29.05.2020, 9:36
Қараулар: 31
Тікелей  эфирде – аудан әкімі

Тікелей  эфирде – аудан әкімі

Өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасынан тікелей эфирде «Адал көмек» жобасы аясында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы іс-шаралар бойынша баяндама жасап, өзге де әлеуметтік бағыттағы сұрақтарға жауап берді.

Аудан әкімі өз баяндамасында атқарылған жұмыстардың ашықтығын, мемлекеттік қызметтердің жариялылығын  қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған шараларға кеңінен тоқталды. Былтыр жемісін берген шаралармен қатар биыл ауданда тың жобалар да қолға алынды. Айталық, 2019 жылы«Ашық диалог» форматындағы кездесу барлық ауылдық округтердің орталығында өтіп, көптеген мәселенің шешімін табуға жол ашылса, биыл бұл үрдісті елді мекендерде де жалғастыруды көзделген. Әкімдіктің ресми сайтында тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардың және Чапаев ауылы бойынша жер кезегіндегі азаматтардың тізімі енгізіліп, жергілікті атқарушы органдардың бюджеттері туралы мәліметтер «Ашық бюджет» сайтында жарияланды. Жер саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жыл сайын аудандық жер комиссиясының құрамын жаңартылып, оның құрамына қоғамдық кеңес, агроөнеркәсіптік кешені, өзге де салалардағы мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері енгізіледі. Комиссия отырыстары Facebook парақшасында (аккаунты Aqjayq Jer Bo`limi) тікелей эфирде өткізіледі. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 8-бабына сәйкес ауылдық округтер мен дербес бөлім қызметтеріне мониторингтің нәтижесінде заңды өрескел бұзу фактілері анықталмаған.

«Былтыр қолға алынған «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жоспары бекітілді. Парақорлыққа иммунитетті қалыптастыру мақсатында тұрғындардың арасында көптеген түсінік жұмыстары жүргізіліп, көлемді шаралар ұйымдастырылды», – деді аудан басшысы.

Эфир барысында онлайн қосылған көрермендердің  сұрақтарына жауап берілді.