14.05.2020, 15:47
Қараулар: 129
Ішсең қымыз, жесең қазы…

Ішсең қымыз, жесең қазы…

Шегініс

Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер поэмасындағы:

«Жанына еліміздің жылқы жаққан,

Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.

Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы;

Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан», — деп келетін жыр жолдарын қамбар ата түлегін ұстайтын әрбір қазақ жатқа айтады. Сайын дала төсінде еркін өскен көшпелі қазақ өркениеті үшін жылқының қаншалықты маңызды болғанын осы бір шумақтан-ақ түсінуге болғандай. Ал, қазір ше? Мініс көлігі ретінде жылқы түлігін пайдаланатын жандардың қатары сиреді. Оған бола налудың қажеті жоқ, себебі жылқының орнын техника басты. Отырықшы мәдениеттің өмір дағдысы да ат үстінде күн өткізуді қажет етпейді. Бір өкініштісі, тек ет пен қымыз ретінде қарау, жылқы тұқымының жаппай жабыланып, қазанаттың жойылуына әкелгендей. Тоқырау кезеңінде сиырды әспеттеп, жылқыны жойғанымыз да рас. Оған Кеңес үкіметі ыдырағанда жеке шаруашылық жүргізуге дайын болмағандығымызбен қатар, заңсыздық пен ұрлықтың көбеюінің де көп кесірі тиді. Ауылдарда мінетін ат болмағанын көзбен көрдік. Кейіннен қазақ үшін жылқы ұстаудың тиімді екенін түсініп, қожалық иелері ірі қарамен қоса, жылқы шаруашылығын да дамыта бастады.

Алайда, бұл қазақтың жылқыға деген құмарлығы кеміді деген сөз емес. Жыл сайын ат спортын дамытуға бағытталған жобалар жасақталып, федерациялар мен клубтар ашылып жатады. Қарапайым әлеуметтік желіде жылқы туралы видео көрсе, ұлты қазақ пікір жазып, тақымы атқа тимеген қалалық ұлдың да делебесі қозып отыратынын байқаймыз. Атқа құмарлық, тұлпарға тақымымыз тисе, көңіліміз көкке көтеріліп шыға келетіні – біздің дәуірлер бойы тегімізге жазылған, жойылмайтын ақпарат.

Жылқы мен сиыр бордақылауда

Бүгінде бәйгеден ат оздырып, жылқы айдап, бие байлап, желісі құлыннан босамай отырған шаруалар аз емес. Ақсуат ауылдық округіне қарасты «Ұялы» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалым Джалимов – болашақта қымыз өндірісімен айналыспақ. Ет шаруашылығы да – бұл қожалықтың басты бағыты. Үй маңында бір-біріне тіркестіре салынған ауданы атшаптырым тас қоралар болашақта мал бордақылаумен айналысатын жандардың жоспарынан хабар беріп тұрғандай.

2007 жылы шаруа қожалығы ретінде тіркеліп, жұмысын бастаған кейіпкеріміз ірі қара мен жылқы өсіруде. Ауданның негізгі бағыты мал шаруашылығы болғанмен, сүт өндірісі кемшін. Жеке қожалықтардың басым бөлігі мал бордақылап, етке тапсырумен айналысады. Сондықтан өңіріміздің географиялық жағдайына бейім ақбас тұқымды сиырларға деген сұраныс көп. Ғалым Кәрімұлы да 2017 жылы 100 ақбас қашар сатып әкеліп, бүгінде ірі қара санын көбейтіпті. Көктемде ет базарға жіберілген семіз өгіздерді есепке алмағанның өзінде 150-ден астам сиыр бар.

Ұялы шаруа қожалығының жылқыға деген көзқарасы мүлде бөлек. Қазірдің өзінде мұнда 600-ге тарта Қамбар ата түлігін бағып отыр. Шаруашылық жетекшісі бірер жылдан бері БҚАТУ мамандарымен бірлесіп, жылқы тұқымын асылдандыру жұмыстарымен айналысып келеді. Біз барған кезде мініс аттарды кестіріп, жігіттер қызу шаруашылықпен айналысып жатыр екен.

Бордақылау алаңында тұрған 100 қаралы саяққа көзіміз түсті. «Бұл сәуріктер екінші сорт жылқылар. Мамандардың араласуымен сұрыптау жүргізіп, жоғарғы сұрыптан өткендерді тұқымға қалдырамыз немесе басқа шаруашылықтарға тірілей сатамыз. Ал мына тұрғандардың барлығы етке өткізіледі. Қоршауда шөбі мен арпасы салынып тұрған жылқы тез салмақ жинайды. Екі айдан астам тұрғанда, әр жылқы 50 келіден жоғары салмақ қосады», — дейді кейіпкеріміз. Жоғарыда айтып өткендей, мал бордақылайтын қоралардың көлемі ат шаптырым. Жаңадан салынып жатқан бір пункттің іші толық жабдықталып бітпепті. Шаруашылық иесі болашақ жоспарымен бөлісті.

«Өткен жылдан бері жаңа жобаны жүзеге асырғымыз келіп, жанталасып жатқан жайымыз бар. Қожалығымыздағы мал басын көбейтіп қана қоймай, өздерің көріп тұрған қораларда 500 жылқы мен 1000 бас ірі қара бордақылағымыз келіп тұр. Әрине, осынша малды бір шаруашылықтан шығарып, жемге байлау мүмкін емес. Сондықтан көршілес шаруалардың баспақтары мен тай-құнандарын сатып алу да ойымызда бар. Бізден бұрын айналысып келе жатқан ірі кәсіпорындардың тәжірибесіне сүйеніп, ойлаған мақсатымызды жүзеге асыру бағытында жұмыстанатын боламыз. Биылдың өзінде 200 бас жылқы бордақыладық. Қоралардың ішкі жұмыстары аяқталса, астауларын орналастырып, күзге дейін мал байлауға дайындап қоямыз», — дейді ол.

Қымыз өндірісін қолға алмақ

Шаруа қожалығының жетекшісі бие байлап, қымыз өндірісін де жандандыруды жоспарлап қойыпты. Бие байлауға арнайы орын жабдықтап, вакуум арқылы саумал ағызатын құбырлар орнатылыпты. Кейіпкеріміздің айтуынша, күніне мың литр саумал өндіріп, шыны құтыға құйып өткізетін сауда орындарымен келісімшартқа отырмақ. Арнайы тауар белгісі жапсырылып, дүкен сөрелеріне жететін қымыз аудандық брендке айналуы тиіс.

Қолынан іс келетін азамат үшін бұл өндірісті дұрыс жолға қою қиындық тудырмайтынын сұхбат барысындағы нық жауабынан байқадық. «Қазіргі таңда қазақ өзінің ұлттық құндылықтарын дәріптеп, рухани қазығына қайта оралды. Үлкен отырыстарда, зиялылар бас қосқанда дастарханға табақ тартылып, қымыз ішіледі. Түрлі сырқатқа шалдыққандар арасында саумалға деген сұраныс көп. «Тіпті бие байласаңыздар, шаруашылықтарыңыздың жанына лагерь құрып, саумал ішіп сауығамыз» деп әзіл-шыны аралас, қолдау білдіретіндердің қатары көп. Қымыз өндіріп, қалаға қатынауға шаруашылығымыздың орналасқан жері де қолайлы. Орал – Атырау тас жолының бойында орналасқандықтан, тауар тасымалына да оңай», — дейді Ғалым Кәрімұлы.

Шын ниетпен кіріссе, қымыз өндірісі де аяққа тұрар. Қазы жеудің қамын күйттей бермей, қазанат өсіруді де қолға алсақ, қазақтың жоғалғанының орны толыға түсер ме еді. Ауданымызда мыңдап жылқы өсіріп, жергілікті жылқы тұқымын асылдандыруға шындап кірісіп жүрген жандар да жеткілікті. Жүргізген сұрыптау жұмыстары туралы мақала емес, ғылыми еңбек жазуға болатын азаматтарға да арнайы сапар жоспарланып тұр. Ал, жылқы бордақылап, бие байлап отырған азаматтың жұмысына сәттілік тіледік.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ