29.05.2020, 9:56
Қараулар: 199
Әкімі бастап, ауылы қостап…

Әкімі бастап, ауылы қостап…

Ауылдық округтерде жоспарлы түрдегі бюджет арқылы атқарылатын жұмыстар жасалып жатады. Соңғы жылдары ауылдан шыққан меценаттар да туған жердің көркеюіне атсалысып жүр. Ал, Жамбыл ауылдық округінің тұрғындары бірігіп, тұрғылықты жердің тазалығы мен су мәселесін шешу жұмыстарымен айналысуда. Аудандағы елді мекендердің барлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша түрлі жобаларды жүзеге асырып жатқанда, бұл округте де біраз жұмыс атқарылыпты. Округтің орталығына «Жамбыл ауылы» танымдық белгісі орнатылса, Үштөбе ауылының кіреберісіне декоративті арка бой көтерген. Жерлестер орнатқан «I LOVE BITIK» композициясы да Бітік ауылының сәнін кіргізіп тұр.

Ауылшаруашылығының үлгілі кооперативін құру мақсатында 1973 жылы Жамбыл атындағы кеңшар бой көтереді. Қолынан іс келетін жас мамандар мен еңбекқор отбасылар жаңа құрылған кеңшарға көшіріліп, тың жерден бүгінгі Жамбыл ауылдық округі пайда болыпты. Кеңшар кезіндегі келбеті толықтай өзгерсе де, бүгінгі ауылдың болашағы да жарқын. Округтегі 43 шаруа қожалығының 18-і ірі қараны асылдандырумен айналысып отыр. Бірінші үйінің іргетасы қаланғанына елу жылға жақындаған округтің дамуы да қарқынды көрінді. Әсіресе биыл ауылдың көп жері қайта жаңғырып, жаңаша түлемек. «Елу жылда ел жаңа» деген осы болса керек.

Жамбылда жақсы жаңалық көп

Жамбыл ауылында көптеген жобалар жүзеге аспақшы. «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су жүргізу жұмыстары басталып та кетіпті. Көгілдір отын тарту да биыл жүзеге аспақ. Сонымен қатар Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу де жоспарларында бар. Ауыл іргесінен Көшім каналы ағып жатқан соң, тұрғындар техникалық судың игілігін көріп, аулаларына бау-бақша егеді екен. Алайда ауыл ішіндегі құбырдың тозығы жетіп, тесілген тұстары көп көрінеді. Ауыл азаматтары ұйымдасып, бұл кемшілікті де ретке келтіріп жатыр.

«Жамбылға газ, су тарту жұмыстары биыл аяқталады. Спорт алаңы салынып, мәдениет үйі жөндеуден өтеді. Үштөбе мен Бітік ауылдарына да газ тартылатын болады. Ауылдық округтегі жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 50 адам жұмысқа тартылады. Өз кезегінде ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын түзеуге бұл да біраз көмек.

Жамбылда барлық тұрғын бау-бақша егеді. Кеңес дәуірінде тартылған құбырлар қақсып, көп жері жарамсыз болған. Бұл ауыл адамдарының бас біріктіруімен ғана жүзеге асатын шаруа болған соң, ұсыныс айтып едім, тұрғындар қолдай жөнелді. Су құбырын жөндеу жұмыстарымен ерікті жандар және қоғамдық жұмысшылар күнұзақ айналысып жүр. Жалпы, ауыл халқының ұйымшылдығы керемет. Қандай ұсыныс айтылса да, қолдауға дайын. Үштөбелік жігіттер де кез-келген шаруаға кірісе кетеді. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, азаматтары «елім» деп тұрса, уақытша мәселенің бәрін рет-ретімен шешілетініне күмәнім жоқ. Ауыл азаматтарының демеушілігімен ауылда балалар ойын алаңы салынып жатыр. Балалар күні қарсаңында қолданысқа берілетін болады. Осындай жұмыстардың барлығы – ел бірлігінің арқасы», — дейді округ әкімі Ерболат Мұхтарұлы.

Үштөбенің жігіттері ұйымшыл

Аталмыш округке қарасты Үштөбе ауылында сексенге тарта шаңырақ бар. Ауылда ауыз су мен көгілдір отын мәселесі күйіп тұр екен. Бірер жылдан бері мал суаратын тоған суалып, қиналыпжүрген ауыл тұрғындары бірігіп, жаңадан қазылған кубикке (жасанды тоған) су толтырыпты. «Біздің ауылда газ бен ауыз су мәселесін айтпағанда, мектептің жағдайы төңірегінде де мәселе көп. Оның үстіне көптен бері ұсыныстары қолдау таппаған жастарымыз да жергілікті атқарушы билік өкілдерімен қырғиқабақ болып жүретін. Жақында сайланған ауылдық округ әкімі Ерболат Мұхтарұлы ауылымызға келіп, жастардың басын біріктіріп, біраз шаруа атқарылды. Ауылымыздың маңындағы ескі көбік тайыздап, жиналған су жаздың аяғына дейін жетпей қалатын. Округ әкімі жастардың басын қосып,былтыр қазылған жаңа кубикке дейін арна жасалып, су жіберілді. Қазір жаңа тоғанның толуы жақын. Толса, көпке дейін мал ішетін су болады. «Көп түкірсе, көл болады» деген сөз осындай ұйымшылдыққа қарап, айтылса керек. Бұдан бөлек ауыл тұрғындары бас біріктіріп, ауыл ішін көпжылғы көң-қоқыстан тазалап шықты. «Жас келсе – іске» деп жатамыз, жаңа сайланған әкімнің көтеріп жүрген бастамалары да көңілге қонымды. Мемлекеттік қызметке жастай араласып, шалғай ауылға әкім болып келген жанды ел болып қолдамаса іс бітпейді», — дейді ауыл тұрғыны Данияр Елеуов. Үштөбеліктер ұлттық дәстүр дегенде, ішкен асын жерге қояды. Біз тілдескен Даниярдың өзі дәстүрлі ән бойынша республикаға танылып жүрген жігіт. Ауыл азаматтарының ат спортына деген қызығушылықтары бөлек бір мақалаға арқау болғандай. Бұл ауылдың бозбаласы тай үйретіп, көкпар тартса, ересегі ат жаратып, аламан бәйгеде ат оздырып жүр.

Билайн мұнарасы бой көтермек

Шалғай ауылдардың шаужайына оралып жүретін мәселе көп дейтін болсақ, соның бірі сапалы ұялы байланыс қызметі. Жасыратыны жоқ, Жамбыл ауылдық округіне қатысты елді мекендер желіге қосыла алмаудың тауқыметін бір адамдай тартып келді. Алайда бұл мәселе биыл мәресіне жетіп, ауылға Билайн ұялы байланысының мұнарасы орнатылмақ.

Жаңартылған оқу жүйесі баланың ізденімпаздығына негізделсе, ғаламторбілімалудың ажырамас бөлігі. Ғаламторы жоқ ауылдың заманауи білім беру көшіне ілесуі қиынға соғары сөзсіз.Биыл орын алған төтенше жағдай кезінде көптеген ауылдарда осы олқылықтардың орны ойсырап тұрды. Ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегінің арқасында бұл оқу жылы да абыроймен аяқталды. Осы орайда айта кету керек, бір жағымды жаңалық та осы округке қарасты. Округ әкімі Ерболат Мұхтарұлы қашықтан оқыту кезінде шығармашылық ізденісімен ерекшеленген жас ұстаздарды жеке марапаттайтынын айтқан болатын. Уәде бойынша оқу жылы аяқталысымен, ерекше ізденіс танытқан қос мұғалімге алғысхат пен 25 мың теңгенің сертификатын табыстады. Жас мұғалімдердің еңбегін елеусіз қалдырмай, жергілікті атқарушы орган қолдау білдіруі, әрине, жақсы бастама!

Төтенше жағдай кезінде шалғай ауылдардағы жағдай қалай болғаны сол жердің тұрғындарына мәлім. Округ орталығында сауда саттық нысандары жоқ жамбылдықтарға қарапайым азық-түлік сатып алудың өзі оңайға соқпағаны кәміл. Алайда аудан орталығындағы жеке кәсіпкер Бауыржан Ажғалиев тұрақты бағамен аық-түлік тасымалдап, ауыл тұрғындарының алғысына бөленіпті.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, азаматтары ұйымшыл округтің болашағы да жарқын болмақ.Осы орайда жас әкімнің жұмысына да сәттілік тіледік.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ