29.05.2020, 9:33
Қараулар: 28
Құрылыс сапасы бақылауда

Құрылыс сапасы бақылауда

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов іссапармен Бударин, Алғабас және Жамбыл ауылдық округтерінде болып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өтіп жатқан медпункт, мектеп, мәдениет үйінің жұмыс қарқынымен танысып шықты.

Алдымен Бударин ауылдық округіне қарасты Коловертное ауылындағы медпункт ғимаратын қарап, мердігер «Нұржан» ЖШС-ның жұмысын тексерді. Аудандық аурухана арқылы жасалатынжалпы сомасы 20 млн. теңгеге жуық жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар арасынан бес адам тартылыпты. Аудан басшысы жауапты мекемеге жұмыстарды уақытылы аяқтап, сапасына да баса мән беруді тапсырды. Ғимарат сыртына құрылыс нысанының паспортын ілуді ескертті.

Алғабас ауылындағы мектеп ғимаратынтексеру барысында да аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерінің көтерген мәселелеріне құлақ түріп, қайта жаңғыратын нысанның тыңғылықты жасалуын тапсырды. Жобалаушымекеменің жұмыстарына бірқатар ескертулер жасалып, олқылықтың орнын толтыру жайы қаперге салынды.

Алғабас ауылының белсенді азаматтары Қалияр Шадиярұлына жастарға қажет күрес залының жағдайы мен мал суаратын бөгет жөніндегі біраз мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі өз кезегінде айтылған мәселелер бойынша жауапты бөлім басшылары мен орынбасарына тапсырма беріп, көтерілген мәселе жерде қалмауын қадағалайтынын жеткізді.

Жамбыл ауылдық округіне барған сапарында аудан әкімі мәдениет үйінің толық жөндеу жұмыстарымен танысты. Бір кезде ауыл дүкені болған ескі ғимарат күрделі жөндеуден соң қайта түлеп, мәдени ошаққа айналмақшы. Жүз адамға шақталған шағын мекеменің жөндеу жұмыстарымен қоса көптеген керекті құрал жабдықтарын да жаңғырту – мердігердің мойнында. Жоба құны 80,6 млн. теңге. Мердігер мекеме «Ингострой» ЖШС.

Сонымен қатар аудан басшысы аталмыш округтегі «Ай Темір Құрылыс» ЖШС жүргізіп жатқан газ құбырын тарту жұмысының барысымен де танысып шықты.

Жоғарыда айтылған жобаларға жергілікті тұрғындар арасынан 74 адам жұмыспен қамтылған. Айта кету керек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша Ақжайық ауданында 9 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асатын болса, бұл жобалар арқылы 324 аудан тұрғыны жұмысқа тартылмақ. Соның ішінде аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасатындар саны – 164 адам.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ

Суретті түсірген автор