22.05.2020, 9:37
Қараулар: 120
Тіршілік тосқан сынақта шыңдалғандар

Тіршілік тосқан сынақта шыңдалғандар

Дамылсыз тірліктің күйбеңінен, күнделікті жұмыстан шаршағанда «Үйде жатып, ештеңеге алаңдамай, бір тыныстасам ғой» деп армандаған, қолына кітап алып, өзін-өзі жетілдіруге «Уақыт жоқ» деп сылтау айтқан күндеріңіз есіңізде шығар. Ал індет жайлап, өзіңді және отбасыңды қауіптен сақтап, үйде отыру қажет болғанда, көпшілігімізге бұл талапты сақтау қиынға соққаны аян. Біріміз зеріккеннен, әлеуметтік желінің әңкі-тәңкісін шығарып, ақтарсақ, енді біріміз жалқаулықтың жетегінде кете бердік. Ақырында зеріктік, шыдамымыз әбден таусылды, «Карантин қашан бітеді?» деп, сарсылдық та. Әйткенмен, тәртіпке бағынып, осылайша оқшаулаудың шарттарын өзінің пайдасына жаратқан жандар да бар екен арамызда.

Үнемнің пайдасын көрдік, отбасының қадірін ұғындық

Екі айдан асты. Осы уақытта той-топыр өткізуге тиым салынып, сапар мен сауық, қызмет, әрі қарбаласты ұмыттық. Бар уақытты үйде өткізген соң, бұрынғы той-томалаққа кететін жол, сый-сияпатқа кететін шығын да көп үнемделді. «Ағайынның қуанышы бар, одан қалса, көрші-көлемнің басын қосып, жиі дастархандататынбыз. Бүгінді оның бәрі су сепкендей тиылды. Бұрын осындай жиындарға шығындайтын зейнетақымыздың бөлігі үнемделді. Бұл да болса, берген сынақтың пайдасы. Бастысы, отбасымыздың бірлігі нығайып, бала-немереге көңіл бөлуге ата-аналардың уақыты көбейді», — дейді үлкен әулеттің отағасы Жігербай Қажғалиев.

Ағамыз соңғы кезде жұртшылықтың көрпесіне қарай көсілу керектігін ұмытып кете жаздағанын айтады. Бар жиған-тергенін, онысы болмаса, қарызға белшесінен батып, әулетінің қуанышын дүйім елге паш етіп тойлауды әдет қылған қазаққа осы карантиннің үлкен сабақ болғаны рас. «Өміріндегі елеулі сәттерді ат шаптырып, той жасамай, ет жақын туыстармен ғана бөлісуге де болатынын түсіндік», — дейді ақсақал.

Сәндібековтардың концерті

Карантин уақытында будариндік Сәндібековтар отбасы бірге өткізген әр күнін шағын өмірге бағалайды. Өнерімен атағы облыс, республикаға танылған үйелменнің тұңғышы Мәдина М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Академиялық вокал» курсының студенті, Әдиі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұр Мүбәрак» университетінде діни білімін шыңдауда. Ортаншы ұлдары Нұржан да ата-анасының жолын таңдап, Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінде режиссер мамандығына білім алып жүр. Нұрболат пен Гүлидің сүт кенжелері Гүлзада мен Бекзада – мектеп оқушылары.

Карантин басталғалы студенттер үйге оралып, қашықтан білім алуда, екі егіз де сабақтарын үйден оқып жүр. Ауылдық мәдениет үйінде қызмет ететін ата-аналары да онлайн жұмысқа әбден дағдыланып алды. Індеттің салдарынан үйде отырған әрбір сәтін пайдалы өткізу үшін жанұялық ансамбльдің жұмысын жандандырып, репертуарларын патриоттық, классикалық, халық  әндерімен толықтыруда. Тіпті Мәдина әлемге әйгілі эстрада әншілерінің ағылшын тіліндегі әндерін шырқап, ансамбльдің жұмысына жаңа леп әкелді. Әрбір жаңа әнді түрлі аспаптармен әрлеп, әлеуметтік желінің көмегімен тікелей эфирде қалың қауымға 8 мәрте музыкалық сәлемдеме жолдапты.

Оқшауланған уақытта өнерлі отбасы түрлі онлайн байқауларда да бағын сынады. Айталық, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқушы оқырмандар арасында қашықтан өткізген аудандық байқауға жолдаған бейнеролигін әділ қазылар алқасы бас жүлдеге лайықты деп бағалаған. Ал облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған отбасылық өнерпаздардың шығармашылығын насихаттау мақсатында «Отаным -алтын бесігім» отбасылар арасындағы облыстық қашықтық караоке-party байқауында өнерлі жанұя І орынды жеңіп алды.

«Біз тек онлайн концерт берумен шектелген жоқпыз. Ауыл тұрғындарының арасында онлайн түрде отбасылық байқау ұйымдастыруды да қолға алдық. Қатысқан адамдар алғысын жаудырып, карантин кезінде осындай шара ұйымдастырғанымызды құптауда. Сонымен бірге әріптестерімізге мақал-мәтелден конкурс өткізіп, бір сергітіп алдық», — дейді Гүли Сәндібекова. «Біздің мақсатымыз – бір-бірімізге мейірім, махаббат, жақсы көңіл-күй сыйлау. Бұлардың бәрі вирусқа қарсы дәрімен тең».

Мұғалім не дейді?

Қашықтықтан оқыту жүйесінде жұмыстанған жастардың бірі – Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Светлана Зайдолла. Ол «Үйдемін ғой» деп, қол қусырып отырмай, өзін  және өзгелерді дамыту үшін бойындағы білім-қабілетін мейлінше жетілдіруде. Әртүрлі тілдік, психологиялық онлайн курстарға қатысып, ой-өрісін кеңейтіпті. Атап айтар болсақ, қыз баланың өмірдегі өз орны, тәрбиесі, өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын «Нәзік — әлем» тренингін меңгеріп, қолжетімді интернет парақшалардан түрлі кітаптарды жүктеп алып, оқыған. Светлана кітапсүйер қауымға қоры бай @paidaly_kitaptar  @kitapal.kz сайттарына бас сұғуға кеңес береді.

«Өзім ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін, балаға шет тілін толыққанды үйрету үшін өзімнің біліктілігімді үздіксіз дамытуым қажет.  Карантин уақытында бірнеше пайдалы онлайн курстардан құнды мәліметтер алып, алтыннан да қымбат уақытты тиімді пайдаланудамын. Өз замандастарыма да  айтарым осы — заманауи техниканың жаңа мүмкіндіктерін игеріп, білім көкжиегін кеңейтуіміз қажет», дейді Светлана.

Ол ғаламтордың көмегімен алған білімі, оқыған кітаптарынан алған әсерімен Instagram, Facebook парақшаларында көппен бөлісіп, күнделікті  даму барысын белгілеп отыратын арнайы онлайн күнделік те ашқап. Парақшасында күн сайын өзі секілді жастарды жақсылыққа жетелейтін әр түрлі мотивациялық жазбалар шығарып отырады. «Карантин мен үшін бір үлкен мүмкіндікке жол ашты. Әрине, елімізде болып жатырған жағдайлар мені алаңдатады. Дегенмен, кез-келген қиындықтан сабақ алуымыз қажет, сондықтан еліміздің осы күрделі кезеңнен аман шығарына сенімім мол», — дейді жас мұғалім.

Кейіпкерлеріміздің үлгісінен көріп отырғанымыздай, үйде отырған кезде шет тілдерін үйреніп, өзімізді рухани тұрғыдан шыңдайық, қолөнермен айналысып, шеберлігіміді арттырайық, тәтті тағамдар пісіріп, отбасымызды мейірім мен жылуға бөлейік. Әншейінде бір-бірімізбен сырласуға қол тимей жатса, енді туған-туыстарымызға ілтипатымызды, ниет-тілектерімізді көрсетуге мүмкіндік туды. Тіпті болмаса, үйде отырып, спортпен айналыссаңыз, денсаулығыңызға пайдалы. Ең бастысы, дәл қазіргі сәтте сыртқа шыққаннан гөрі үйде отырудың қауіпсіз екендігін есте шығармаңыз!

Әлия ШАРАПИЕВА