29.05.2020, 9:53
Қараулар: 98
Заманның зұлмат зардабы

Заманның зұлмат зардабы

Қолдан жасалған қуғын-сүргін, атып-асу, ашаршылық… Бұлардың қара бұлты тек біздің төбемізді ғана торлаған жоқ. Шаш ал десе, бас алатын асыра сілтеудің салдарынан 1931-1933 жылдардағы аштықтан Украина, Солтүстік Кавказ, Еділ бойы халықтары да қырғынға ұшырады. Бірақ, солардың арасынан қазақтан артық қасірет тартқан халық жоқ.

1920-1930 жылдардың аралығында 696 шаруашылық тәркілеуге ұшырап, олардың 619-ы өз өңірінен өзге жерге қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Қоныс аударғандардан 145 мыңға тарта ірі қара тартып алынып, ірілі-ұсақты колхоздардың арасында өзара бөліс-тартысқа түскен. Көшпелі халықтың негізгі азығын озбырлықпен ойрандаған Кеңестік үкімет қазақты неше түрлі қиындықтарға ұрындырудың алғы шарттарын осылай-ақ жасады. Сол жылдары қазақтардың қарсылығына қарамай 633 киіз үй, 475 тұрғын-жай, 44 қойма, 534 өзге де үй-жабдық құралдары, 108 соқа, 113 тырма, 248 пішен шабатын құралдар, 1367 ат-арба тартып алынған.

Осы аралықта 56498 ауыл тұрғыны ешбір себеп-сылтаусыз әкімшілік-қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың 34121-і қамалды, атылды немесе Сібірге айдалды. Бұған анық айғақ, 1930 жылдың қаңтар айының басында Қазрайком ХКК бюросы жабық жиналыс өткізіп, сол бір сұрқия саясаттың қолшоқпары Голощекин 1928 жылдың 1 қазаны мен 1929 жылдың 1 желтоқсаны аралығында сот үкімімен 125 адам ату жазасына кесілгенін, ал Мемлекеттік саясат басқармасының бұйрығымен осы уақыт аралығында 152 адам атылғаны туралы ақпаратты қуана-қуана жеткізген.

Күштеп ұжымдастыру қазақтың сан ғасырлық тәжірибесін түбірімен талқандап, ауыл шаруашылығы саласының тұралауына әкеп соқты. «Қаны сорғалап» тұрған тағы бір айғақ: 1928 жылы қазақ шаруаларының небары 2 пайызы ұжымдастырылса, 1931 жылдың күзіне қарай ұжымдастырылған аудан саны 78-ге жетіп, шаруашылықтарды бір шүйдеге топтастыру 70 пайыздан 199 пайызға дейін өсті.

Қазақтың жан азығы малдың да қадыры қашып, сиқы кетті. 1928 жылы республикада 6509 мың мүйізді ірі қара мал болса, 1932 жылға қарай бұлардан қалғаны 965 мың ғана. Ұсақ малға қатысты таудай деректердің бір-ақ күнде тарыдай дәйектерге айналғаны тіптен шошындырады. Қолда бар 18566 мың қойдан 1932 жылы 1386 мыңы ғана қалды (салыстырар болсақ, Ұлы Отан соғысы алдында елдегі отар саны 8 млн.ға да жеткен жоқ!). Қазақтың қазынасы жылқы малының саны 1928 жылы 3516 мыңды құраса, 1941 жылға дейін солардың 3200 мыңы құрып бітіп, 885 мың бас қана қалды.

1928 жылы республикада түйе саны 1042 мың басты құраса, 1935 жылға дейін ойсыл қаратұқымынан бар-жоғы 63 мың бас қалды.

1932 жылдың зобалаңындағы ресми деректерге қарағанда, ашаршылық жылдары емшектегі сәбилердің 72 пайызы, жеті жасқа дейінгі балалардың 60 пайызы қырылып қалған.

1932 жылы қазақтар арасындағы өлім бала туушылықтан артық болып, Орал қаласында бес есеге, Қостанайда екі есеге, Қызылжарда екі есеге артып кетті.

1932 жылы балалар үйіне 68617 жетім алынса, 1933 жылғы 1 қаңтарға дейін 45100 бала панасыз қалып, оның 1682-сі аштан өлген. Бірақ бұл кездегі ресми мәліметтердің барлығы саналы түрде кемітіліп, редакцияланып көрсетілгенін де ұмытуға болмайды.

Халыққа жасалып жатқан зорлық елдің наразылығын туғызбай қойған жоқ. 1929-31 жылдардың арасында Қазақстанда 372 көтеріліс болып, оған 80 мыңға тарта адам атсалысты. Көтерілістің ең бір қанды орталықтары саналған – Созақ, Бұқтырма, Ырғыз, Қазалы, Қармақшы, Абралы, Шыңғыстау, Маңғыстау өңірлерінде ашу-ызаның ақтық шекке жеткені сонша, жаңа жүйеге мойынұсынғысы келмеген шаруалардың үдере қашуы мен көшуі жиелеп кетті. 1930 жыл мен 1931 жылдың аралығындағы бір жылға жетер-жетпес уақытта Қазақстан жерінен 281231 адам қоныс аударған екен. Бұлардың көпшілігі Қытай, Иран, Ауғанстан жерлеріне сіңіп кетті. Жалпы ашаршылық тұсында Қазақстанмен іргелес жатқан елдерге 1130 мың адам үдере көшіп, кейін келе олардың 445 мыңы елге қайта оралды. Ал 646 мың адам сол күйі сырт елде қалды. Қазақтардың көтеріліске шығуы, өз талаптарын орындатуға тырысуы жандайшап Кеңестік биліктің тарапынан қайбір жауапсыз қалсын. Сол жылдары болған 372 көтерілістің барлығы қарулы күш арқылы басылып, оған қатысқандар аяусыз жазаланды. 1929-31 жылдардың аралығында бір ғана ОГПУ органдарының ізге түсуімен 5551 адам жауапқа тартылып, солардың 883-і атылды. Ал 1929-33 жылдардың аралығында 22993 азаматқа қатысты 9805 іс қаралып, солардың ішінен 3386 азамат ату жазасына кесілді, 13151 адам түрмеге тоғытылды.

***

Саяси қуғын-сүргіннің Жайық өңіріндегі 5 кезеңмен өткені аян.

Бірінші кезең, яғни Азамат соғысында Жайық бойындағы станицалардың халқы «Ақгвардияшылар жағында соғыс қимылдарына белсенді қатысқаны үшін» Қызыл Армияның қолымен талқандалуы, әйелдер мен балалар, қариялар суықтан, аштықтан қырылуы.

Екінші кезең кеңестік азық-түлік салығымен, ашаршылықпен байланысты. Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары майданға көмек ұранымен елден үсті-үстіне салық жинау кезінде көнбегендер, жоқтықтан бере алмағандар атуға дейін қатаң жазаланды. Өңірді ашаршылық жайлады, халық үдере көше бастады.

Үшінші кезең – «Алаш ісі». Кеңес үкіметіне адал қызмет атқарған Алашорда қайраткерлері: заңгерлер, дәрігерлер, мұғалімдер – халық жауы ретінде түгел атылды.

Төртінші кезең – ауқаттылардың малын тәркілеп,  қанаушы тап ретінде жою науқаны.

Бесінші кезеңде ел ішінен, ауылдардан НКВД «троцкийшілерді», «бухариншілерді», «капиталистермен сөз байласқан шетел тыңшыларын», «ұлтшыл контрреволюционерлерді» түп-тамырымен жоя бастады. Елде  ОСО (Особое совещание) құрылып, ажал машинасы тоқтаусыз «жұмыс» жасады, «жоспар» асыра орындалды.

Ілбішіндік көрнекті мемлекет қайраткері Ораз Исаев жазықсыз халық жауы деп жарияланды. Ілбішін аудандық атқару комитетінің президиумы өзінің 1938 жылғы 15 маусымдағы қаулысымен лезде Ораз және Исаев советтерінің, сондай-ақ Ілбішіндегі Исаев көшесінің атауларын өзгертті. Бұрынғы Ораз ауылдық Советі Фурманов Советі, Исаев Советі Киров Советі, Ілбішіндегі Исаев көшесі Киров көшесі болып шыға келді. Осы қаулымен Дуана Советінің атауы да Октябрь Советі болып өзгертілді.

1938 жылы 12 шілдеде ауданның 7 коммунисі халық жауы ретінде партиядан шығарылды.

Ілбішін аупарткомының бірінші хатшысы Хасанов халық жауы деген жаламен 1938 жылы сотталады. Зайыбы, Ілбішін қазақ мектебінің маңдайалды мұғалімі Хасанова Қазима халық жауының әйелі болғаны үшін жұмыстан қуылады.

1937 жылы 22 наурызда Ілбішін орталау мектебінің оқу ісі меңгерушісі Қарасай Кодаров «Контрреволюциялық Алаш-Орда партиясының мүшесі» деген айыппен лауазымдық жұмысынан босатылады. Осы ретпен аудан ұстаздары Калинина, Төрежанова, Мишин, Хохлачев, Ақмурзин, Дошумов, Қаратаев, т.б. 14 мұғалім жұмыстан қуылады. Аудан бойынша бірнеше жүздеген адам 1920-1938 жылдарғы Кеңестік қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болды. Бұл тек күні бүгінге анықталғаны.

Құжат дереккөздерінен бүгінгі таңда Тайпақ топырағында туып өскен немесе еңбек еткен 86 азаматтың 1937-1938 жылдары саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны ретінде атылғаны анықталған. Нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Олардың ішінде колхозшы-18, қаржыгерлер-12, мұғалімдер-7, жеке шаруа-13, жұмысшы-6, мекеме басшылары-4, ұста-3, әскери-3, сауда қызметкерлері-2. Партия қызметкері, дәрігер, наубайханашы, дінбасы, орманшы, ішкі істер бөлімі қызметкері-бұлар бір-бірден.

Міне, біз ұмытпауға тиісті зұлмат зардаптары осындай.

Материалды жинақтаған Әлия СЕРІКҚЫЗЫ