29.05.2020, 9:35
Қараулар: 25
Спорт нысандарын аралады

Спорт нысандарын аралады

Өткен аптада  Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру  және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров іссапармен ауданға келді. Қаймен Есенаманұлын аудан әкімі Қадияр Шадиярұлы қарсылап алып, бірқатар спорттық  нысандарды аралатты. Жұмыс сапары барысында облыстық басқарма басшысы  Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің жанынан салынатын 160 орындық әмбебап спорт алаңының жобасымен танысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында салынатын бұл спорт алаңының құрылысына республикалық бюджеттен құны 29млн.800 мың теңге бөлінген.

Басқарма басшысы сондай-ақ аудан орталығындағы 360 орындыққа шақталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына шолу жасады. Содан соң М.Әуезов атындағы орта мектептің спорт залы мен «Жастар» спорт алаңын аралап, балалар және жасөспірімдер спорт мектебі және «Құлагер» ат спорты кешені ұжымдарымен тілдесті. Кездесу барысында аудан спортын дамыту жайында әңгіме қозғалып, болашақта  «Жастар» спорт алаңын жөндеу жоспарда екенін айтты. Соның ішінде спорт мектебіндегі жаттықтыру бөлмелерінің тарлығы, әр түрлі үйірмелерге орынның жеткіліксіз екендігі жайында айтылып, сәйкесінше Қадияр Шадиярұлы ауданда орналасқан мектеп- гимназияның  интернатын спорт мектебінің теңгеріміне берілетінін атап өтті.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА

Суретті түсірген автор