14.05.2020, 16:01
Қараулар: 133
Зұлмат күндерден естелік

Зұлмат күндерден естелік

1941-дің жазынан соғыс аяқталғанша әкелер алапат соғысқа аттанса, ата мен немере «мылтықсыз майданға» – мәңгі бітпестей болған тылдың жұмысына жегілгені мәлім. «Барлығы да майдан үшін, барлығы да Жеңіс үшін!» деген ұранмен балалығын құрбан еткен соғыс кезінің балалары да бүгін ата-әжелік жасқа жетті. Төрт жыл ұйқылары бір қанбай, бала болып ойнай да алмаған сол «жеткіншектердің» бүгінде арамызда барына шүкір етеміз. Солардың бірі Битілеу ауылының тұрғыны, тыл ардагері Нәзира әже туралы жазып, оның өмірбаянынан сыр шерткім келеді. Нәзира Әбілқайырова 1928 жылы дүниеге келген.Екі қыз ,бір ұл тәрбиелеп өсірген ана. Өрімдей жас кезінен жеңіске бір қадам болса да жету үшін талмай, тынбай еңбек еткен әженің үйіне жиі барамын. Осылай бір жүздескенде абзал анадан тыл жылдарындағы естеліктерімен бөлісуін сұрағаным бар.

Әліде болса бойында күш қуаты бар әжеміз әрдайым күлімдеп қарсы алады, осыда да сол әдетінен таймады. Менің келуімнің себебін білген кезде, сәл мұңға батып алды. Әрине, басынан өткен қиын күндерді еске алу оңай емес. Ойлы жүзінен, мұңға толы жанарынан көп нәрсені айтапай-ақ аңғаруға болады.

– Әкемізден жастай қалдық,  – деп бастады әңгімесін ол. 1941 жылы әкем соғысқа аттанғанда мен 14 жасқа да толған жоқпын, ал інім Тұяқ небары 8 жаста еді. Жалаң аяқ , киерге киім жоқ, ішерге ас жоқ күндер де өтті басымыздан. Анамыз хал-қадірінше бізді асырап бақты. Қарасудан аттанған әкем соғыстан оралған жоқ.

Ауылда Орынғай деген бригадир бар шаруаны байқастап, ұйымдастырып жүретін. Егін салынатын, ауылда тайлы-таяғымыз қалмай, егістік науқанында қырманға аттанатынбыз. Сол егіннің бір масағын да далада өрген тышқандарға жем қылмау үшін бізге тышқанның ініне у салдыратын. Жеті қыз бірге жүреміз: Мұстақима, Сәлен, Қамия, Нағима, Бәтима, Ырысқаным, Уәсилә. Бір – бірімізге сүйеу болушы едік. (Құрбыларының есімдерін атағанда ғасырға жуық ғұмыр сүрген ананың оларға деген сағынышы сезіліп тұрды. Бәрі де о дүниелік болған екен)  Уәсилә екеумізді көп кешікпей пішен үюге ауыстырды. Күші көп деп екеумізді алға салып жұмсайды. Екі алақанымыз күлбіреп кетеді. Тығылып жылап аламыз. Ол кезде тәртіп қатал. Басымыздағы шыт орамалдың шетін жыртып, қолымызды байлаймыз. Баланың көз жасын байқаған шығар, Стамғазы деген қарт бізді аяп: «Әй, қыздарым- ай қиналдыңдар ғой. Әй, ит Герман-ай , ит Герман, сендерге жап- жастай қиянат жасады- ау», деп күбірлеп жүретін. Не керек, сол пішенді өгіз арбамен тасимыз. Киетін аяқ киім жоқ. Қайыстан тігілген шапатамыз болды. Жаңбыр жауса, кеңіп кетіп, жүре алмаушы едік. Арамызда хат танитын Мұстақима. Ауылға келген хаттарды оқып беруші еді. Хат келген күні әрі қуанып, әрі жаман хабардан үрейленіп, көңіл алай-дүлей болады. Мұстақима мен Сәлиманың әкесінен «қара қағаз» бір күнде келді. Бригадир жылауға тиым салатын: «Жауды көз жаспен жеңе алмайсыңдар, тек еңбекпен жеңесіңдер», дейтін. Сол қарттың айтқанын орындайтынбыз. Жұмыс жасап жүріп, ешкімге көрсетпей,  іштегі қайғыны шығарып, жылап аламыз. Бала тәніміз қара жұмысқа қайысады-ау, бірақ жан жарасы одан да ауыр.

Әжеміздің айтуынша, ауылдан бірден 4-5 арбаға тиеліп, соғысқа 27 адам кетіпті. Жадының мықтылығын айтсаңызшы, есімдерін жаймен атап өтті: Қабдыр, Сисенғали, Кемел, Қадір, Есқайыр , Мұқан, Мұқадес, Қуан , Ишанғали, Сүндетқали , Мықтым, Бисек Әмір, Сабыр, Сапар. Солардың көбі соғыстан оралмаған. Соңдарынан жылап шығарып салған әжеміз «Ол кезді еш уақытта ешкімнің басына бермесін. Біз сонда да шүкіршілік етуші едік. Себебі басқа жерде соғыстың зұлматы ауыр екенін түсінетінбіз. Төбемізден бомба түсіп, үйіміз ойрандалып жатқан жоқ».

Ауылдасы Бисек ағадан «қара қағаз » келіп, садақасын өткізгеннен кейін өзі келгені бала қыздың көңіліне үміт ұялатады. Бір қателік болған шығар деген оймен әкесін күтіп, көңілі елегізейтін.

Әңгімесінің соңында бала күнгі көрген қиындықтарын бүгінгі бейбіт өмірдің садақасына балаған ана көптен көрген құрметке ризашылығын білдірді: «Елімнің тыныштығын, өсіп –өнгенін , өркендегенін, гүлденгенін көріп қуанып отырамын . Ұзағынан болсын деп тілеп отырамын. Аты жаман кесел тез жойылсын. Аман- есен болайық – деп сөзін аяқтады.

Бір қуаныштысы, тура Ұлы Жеңіс мерекесінде ауылымыздағы «Мұқаш» шаруа қожалығының жетекшісі Алаужан Мұқашев тыл қаһарманы Нәзира Әбілқайыроваға арғымақ мінгізіп, көптің алғысына бөленді.

Майдандағы жауынгердің көзсіз ерлігі, тылдағы қария, әйел мен баланың ерен еңбегімен келген Жеңістің құдіретін ұмытпайық!

Сандуғаш ҚОНЫСБАЙҚЫЗЫ,

Битілеу ауылы.