29.05.2020, 9:47
Қараулар: 85
Жас доктор. Жігерлі, білімді, ұлтжанды қазақ

Жас доктор. Жігерлі, білімді, ұлтжанды қазақ

Сонау алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, қайраткер Иса Қашқынбаевтың есімі қалың қауымға әлі де бейтаныс. Тұтас бір ұлтты бір тудың астына бірігуге, ұйысуға үндеген, «Алаш» деп бар қазаққа ұран тастаған жанартаудай қуатты ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілі Иса Таумысұлы туралы бүгінгі таңға белгілі деректер осы мақалада көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Татарстан Республикасы ұлттық мұрағатындағы құжатта (Қор – 977. Тізімдеме – жеке істер) «Кашкинбаев Иса Таумысович. Родился 15.09.1891 г. Аул №3 Курайлы-Сайская волость. Лбищенский уезд. Уральская область» деп жазылған.

Руы – Тана. Жаңаша оқығаны бар дәулетті әкесі Қарасу – Шалқар болыстық орыс-қазақ мектебін үздік үлгеріммен тәмамдаған (1903 ж.) зерек ұлының болашағына зор үміт артып, оқуын одан әрі жалғастыруына барлық жағдай жасайды. «В августе 1903 года поступил в Уральское войсковое реальное училище и закончил 05.06.1910 г.» деген 19 жасар Исаға қатысты деректер де осы мұрағатта сақтаулы.

1911 жылы аталған училище жанындағы жоғарғы оқу орындарына қабылданатындарды даярлайтын біржылдық курсты бітіріп шығады. Сегіз сыныптық дәрежеде латын тілін меңгергеннен кейін 1912 жылы Қазан университетінің медицина факультетіне түседі. И.Қашқынбаевтың империяішілік буырқанған саяси оқиғаларға қатысуы алғаш осы университет қабырғасында басталды деуге негіз бар. Мысалы, 1913 жылғы 17 сәуірде Ресей мұсылман студенттерінің жиынына (Киев қ.) қатысушы 13 қазақ жігітінің ішінде Қазан университетінің 1 курс студенті Иса да болған. Сол үшін ол Қазан губернаторының 18.07.1913 жылғы №13879 қаулысымен 100 рубль айыппұл төлеу немесе бір айға тұтқындалу жазасын алады.

Сөйтіп, патшалық биіліктің тұрақты бақылауына алынады. Өмірінің бұдан кейінгі кезеңдерінде де ол студенттік толқуларға белсенді қатысады, РСДРП-ның жергілікті ячейкасына кіреді. Бірінші дүниежүзілік соғысқа байланысты 4-5 курстарды экстерн жүйесінде бітіруіне тура келген.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Петроградқа келіп, халықтың оқиғаларға араласуы оның саяси ұстанымын ұштай түсті.

І Бүкілресейлік мұсылмандар съезі қарсаңында империяның шығыс аймақтарының болашақ әкімшілік құрылымы жайлы зиялы қауымның алуан пікірсайыстарына қатысады. Тарих ғылымдарының кандидаты Д.Сүлейменова өз еңбектерінде И.Қашқынбаевтың болашақ унитарлық немесе федеративтік мемқұрылым қызу талқыға түскенде, федеративтік құрылымды қолдаушылар жағында болғанын келтіреді. Сонымен қатар Ресей мұсылмандарының құрылтай жиналысына қазақ даласынан қатысушы кандидаттар тізіміне М.Шоқаев, А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов сынды танымал 10 тұлғамен бірге Қазақ комитетінің ұсынысымен (мамыр, 1917 ж.) енген И.Қашқынбаевтың қазақ қоғамындағы биік беделін айқындай түсетін, саяси күрескер ретінде шыңдалуына зор ықпал еткен 1917 жылдың тағы бірнеше маңызды оқиғаларын ретімен атар болсақ: сәуір айында ол Орынборға келіп, Орал-Торғай қазақтарының съезіне қатысады; Орал қазақтарының І съезіне делегат болып сайланады; шілде айында өткен І Жалпықазақ съезінде Құрылтай жиналысы депутаттығына үміткер ретінде М.Шоқай, т.б. бірге аталады; осы тізімді жасақтаушы съезд бюросы И.Қашқынбаевқа, «Қазақ» газетінде «Жас доктор, жігерлі, білімді, ұлтжанды жігіт» деген мінездеме берген; 5 – 13 желтоқсан күндері Орынборда өткен Жалпықазақ съезінде Алаш Орданың Халық Кеңесіне мүшелікке кандидат болып Е.Қасаболатов, А.Кенжин секілді 15 қайраткермен бірге сайланады, т.б. Қазақ жерінің болашақ әкімшілік-аумақтық бөлінісін жасауға қатысты осы кезеңде орын алған айтыстардан да И.Қашқынбаев сырт қалмағанын көреміз.

Салық мәселесі талқыға түскен тұста ол бірден Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер тобын қуаттады. 1918 жылы «Ойыл Уәлаятының» Уақытша үкіметіне мүшелікке сайланып, әскер жасақтау, халыққа дәрігерлік қызмет көрсету мәселелерімен шұғылданды. Жымпитылық Алаш әскерінде болған келеңсіздікті реттеуші ретінде қатысып, осы оқиғадан кейін қазақ зиялылары мен текті әулеттен шыққан жігіттерден толықтыруға көңіл бөлді.

Жолындағының бәрін жайпап келе жатқан Қызыл Армияның алдыңғы легі 1919 жылы «Ойыл уәлаятының» иелігіндегі бейбіт ауылдарға жетіп, ойран салғанда, Батыс Алашорда әскері ақгвардияшылармен тізе қосып, қорғаныс шараларын жүзеге асырғаны белгілі. Қарадүрсін қызыл командирлермен келісімге келудің, өңірді соғыс жалынынан аман алып қалудың еш амалы қалмағаны – бұл да сол уақыттың ақиқаты болатын. «Бударин қырғыны», «Ілбішін ойраны» «Ойыл уәлаятында» да орын алмасына ешкім кепілдік бере алмас еді сонда. Осы қысылтаяң сәтте (07.06.1919 ж.) Батыс Алашорда жетекшісі Жаһанша Досмұхамедов Омбыға, Ішкі істер министрлігіне хат жолдап, өңірді большевиктер шапқыншылығынан бұдан әрі қорғау үшін қару-жарақ, оқ-дәрі, қаражат бөлуді өтінеді. Бұл хатты жеткізу, сондай-ақ орайын тауып, ондағы аса мәртебелі әскербасымен жүзбе-жүз кездесу, тиімді келісімдерге қол жеткізу Иса Қашқынбаевқа жүктеледі. Демек, ол өз ортасында кемел саясаткер, сенімді дипломат дәрежесіне жеткен.

Кейін батыс Алашорданың таратылуына байланысты Орынбор әскери-революциялық комитеті арнайы қаулы қабылдап, онда басты алашордашы «бесеуді», яғни Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, К.Жәленов, Б.Атшыбаев және И.Қашқынбаевты елден аластатуды, Ресейдің орталық губернияларына жіберуді немесе Мәскеуде ұстауды ұсынады. «… дальнейшее пребывание их на казахской территории может вредно отразиться в деле проведения в жизнь казахов советского строительства на местах. … впредь до более прочного устроиства Советской власти в Казахском крае, изолировать их от казахских трудовых масс…» деген жолдар аталған құжатқа енгізіліп, ешқайсысын Кеңес органдарына жұмысқа қабылдамау талап етілген. Қаулыға сәйкес олар отбасыларымен Орынборға келеді. Келесі күні Мәскеуге жетіп, бір ай қабылдау күткеннен кейін (наурыз, 1920 ж.) ВҚИК-ке, Ленин, Сталин, Троцкий атына Қазақ Үкіметінің – Батыс Алашорданың атқарған қызметін толық баяндаған хат жолдайды. Хатта өздерінің астанаға шұғыл шақыру себебін ресми түсіндіруді талап еткен, егер «Мәскеудің бұларда шаруасы болмаса» індет өршіген Орынбордан отбасыларын тез арада әкетуге ниетті екендерін айтып, бесеуі қол қойған. 3 шілдеде Орталық Атқару Комитеті оларға елге қайтуға, Совет органдарында қызметке орналасуға рұқсат береді. Ең бастысы – Алашорда басшыларына амнистия жариялап, қудалауға үзілді-кесілді тиым салады, аса білімдар тұлғалар екені атап көрсетіліп, «…находящимся в Москве представителям бывшего Правительства «Алаш-орды» (бесеудің аты, тегі) разрешается возвращаться в Казахский край и поступать на Советскую службу…» делінген жолдармен барша қазақ оқығандарына мол мүмкіндік береді. Сол жылы олар жоғары лауазымды қызметтерге орналасады. И.Қашқынбаев Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халық комиссариаты құрамына алынады.

1921 жылы (бір деректерде – 1922 ж.) И.Қашқынбаев қазақ интеллигенциясының (М.Дулатов, М.Әуезов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, т.б. бірге) Ташкент жиылысына қатысады. Жиында Қызыл Армия Бұхара, Хиуа хандықтары сияқты Ресей империясымен Қаған төңкерісіне түк қатысы жоқ, өз алдына жатқан көрші мемлекеттерді талқандап, экономикасын тұралатқанына алаңдаушылық білдірілген. Қазақ автономиясын, Түркістан Республикасын да кешікпей тарату, сөйтіп Қазақ елінің ұлттық мемлекеттігі мүлдем жойылуы мүмкін екені айтылады. Орта Азияда қалыптасқан осы ахуалға қатысты И.Қашқынбаев жиынға қатысушылардың көзқарасын білдіретін бірыңғай саяси платформа жобасын әзірлеуге қатысады. Совет үкіметі тарапынан Қазақстанның елдігіне мұндай қауіп төнер болса, жалпыхалықтық көтеріліс ұйымдастыру жөнінде ортақ пікір қабылданып, 15 адамнан тұратын (құрамы: М.Дулатов, М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, И.Қашқынбаев т.б.) ұйым құрылған.

Ғұмырдеректеріне қайтып оралсақ, И.Қашқынбаев 20-сыншы жылдары Ташкентте бірқатар жауапты жұмыстар, осындағы мұсылмандардың фельдшерлік мектебін ұйымдастыру, Орта Азия мемуниверситетінің ассистенті қызметтерін атқарған. 1930 жылы М.Әуезов, т.б. бірге тұтқындалып, Алматыға айдалады, қылмысы дәлелденбеуі себепті 1932 қамаудан босатылады. 1938 жылға дейін Ташкенттегі функционалдық диагностика институтында бөлім бастығы болып жасаған. Осы жылы сәуірде «буржуазиялық реакциялық топтарға көмектесті, кері төңкерісшіл ұйымға қатысты» деген айыппен екінші мәрте қылмысқа тартылады. Қылмысы тағы да дәлелденбеуі себепті келесі жылы бостандыққа шығады.

Міне, осы тұстан И.Қашқынбаев тағдырына қатысты деректер желісі үзіледі. Бізге белгілісі – Кеңесік қуғын-сүргіннің құрығы оған бойындағы дәрігерлік бар білім-білігін ел игілігіне жұмсап еңбек етуге еш мүмкіндік бермеген. Сонда да ерік-жігері мұқалмаған Иса Таумысұлының, барша зиялылардың күшті рухына қайран қаласың. Қазақ елінің Қазақ ССР-і болып қалыптасуында жерлесіміздің де қолтаңбасы бар екенін сезінесің.

Бақтығали ҚОСПАЕВ,

журналистика ардагері