22.05.2020, 9:31
Қараулар: 104
Түлектердің сыйы

Түлектердің сыйы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру мақсатында үлкен ауданымызда ауқымды істер жүзеге асуда. Ауылдық округтер бойынша үш жылдың ішіндегі осы орайдағы жетістіктер туралы газет беттерінде үзбей жариялануда. Жуырда Қурайлысай ауылдық округінен де ақжолтай хабар жетті. Мұнда мектеп бітіргеніне 20 жыл болған ауыл түлектері балаларға арнап ойын алаңын салып беріпті, жуырда пайдалануға беріледі.

Балалар ойын алаңы бүлдіршіндер үшін керемет орынға айналмақ. Түлектер құны 1 млн. 200 мың теңге тұратын алаңды ауыл азаматтарының көмегімен 1 ай бұрын бастаған. Мұнда  әткеншектің түр-түрі, сырғанақтар, кермелер, құм төселген үйшіктер, демалыс орындықтары, сәнді темір қоршаулар орнатылған. Осы орынға бүлдіршіндермен қатар мектеп жанындағы шағын орталықтың тәрбиеленушілері де қызықты уақыттарын өткізеді.

–Ауылға көмек қолын созуға әрдайым дайынбыз. Осы нысанды салу көптен ойда жүр еді. Құрдастарыммен ақылдаса келіп, балаларға осындай сый жасауды ұйғардық. Олар үшін де қаладағы балалардай түрлі ойын алаңдары барған сайын көбейіп, кішкентайлар асыр салып ойнап өсуі керек,-дейді түлектердің атынан ауыл тұрғыны Инабат Қуанғалиев.

Аталмыш бағдарламаның «Туған жер» жобасын қолдаған алғабастық жомарттардың да қарымы ерек. Тек жыл басынан бері бұл ауылда «Менің жүрегім Алғабас» кіші архитектуралық нысаны орнатылса, ақпан айында шарапаты мол іске үн қосқан ауыл жастары мектептеріне жиһаз алып берді.

Аудан бойынша «Туған жер» жобасының менеджері Меңдігүл Ғаббасованың айтуынша, биыл өңірдің көркеюіне үлес қосатын азаматтардың арқасында осындай жалпы құны 124 млн. теңгеге бағаланған 25 жоба жүзеге асады деп күтілуде. Өткен жылы меценаттардың 43 млн. 350 мың теңге қаражатына ауыл-елдімекендерде 31 жоба орындалыпты.

Міне, елім, жерім деген азаматтар туған ауылының түлеуіне зор үлес қосуда. Елбасымыздың бағдарламалық мақаласы осындай жаны жомарт кәсіпкерлерге бағыт меңзегені анық. Еліне қарайласып, баршаға  қуаныш сыйлап жатқан атымтайларға жерлестерінің алғысы шексіз.

Әлия ШАРАПИЕВА