29.05.2020, 9:26
Қараулар: 212
Ағылған халық, құныққан таксиге тосқауыл керек

Ағылған халық, құныққан таксиге тосқауыл керек

Қазіргі таңда ақпаратты тарату қарқыны бойынша газетке қарағанда, әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрғаны рас. Сәт санап құбылған заманның талабы бұл. Бүгінде қолына ұялы телефон ұстайтын адамдардың бірі өз парақшаларында жаңалықты лезде көпке таратып жатса, енді бірі саудасын қыз-қыз қайнатып, виртуалды әлемде нәпақасын тауып та жатыр. Сонымен бірге әлеужелі көбіміздің сырымызды да, барлық мұңымызды ақтаратын ортаға айналғандай. Соның дәлелі – жуырда Facebook желісінің Чапаев ауылының тұрғындары, түлектерінің басын біріктірген «Наш родной Чапаев» тобында Әлия Тілегенова деген ауылдасымыз Орал мен аудан орталығының жалғастыратын  жол бағасының қымбат екендігіне шағымданыпты. «Құрметті жерлестер! Бұл не масқара! Бүгін сіңлім қаладан чапайға келді. Жолақысы 2000тг төлеген. Және де жүргізуші 2 оқушы балалардан 2000нан 4000тг алған. Не сұмдық! Неге қәзіргі елімізде болып жатырған төтенше жағдайды ескермейді?? Ол жүргізушілерді неге қадағаламайды??? Бұл қашанғы жалғаса береді??? Қандай да бір шара қолдану қажет деп ойлаймын???» (автордың жазуымен) деп мұңын шаққан Әлияның жазбасына бас-аяғы бірер сағаттың ішінде бірнеше адам үн қосты.

Әлеужеліден  газетке дейін

Әлеужелідегі посттың ғұмыры қысқа, жарқ етіп, жұртты бір елең еткізеді де, артынша басқа жарияланымдардың астында көміліп, елеусіз қала беретініне талай мәрте куә болып жүрміз. Ал ауыл-елде орын алған үлкен-кіші мәселеге құлақ түріп, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, оның шешілуіне барымызды салатын біз де бұл мәселені сырт айналып өтпей, тиісті мекемелерге бас сұқтық.

Қалам мен қойындәптерімізді қолтығымызға қыстыра кірген бізді аудан әкімдігінде бірден аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов қарсы алды. Ол бұл мәселе бойынша жолаушы тасымалымен айналысатын азаматтармен арада әңгіменің орын алғанын баяндады. Оның айтуынша, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген такси жүргізушілерінің қойған бағасын реттеуге заң жүзінде құқықтары жоқ. Төтенше жағдай енгізіліп, соған сай бір көлікте жүргізушімен бірге үш адамнан артық болмауы жөнінде шектеу енгізілгеннен соң, 130 шақырымды құрайтын Чапаев-Орал бағыты бойынша тасымал құны жолаушы басына 2000 теңгеге дейін көтерілген, бірақ салонның бағасы бұрынғыдай – 4000 теңге. Бұрын осы баға 4 жолаушыға бөлініп, 1000 теңгеден билетке төленсе, қазір салонға тек 2 адам алуға болатындықтан, бағасы екі еселеніпті. «Біздің оларға бағаны түсіріп, белгілі бір шектен асырмаңыз деуге құқығымыз жоқ. Тек бір қынжылтарлығы, кейбір такси жүргізушілерінің араны ашылып, санитарлық талаптарды елемей, салонды лық толтырып алады екен. Әйтсе де бағасын 2000 теңгеден түсірмей, бір бағыттағы рейстің өзінде 4 адам алса, 8000, ал әлеуметтік желіде Әлия Тілегенова деген тұрғынымыздың шағымында көрсетілгендей, 3 адамнан 6000 теңгені олжалап қайтады», — дейді Ердос Рашидұлы.

Аудан әкімінің орынбасары жеңіл табысты көздегендерге адамдардың өздері де бар мүмкіндікті қолдан жасап беріп отырғанын тілге тиек етті. «Облыс орталығы мен аудандар арасындағы қатынасқа шектеу қойылған кездің әуел басында жолда көлік ағымы да азайып еді. Сол кезде Чапаев ауылынан 3, Тайпақ ауылынан 2 такси иелеріне ғана жолға шығуға рұқсат берілген. Бірақ төтенше жағдай аяқталысымен ауыл-елдімекендегі тұрғындар қалаға лап беріп, такси қызметіне сұраныс артты. Нарықтың заңы сол, сұраныс артқан соң, такси жүргізушілері де дөңгелектерін сайлап, қалаға қарай бағыттап шыға келді. Олардың тек ішінарасы ғана облыс аумағындағы қозғалысты реттейтін STOPCOVID.kz сайтына тіркелген. Ал осы сайтқа тіркеліп, ресми рұқсат алмаған «жабайы таксистер» жолаушыларын Орал қаласына кіре берістегі блок-бекетке дейін ғана апарып жүр. Жүрек жұтқандары сол бекетті айналып өтетін жолдармен тура жөңкілтіп, облыс орталығына да кіріп жатыр», — дейді ол. Осы тұста Ердос Рашидұлы сол таксидің өрескел әрекеттеріне куә болған адамдардың хабарласқан кезде, олардың көліктің нөмірі, таксистің аты-жөнін айтпай, ішінен бұғып қалатынына қынжылды. Көлікті лық толтырып алып, бағаны сол қалпында төлеуді талап еткен жайтқа тап болғанда, оқиғаны фото-бейне дәлелдермен растасаңыз, жүргізушіні жазаға тартуға болады.

Талапты бұзсаң, жаза бар

Жүгенсіз кеткен таксисті жазаға тартуға болатынын естіген бойда, толық анықтама алу үшін санитарлық талаптарды елеп-екшейтін, бүгінгідей індет өршіп тұрған кезде жағдайды уысынан шығармауы тиіс аудандық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына хабарластық. Бізбен әңгімелескен басқарма басшысы Ерлан Қанатбаев Батыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері М.Арыспаевтың Қаулысына сәйкес облыс аумағында жол қатынасына шектеу қойылғанын айтты. Яғни адамдар өздері тұратын елдімекеннен өзге жерлерге тек аса мұқтаж жағдайда ғана баруына рұқсат етілген. «Бастапқыда бұл талапты тұрғындар ескеріп, тәртіп сақталынған болатын. Бірақ қазір қала мен аудан арасындағы жолаушылар ағыны толассыз. Сондықтан такси қызметі қайта жанданып, заңды-заңсызы бар, бәрі де пайда тапқысы келіп, жолаушыларды жолдан қағып алып кетіп жатыр. Олардың арасында көлікте үш адамнан артық болмау керектігі жөнінде санитарлық талаптарды өрескел бұзатындар да бар», дейді Ерлан Кенжеғалиұлы. Заңды белшесінен басқандар бұл әрекеті үшін  ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 462 бабымен жауапкершілікке тартылатынын біле де бермейді, әсте. Талапты бұзып, айласын асырамын дегендер біліп отырсын, әрі әрбір оқырманымыздың да қаперінде болсын, бұл бапта «Мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдарының заңды талаптары мен нұсқамаларын,  қаулыларын орындамау немесе тиiсiнше орындамау рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұрып немесе онсыз не қызметті немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға – он бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді» делінген.

«Бізге арыз-шағыммен келген адам орын алған оқиғаның растығын фото, бейнематериалдармен дәлелдей алса, заң бұзушыны адамды жауапкершілікке тарта аламыз. Такси жүргізушілері – шағын кәсіпкерлік субъектісі. Яғни, тұрғындардың тарапынан түскен өтініштің негізінде кәсіпкердің жұмысын тоқтатып, не болмаса, айыппұл салуға біз қауқарлымыз. Бірақ әзірге тұрғындар тарапынан біздің мекемеге ешқандай шағым түскен жоқ», — дейді басқарма басшысы.

Таксистердің айтар уәжі бар

«Таяқтың екі ұшы бар». Мақаламыз біржақты болмасын деп, әлеуметтік желіде жұртшылық айыптаған таксистердің де пікірін білмек оймен аудан орталығындағы ірі таксопарктің меңгерушісі Талғат Төребаевпен жолықтық. «Жолаушы тасымалы – біздің қызметіміз. Өзге адамдар күнделікті жұмысына барып, нәпақасын тауып жатса, біздің күнкөрісіміз осы. Салонда адам санына шектеу қойылған соң, бір рейсте 5 орындық көлікке 2,  7 орындық көлікке 3 жолаушыдан алып қатынап жүрміз. Автокөліктің темір-терсегінің бағасы күннен-күнге шарықтап бара жатыр, жолға кететін бензин шығыны бар, отбасымызды асырау үшін табыс та табуымыз керек. Сондықтан тасымал бағасын 2000 теңгеге көтеруге мәжбүр болдық», деп дәйектеді сөзін Талғат Ғайноллаұлы. Оның айтуынша, қазір Чапаев пен Оралдың арасында кемінде 15 такси қатынайды екен. Кәсіпкер олардың тек санаулыларында ғана электронды рұқсаттың бар екенін айтады. Өзі жолаушы тасымалына рұқсатты күні кеше алған ол жолаушылар диспетчердің телефонына (50-2-35) хабарласып, толық салонға 8000 теңге төлеп келгенін айтып, шағымданып жатқанынан да хабардар. «Көбіне талапты ескермей, әрі мына қиын кезеңді өз пайдасына жаратып жатқандар – «жабайы таксистер». Аудан орталығында жолаушы тасымалымен айналысатын 3 таксопарк болса, олар осылардың бірде-біреуіне тіркелмей, қызметін заңсыз жүргізіп отыр. Қаскөй вируспен күресті кәдуілгі базарға айналдырған солардың қарекетінің кесірінен біз де жапа шегіп отырмыз. Жерлестеріме ескертемін: такси екендігін көрсететін айрықша белгілері (төбесінде «Т» деген жазу белгісі, көліктің екі жанында қара және сары төртбұрыштары бар жолақ) бар көлікке отырыңыз. Карантинге дейін де такси атын жамылып жүргендер көп болатын, әлі де толастамай тұр. Тіпті армяндық, ресейлік нөмірлі автокөлік иелеріне такси қызметімен айналысуға рұқсат берілмесе де, екі ортаға бірнеше мәрте рейс жасап жүргендер бар. Заңсыз тасымалдың базарын қайнатқан осындай жандарға билік тарапынан тосқауыл қойылса, нұр үстіне нұр. Тәртіптің бар екенін, заңды аттап өтуге болмайтынын сезінер еді. Солардың көліктерінде санитарлық талаптарға сай маска, перчатка, антисептик бар екендігіне, әрі салонды уақтылы дезинфекциядан өткізетініне мен күмәндымын. Ал өз таксопаркым бойынша жүргізушілердің осы талаптарды  мүлтіксіз сақтауын үнемі қаперлеріне саламын. Тағы да ескерте кетейін, заңды такси жүргізушісі жолаушылардың өмірінің қауіпсіздігін өз мойнына алады. Қара жолда қауіп көп, егер сізге жолшыбай бірдеңе бола қалса, шеттен қыстырылған жүргізушіні заң алдында жауапкершілікке тарта алмайтындарыңызды ұмытпаңыздар», — дейді Т.Төребаев.

Үнсіздік

Мәселе әлеуметтік желіде көтерілген соң, посттың астына пікір қалдырып, бір салонда 4 адам келсе де, 2000 теңгеден жол құнын төлегенін жазған бір-екі жерлесімізге хабарластық. Әрине, бәрінің бірдей телефондарын білмейміз, жеке парақшаларына хабарлама жібергенбіз. Сондағы ойымыз – қай таксистің құнығып, жолаушының қалтасына сонша салмақ салғанын білу, олардың да пікірін мақалаға өріп жазу. Бір таңқаларлығы, «баға қымбат» деп шағымданған адамдар жеме-жемге келгенде, бастарын ала қашты. Айтатындары «Бір ауылдың адамымыз, таныс жандар». Енді біреуі «Орал мен екі ортаға жиі қатынаймын. Егер газетке менің атымнан пікір шығып жатса, олар мені алмай қалады» дейді. Кейбіреуі мүлдем жауап та қайтарған жоқ. Оқып алып, үнсіз  отыра берді.

P.S. Міне, осылайша мәселені біз бар қал-қадірімізше тарқатуға тырыстық. Жоғарыда айтқанымыздай, таксидің қызметіне сұранысты тудырып отырған өзіміз. Whatsapp мэссенджерлеріндегі такси чаттары жолаушылардың хабарламасына толы. Облыс аумағында індет күш алып, науқастардың саны күн санап көбейіп жатқанда, ауа жайылып, қала мен ауыл арасында сабылған халықтың бейқамдығы да алаңдатады. Індеттің алдын алуда әрқайсымыздың көмегіміз – талаптарды орындап, ортақ тәртіптен ауытқымау. Ал такси жүргізушілеріне айтарымыз — осы сын сағатта халыққа қарайласып, жеке басы мүддесі үшін алаяқтыққа, ашкөздікке жол бермеңіздер.

Әлия ШАРАПИЕВА.