14.05.2020, 16:03
Қараулар: 199
Мақтааралға көмек

Мақтааралға көмек

Әлемді індет жайлағанда еліміздің оңтүстік аймағындағы Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекенді су басып, жүздеген адам зардап шекті.

Тілсіз жаудың зардабын тартқандарға көмек көрсетуде  ел жұртшылығы ұлтымызға тән бірлігін, елдігін танытып, апатқа қарсы бар күшін жұмылдыруда. Қайырымды істен аудан жұртшылығы да шет қалып жатқан жоқ. Талай игі шараның басы-қасында жүрген аудандық мешіт ұжымы аудан әкімдігімен бірлесіп, Мақтааралдағы ағайынға тұрмысқа қажет тауарлармен көмек көрсету жөнінде бастама көтерді. Аз ғана уақыттың ішінде қайырымды жандардың арқасында 400 мың теңгенің көлемінде шаруашылық тауарлары жинақталды.

Шарапаты мол бастаманы қолдап, көмектен тартынбаған ақжайықтық ағайынның аманаты Орал орталық мешітіне жеткізіліп, Мақтааралға жол тартқан жүк көліктеріне тиелді.

«Кең болсаң, кем болмайсың» деген қағиданы ұстанған халқымызда айналасындағы мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қол ұшын созып, көмек көрсету – игі дәстүр. Қасиетті Рамазан айында айтып келмейтін апаттан жапа шеккендермен қолда барын бөліскен ағайынға мың алғыс», — дейді игі шараның басы-қасында жүрген аудандық мешіттің бас имамы Ерлан Айтенов.

Ә.СЕРІКҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар