14.05.2020, 15:43
Қараулар: 141
Әулеттен кеткен бір боздақ

Әулеттен кеткен бір боздақ

75 жыл бұрынғы 9 мамыр,  адамзат зердесінде төрт жылға созылған зұлмат соғыстан кейін бейбітшіліктің бірінші күні, бейбіт өмірдің жылнамасы басталды. Жеңістің таңын атыру үшін жанын пида етіп, еліне оралмаған ерлерді бүкіл ел болып еске түсіреміз. Қан майдан сансыз көп жауынгердің өмірін қыршынынан қиғаны қабырғаны қайыстырады. Солардың бірі – менің әкем Нұри Капуовтың ағасы Мұхамбетжан. Ол  1924 жылы Базартөбе ауылында дүниеге келген. Соғыс басталғанда бала мұрты енді тебіндеген бозбала болса керек, ол тек 1942 жылы мектепті бітіріп, ауылға есепші болып жұмысқа кіріседі. Мұхамбетжан мектепте үздік оқыған, комсомолға өтем деп құжат алған кезде жасын асырып көрсетіпті. «Ұлым майданға жас кетті»  деп атаң айтып отыратын еді»- дейтін әкеміз.

1942 жылдың күзінде 18-ге толысымен Мұхамбетжан ағам өзі сұранып, соғысқа аттанады. 1942 жылдың күзінен 1943 жылдың шілдесіне дейін ұрыс қимылдарына қатысқан Мұхамбетжан гвардия кіші сержантына дейін өседі.

Курск доғасындағы Ұлы танк шайқасына қатысқан гвардия кіші сержанты Қапуов Мұхамбетжанның 1943 жылы 26 шілдеде Курск облысы (қазір Белгород облысы), Прохоров ауданы, Крапивные дворы деревнясы аумағында Отан үшін ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз келеді. Атам Ғапу  үлкен ұлы Мұхамбетжан  майданда болған кезде әйелі қайтыс болып, кіші екі ұлы мен кішкентай қызымен қалған еді.

1987 жылы облыстық «Приуралье» газетіне «Просим отозваться» деген мақала шығады. Ол мақаланы Белгород қаласының пионерлер үйінің «Красные следопыты»  іздестіру тобы берген екен. Іздестіру тобы Белгород қаласының бауырластар зиратында біздің облысымыздың сегіз жауынгері бар екенін анықтаған. Бауырластар зиратына жерленген жауынгердің бірі – біздің ағамыз  Мұхамбетжан. Іздестіру тобы бауырластар зиратындағы қазақстандық жауынгерлердің туыстарын  9 мамыр қарсаңында өтетін еске алу шарасына шақырып, хат жазды. Белгород облысындағы бауырластар зиратына апаларымыз Айман мен Шолпан барып, гүл шоқтарын қойып, зират басынан бір уыс топырағын елге жеткізіп, інісі Нұридің бейітіне салды. Осылайша екі дүниенің бірінде ағасымен қауышуды армандаған әкеміздің тілегі орындалды.

Майданның алғы шептерінде қайсарлықпен шайқасып, ерлікпен қаза тапқан ағамызды мақтанышпен еске аламыз. Өкініштісі, ағама топырақ майдан даласынан бұйырып, туған жеріне жете алмады, қыршынынан қиылып, жар сүйіп те үлгермеді.

Соғыс жараламаған жүрек жоқ, елінің азаттығы үшін шет жерде жаны үзілген боздақтардың, көп тағдырдың бірі ретінде елге жеткізу – біздің парызымыз.

Әсима Қапуова,

Тайпақ ауылы.