29.05.2020, 9:23
Қараулар: 35
Майдан даласынан табылған бәкі

Майдан даласынан табылған бәкі

Ұлы Отан соғысында Ленинград маңында ұрыстарға қатысқан қазақ жауынгерінің жоғалған бәкісі 80 жылдан кейін майдан даласынан табылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс алаңдары өткен жерден жыл сайын ізшілер жерленбей қалған жауынгер сүйектерін, жеке бұйымдарын тауып, олардың кім екенін, иесін іздестіріп жатады. Ресей Федерациясы Ленинград облысындағы осындай ізшінің бірі Николай Лебедев сабында «Жақсылықов Р.» және «Г.р. 1924» деген жазуы бар тот басқан бәкі тауып алған екен. Майдан сайттарынан қарап, 1924 жылы туған Рахым Жақсылықовтың Батыс Қазақстан облысының тумасы екенін, соғыстан еліне аман оралғанын анықтапты. Сөйтіп, батысқазақстандық өлкетанушы, тарих магистрі Айболат Құрымбаевтан көмек сұраған.

— Өзін Николай Лебедов деп таныстырған бейтаныс ізші хабарласып, мәселенің мән-жайын айтты. Тауып алған пышағының суретін жіберді. «Қазақстанда адамдар өте бауырмал, әсіресе туыстық қарым-қатынасты өте жақсы сақтайды деп естуші едім. Мына пышақтың иесінің туыстарын табуға болмас па екен? Бұл жәдігерді майдангердің туыстарына немесе жергілікті музейге табыстар едім» деді. Мен бұл хабарды әлеуметтік желіге, Батыс Қазақстанның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихына арналған парақшаға жарияладым. Арада бірер сағат өтпей жатып майдангердің немересі хабарласты! – дейді Айболат Шамұратұлы.

Батыс Қазақстан облысының Чапаев ауданынан 1942 жылы тамыз айында майданға аттанған Рахым атамыз соғыста ерекше ерлігімен талай көзге түскен нағыз батыр екен. Курск, Брянск, Смоленск, Латвия, Литва жерлерін жаудан азат етуге қатысқан жауынгер ұрыстағы ерліктері үшін ІІІ және ІІ дәрежелі Даңқ орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен наградталған.

— Әкеміз бірнеше рет жараланса да қайта сапқа қосылып, соғыс біткен соң да қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, 1947 жылдың күзінде елге келіпті. Соғыста әуелі байланысшы болған, кейін 76 миллиметрлік зеңбіректің атқышы болған. Майданнан келгенде кеудесінде 13 орден-медаль жарқырап тұрыпты. Елге келген соң Орал облысы Чапаев ауданындағы «Первомай» кеңшарының Бұлан бөлімшесінде қарапайым жүргізуші болды. Әкеміз 1996 жылы дүниеден өтті, ол кісіден бір ұл, екі қыз бармыз,- дейді майдангердің ұлы Исатай Жақсылықов.

Бүгінде бұрынғы «Первомай», қазіргі Қабыршақты ауылының бір көшесі майдангер Рахым Жақсылықовтың есімін иеленген. Дәл осы көшеде батырдың қызы Сәбила, туыстары тұрады. Сонау соғыс жылдарының жаңғырығы, әкесінің көзіндей болған жәдігердің табылғанына бәрі де қуанышты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ