29.05.2020, 9:38
Қараулар: 33
Жедел штаб отырысында

Жедел штаб отырысында

Ақжайық ауданы аумағында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша аудандық жедел штаб отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев төрағалық еткен жиында карантин режимінің сақталуы, ҰБТ-ға дайындық, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сынды бірқатар мәселелер қаралды.

Т.Ғабдушев БҚО бойынша карантин режимінің 15 маусымға дейін ұзаруына байланысты аудандағы бірқатар балабақшалардың жұмысын қайтадан тоқтату қажеттігін айтты. «Тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстардың пәрменін арттыру керек. Соңғы күндері өңірімізде ауруды өршігеніне қарамастан, ауыл-аймақта бейқамдық басым. Көпшілік баратын орындарда санитарлық талаптардың сақталуын қатаң қадағалау қажет. Бұл мақсатта ауданда құрылған мониторингтік топқа қауіпсіздік шараларының орындалуын бақылау тапсырылды», — деді ол.

Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау  басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаевтың мәліметіне сүйенсек,  індеттің аудан аумағында 20 жағдайы тіркелген. Ауру жұқтырған адаммен байланыста болған 56 адам анықталып, 58 адам үй карантинінде бақылауға алында.

Аудандық орталық аурухана директорының міндетін атқарушы Асел Ғайнеденқызы коронавирус індетінің таралуының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ауданға Ақсай, Ақтау, Атырау қалаларында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын 700 ге жуық адамның келген. Сонымен қатар ол ауру ошағы табылған елдімекендерден келген азаматтар, әскери қызметін өтеп елге қайтқан сарбаздар 14 күн үй карантинінде оқшаулану керектігін, бұл режимді бұзған жағдайда жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе, шара қолданылатын атап өтті. Ал 65 жастан асқан адамдар, 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті  әйелдер, әрі иммунитеті әлсіз адамдар карантиндік стационарға жатқызылады. «Мал шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлер өзге облыстарға мал тасымалдап жүр.Олар көбіне Атырау, Ақтау облыстарына жол тартады. Округ әкімдері бұл мәселені қаперге алғаны жөн», деді ол.

20-25 маусым аралығында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеуге ауданның 16 мектебінен 164 түлек қатысады. Биылғы тестілеудің ерекшелігі – ҰБТ 2 кезеңде ұйымдастырылмақ, әр аудиторияда 40 бала,  бір партада бір оқушыдан отыру шарт. Ал мектеп түлектерінің аттестатын табыстау салтанаты 10-нан артық емес оқушының қатысуымен 3 маусымда өткізіледі. Бұл жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Нұрқожа мәлімдеді. Ол сонымен қатар жазғы демалыс уақытында караттин режимі тоқтатылғанша ұл-қыздардың өзге қала-ауылға шығуына болмайтынын да ескертті.

Жиын соңында Тілекқабыл Александрұлы пандемияның таралмауын және алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шаралар қолға алынатын атап кетті.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА