22.05.2020, 9:27
Қараулар: 142
Көні кепкен канал, күрт көбейген кене…

Көні кепкен канал, күрт көбейген кене…

Күні кеше Шабдаржап ауылынан бірер азамат қоңырау шалып, мал-жанды алаңдатып отырған су тапшылығы туралы шағымданды. Тайпақ ауылдық округіне қарасты аталмыш ауылдың көптеген шаруа қожалықтары Бағырлай каналын жағалай орналасқан. Алайда 4-5 жыл қатарынан су келмеген каналдың бойы бүгінде мал ұстауға қолайсыздық тудыруда. Канал арнасының тереңдеу орындарында тұрып қалатын су да қашанға жетсін, бүгінде сай-саланың көбі суалып, бары батпаққа айналған. Бұл жаққа қар да сирек жауатыны оқырманға мәлім. Ауыл тұрғындарымен әңгіме барысында түсінгенім бойынша Дөңгелек су қоймасынан канал арқылы төртінші Бағырлайға қарай қанша бағыттаса да, Шабдаржапқа дейінгі көптеген шаруашылықтар орта жолдан ағысты бөгеп, төменге қарай жібермейді екен.

«Бағырлайдан тек қана шаруа қожалықтарының малы ғана емес, ауылдың төрт түлігі де су ішіп келді. Биыл су мол болатынын естіген кезде, иығымыздан жүк түскендей болып едік. Бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Оның үстіне каналдар арқылы Дөңгелек су қоймасынан жіберілген аз суды Бағырлайға жеткізбей, жолдан жырып әкететіндер көп. Біз жақтағы ағайын малға ішетін су таппай жатса, жоғарыдан жайылымға су жіберу – ақылға симайтын нәрсе. Қазіргі таңда бірер шаруашылықтың маңындағы шұңғымада қалған лай суға күніміз түсіп отыр. Үйренген бағытынан ішерге су таппаған малдың жан-жаққа босып, жоғалып кетуі де жиілейтіні белгілі. Ауыл маңындағы жайылымда қаптап жүрген көрші Атырау облысының жылқылары бөлек әңгіме. Өз аумағында жайылым азайған соң, көршілердің малы біздің тұсымыздағы жерлерге ауыз салады. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, су таппай отырғанда, жайылымды бөтен малдың таптағаны жақсы емес. Елбасымыз да, Президент те әр үндеуінде ауыл шаруашылығын дамыту жайында сөз қозғап жатады. Ал, біздегі жағдай осындай. Оның үстіне былтырдан бері далада кене көбейіп тұр. Бірінші жылы табиғаттың уақытша құбылысы ретінде қабылдап, аса мән бермегенбіз. Алайда қансорғыш зиянкес биыл да өткен жылғыдан аз емес. Күн салқын кездің өзінде қойдың кене шаққан жері құрттап, малдың оңалуына зияны тиіп жатыр. Жайылысқа кеткен малдың бауыры кешкісін кенеден тұтасып оралады. Қолдан келгенше амалдап жатырмыз. Алайда зиянкестерге қарсы күресте тек ауыл адамдары дәрменсіз. Іргелес Жаңақала ауданында кененің кесірінен жылқылардың өлуі тіркеліп жатқаны туралы ресми БАҚ өкілдері жариялап жатыр. «Мал қайғысы, жан қайғысы» демекші, бұл жәндік көбейсе, кім-кімге де оңай болмасы кәміл», — дейді Шабдаржап ауылының тұрғыны Жеңіс Нашанов.

Ватсап мессенджері арқылы маған түскен хабарламалардың да дені осыған саяды. Арнасы суалған канал бойындағы батпаққа батқан малдың саны да күн санап артуда.

Қожалық иелерінің қынжылуының реті бар. Ауданның төменгі жағындағы Атыраумен шекаралас аумағы түгіл, жоғарыда орналасқан ағайынның да көкейінен «канал суы қаншаға жетеді» деген сұрақ кетпейді. Ауыл шаруашылығына қатысты әр мақаланың ішінде көтерілетін өзекті мәселе де осы – су. Ауыл тұрғындарының Бағырлайдан ағыс көрмегеніне бес жыл өтсе, осы уақыт арасында қаншама лауазымды тұлға ауысып үлгерді десеңші. Ой – жүйрік, қай саққа жүгіртсең де, ауыл азаматтарының жанайқайы жоғарыға жетпей тұр. Қарапайым шаруалар болса, «айтақтай-айтақтай қасқырдан ұят болды» деп, барлығына қолды бір сілтегенге ұқсайды. Өзекті мәселе шешілмеген соң аудан атқамінерлеріне деген сенім де сөне бастайтыны рас. Жаны күйген шабдаржаптықтар осы мәселенің шешілуі үшін газет редакциясына бірнеше рет хабарласты.

Мамандар не айтады?

Жоғарыдағы жағдайға байланысты аудан әкімінің орынбасары Асқар Абуғалиевке жолыққанбыз, лауазымды тұлғаның аталмыш жайтқа өзі де алаңдаулы екенін байқадық. «Барлық мәселе Жайық өзеніндегі судың деңгейіне байланысты болып тұр. Жайық көтерілсе, Дөңгелек су қоймасына да су жақсы барады, тиісінше барлық жерге жетіп артылатын. Қазірдің өзінде су жоқ емес, аз болса да, келіп жатыр. Өзіңіз айтып отырған төртінші Бағырлай каналына жеткенше, жолда көптеген шаруашылықтардың бойынан өтеді. Қала берді, Алмалы ауылдық округінде қаншама адам бақша егіп отыр. Бұл шаруалардың жағдайы да толықтай канал суына тәуелді. Мөлшері аз суға тұтынушының көптігінен Шабдаржап ауылының тұсына су жетпей жатыр. Біз өз кезегімізде канал бойында орналасқан шаруашылықтардың шабындықтарына су жібертпей, Бағырлайға баруын қадағалап жатырмыз. Себебі төмендегі шаруалар мал суаратын су таппай отырған кезде, жайылым мен шабындыққа канал ағысын бұру дұрыс емес деп есептеймін. Әйтпесе, Бітік, Үштөбе ауылдарында да су тапшы.Облыс көлеміндегі негізгі магистралды каналдардың барлығы «ҚазСуШар» РМК теңгерімінде болғандықтан, су деңгейі мен мөлшерін есептеп, ретке келтіріп отыратын жалғыз мекеме сол. Біздер өз тарапымыздан аудандағы ахуалды хабарлап, аталмыш мекемені құлағдар етіп отырамыз.

Айта кететін тағы бір мәселе – бұрын Жайықтың Көшімге құяр жерінде үлкен су айдағыш насос болатын. Соның арқасында Жайық суының көтерілу-көтерілмеуіне қарамастан каналдарға толассыз су айдалатын. Соңғы жылдары ол құрылғы жұмысын тоқтатты. Сондықтан тек қана көктемгі Жайық деңгейіне тәуелдіміз. Қазіргі таңда қайта жаңғыртуды талап ететін мәселенің бірі осы. Халық та осыны қалап отыр», — дейді Асқар Батырханұлы.

«ҚазСуШар» РМК-не қарасты Дөңгелек су қоймасының инженер гидротехнигі Қадыр Бақмановтың да пікірі осыған ұқсас. «Төртінші Бағырлай каналы Дөңгелек су қоймасына тәуелді болса, қазір аталмыш су қойма 50 пайызға ғана толды. Жоғарыдағы судың қысымы төмен болғандықтан, ағыстың да баяу болары сөзсіз. Өзен суының азаюына байланысты аталмыш каналға 2015 жылдан бері жөнді су келген жоқ. 27 шақырымдық Бағырлайдың тек 4 шақырымында аз мөлшерде су қалды. Биылғы жағдай мүлдем қиын. Біз өз кезегімізде аудан орталығындағы әріптестерімізбен бірігіп, Бағырлайдың төменгі бөлігіне су жеткізу бойынша жұмыстанып жатырмыз. Ақпан айынан бері канал арнасын тал-терек пен қамыстан тазалап, жайылмаға шығып кету қаупі бар жерлерді бітеп жатырмыз. Судың тез келуіне канал арнасының тазалығы да зор ықпал етеді. Әсіресе бақша егілетін аймақтардағы полиэтилен жамылғылар күзде желмен ұшып, шлюздар мен тар арнаны бітеп тастайды», — дейді маман.

Кенеден келер қауіп көп

Жоғарыда айтылған кененің көбею мәселесі бойынша аудандық тауарлар мен көрсетілген қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына қоңырау шалдық. Мекеменің жетекші маманы Айгүл Боранованың айтуынша, аудан бойынша кененің кесірінен инфекция тарау сынды оқыс оқиға тіркелмеген. «Аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінің мамандары кене, бүрге сынды қансорғыш зиянкестерден сынама алып, аудандағы ахуалды қадағалап отырады. Белгілі бір аумақтан кесел қоздырғышы анықталған жағдайда, бізге жазбаша түрде хабарлап, өз кезегімізде жергілікті атқарушы органдармен тиісті алгоритмге байланысты жұмыс жүргіземіз. Яғни, жәндіктен не кеміргіштерден ауру қоздырғышы анықталған жерде елді мекен бар-жоғын анықтап, жергілікті әкімдікке хабар береміз. Әрі қарай ахуалға байланысты жергілікті бюджеттен бұқарлауға, дизенфекция жұмыстарына қаражат бөлінуі тиіс. Сонымен қатар аудандық аурухана мамандары арқылы да жағдайды бақылауда ұстап отырамыз. Қазіргі таңда Алмалы ауылынан 48, Тайпақ ауылынан 20 шақырым жерлердегі лимандардан кенеден және орман тышқанынан туляремия ауруының қоздырғышы анықталды. Адамға жұғу фактісі тіркелген жоқ. Жағдай толық бақылауымызда», — дейді маман.

Қалай деген күнде де ауыл-аймақтың күрт көбейген кенеден күдігі сейілер емес. «Жұт жеті ағайынды» демекші, каналы кеуіп, күйі кеткен қожалықтардың шаужайына жабысқан бұл келеңсіздікті де облыстық деңгейде қадағалауға алған жөн-ақ.

Бет қатталып жатқанда…

Мақала газетке жіберілгелі жатқанда, «ҚазСуШар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиев ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Асқар Абуғалиев пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева бастаған жұмыс тобы облыстық мекеме басшысын Битілеу елді мекенінің тұсындағы канал бойындағы шаруашылық жетекшілерімен жолықтырды. Көтерілген мәселе шаруалардың шабындығына су жіберу төңірегінде болды. Жауапты мекеме басшысы канал бойындағы қожалықтардың шабындығына он күн үздіксіз су жіберуге келісім берді. Бұл қызмет түрінің ақылы екендігін және су жіберу үшін шаруашылықтармен келісімшарт жасалатынын да айта кету керек. Бұл жұмыс та Дөңгелектегі су қорына тікелей байланысты.

Содан соң аудан басшысы Қалияр Айтмухамбетов Нұрболат Жұмағалиевті төртінші Бағырлай бойындағы шаруалар мен мал баққан ағайынның жағдайымен таныстырды. Бұл жерде болған басқосуларда облыстан келген жауапты маман Дөңгелек су қорынан қоректенетін Казталов, Жаңақала бағытындағы каналға су жіберуді тежеп, Бағырлайға су толтыру мәселесімен айналысатынын жеткізді. Сонымен қатар каналға су жіберу жұмыстары жаз бойы толассыз жалғасатынын айтты.

Ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған канал бойына су айдау құрылғыларын орнату мәселесі бойынша аудан әкімінің орынбасары Асқар Абуғалиев: «ҚазСуШар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиев пен аудан әкімі Қалияр Айтмухамбетовтің кездесуінде каналға су айдау құрылғысын орнату жолдары қарастырылды. Себебі Жайық өзені көтерілмей қалған кезде су жетпеу мәселесі қайталануы мүмкін. Қазіргі таңда аудандық жауапты мекемелер жер жағдайы мен электр желісін тарту мәселелерін зерделеп, Бағырлай бойына насос орнату бойынша жұмыстануда», — деп жауап берді.

Бұл да болашақтың еншісіндегі жұмыс. Ал кепкен арнаның бойындағы қожалық иелеріне күтуден басқа амал жоқ. Біз өз кезегімізде жұртшылық жанайқайының жерде қалмауын қадағалап отыратын боламыз.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ