдың берекесінің артып, тірлігінің шалқуына еңбек еткен жандар..

Отан үшін от кешкен жерлестердің ерлігі ешқашан ұмыт қалмайды, ұрпақ жүрегінде мәңгі сақталмақ.

Нұргүл Темірғалиева,

Көнеккеткен ауылы