29.05.2020, 10:04
Қараулар: 127
Қос қария – қос  ғұмыр   

Қос қария – қос  ғұмыр   

«Ауылыңда қартың болса,жазып қойған хатпен тең» деген халық нақылы өміршеңдігін жоймақ емес. Өткен-кеткен қилы замандардың небір белестерін әңгімелейтін, көпшілік ортаның да сәні — абыз  қариялардың  алдын  көріп,әңгімелерін тыңдап  өстік. Ақ  ниетімен  жиған-тергенін  ұрпақ жалғастығына  бұйыртып,  ағайын-туыс пен  көрші  қолаңға тату көңілімен жарасқан, жақсы  сөз, үлгі  өнегесімен  танылған  жандардың  қатарына  ауылымыздың тұрғындары Жәлел  ағамыз  бен  Орынша апамызды да жатқызар едім.

Есенсай  кеншарынан  жүргізуші  болып  еңбек жолын  бастаған Жәлел  аға  кейін  Базаршолан  ауылында да жүргізуші, рабкоопта  есепші, автодүкен  жүргізушісі, киномеханик  қызметтерін атқарып, көптеген Алғыс хат, марапаттарды иеленді. Бүгінде ағамыз  зейнет  жасында.

Шаңырағын  шаттыққа  бөлеген екі қыз, бір ұлдың анасы  Орынша апа  33 жыл ұстаздық  қызмет  атқарған.   Қос қарияның  ұлы  Оралтаң  Самарханов  Орал  қаласында  көші – қон полициясының  бастығы  қызметін атқарып, зейнетке шыққан.   Зайыбы Әлия  немерелердің  сүйікті  әжесі. Немерелері Еркебұлан Алматыда (әскери), Нұрсұлтан Астанада (Әділет министрлігінде заң  қызметкері). Ал   қыздары Жанаргүл-мұғалім, Гүлбаршыны-медбике..

Орынша ананың еңбегі лайықты бағаланып, ҚР-сы халыққа білім беру министрлігінің «Құрмет  грамотасы», өзге де марапаттарға ие болды. Жұмыстан бөлек қоғамдық  өмірде  белсенділік танытқаны, ұстаздың сан қырлылығы аталмыш мектептің сол кездегі директоры Махмет  Жәрдемұлының «Туған  топырағыңның тарихы-өзіңнің  тарихың» атты кітабында  жақсы көрсетілген. Оның озық сабақтары мен мақалалары педагогикалық,әдістемелік  басылымдарда  жарық  көрді.

Ардагер ұстаз  өнерден де құр  жаяу  емес. Жеке  дауыста ән шырқап,   балалайкада оркестрдің  құрамында  өнер  көрсетті. Мәдениет  үйі    жанындағы «Асыл  әжелер» ансамблінің  белді  мүшесі. Көпшілік  ортада  өзінің  салихалы сөзімен, аналық ,ұстаздық  ұлағатын, ақылын айтып, кейінгі  жастарға үлгі  болып келеді.  Ұстаздан  білім  алған  түлектер  бүгінде  әр саланың білікті  маман  иелері. Өзінің  жолын  қуған  шәкірттері де ауыл  мектебінде  ұстаздық  қызмет  атқарып  жүр.

Қос  қария  зейнетке  шықса  да, қарттыққа мойынсұнып, қол  қусырып  қарап  отырған  жоқ. Бақша  салып, шарбаққа гүл  отырғызып, оны  күтіп-баптаудың  шеберлері десек  те  болады. Үй  бөлмелеріндегі  гүлдерді де  көрсең, бейне бір  биологиялық  гүлзар деп қаласың.  Оралтаңы  қалаға  көшіріп  алғысы  келіп, қанша қолқа  салса да, қос  қария  ауылдан, көзкөрген жерлестерінен алшаққа қоныс аударғысы келмейді. Әйтсе де, кіндіктен тараған ұрпақ емес пе,  Оралтаң да  ауылға  жиі  келіп, ата- анасының  шаруашылығына көмектесіп жатады. Анасы ол келгенде құрт,май,қаймағын  немерелеріне жинап, бір жасап қалады. Айтпақшы, ағамыз  бен  апамыздың  азын- аулақ  малдары  да  бар. Соларды  ермек  етіп, оларға  балаша  сөйлеп, тіпті  төлдерді де  есімімен  шақырады. Сырттан  тамашалаған  кісіге  сол  құбылыстың  өзі   тартымды, қызық-ақ!

Ата –әжесіне  көмек  беріп,айтқандарын  бұлжытпай орындап, қамқорлап  жүрген  Еркенұр  деген  жиендері  бар. 11-сыныпта  оқиды. Сабағына  да, үйге  де  үлгеріп  жатады. Өте  салмақты, елгезек, мейірімді бала. Өзі  спортқа  бейім,  жеңіс тұғырларынан көрініп жүр.

Біздің   қазақта: «Алтыға  дейін  бала  ерке,  алпыстан  кейін  шал  ерке»  деген  әдемі  бір мақал  бар.Орынша  апамыз жұбайы туралы әңгіме қозғалғанда: «Мен  құдай  қосқан  қосағымның  сол  шал   болып  еркелегенін  де  көтеремін. Қолымнан келгенше,  қартымды  аялап, алдына  шықпай, көңілін  табуға  тырысамын. Бұл  менің  азаматыма  деген  құрметім, сыйластығым»- дейді сүйсіне күлімдеп.

Бірге  кешіп  бұл  өмірдің  өзенін,

Сүйеніш  боп  бір – біріңді  демедің.

Осы  шығар  қатар  жүріп   тірлікте,

Қосағыңмен  қоса  ағару  дегенің, — деген  өлең  жолдары  осындай  ғибратты жандарға  арналса  керек-ті.

Ойға кенен, халыққа  жақын, жаны  дархан, сексеннен  асса  да, санаттан  қалмай, қашан  көрсең  де алғаусыз  көңілмен  аңқылдай  аман –саулық  сұрасып, ақтарыла  сыр  шертетін  қос   қарияға жерлестерінің құрметі ерек, солай болып қала да бермек.

Сая Сағиқызы,

Базаршолан .