29.05.2020, 10:38
Қараулар: 34
Туляремияның алдын алу

Туляремияның алдын алу

Туляремия –лимфа жүйесінің, тері, шырышты қабық және ішкі ағзалардың зақымдануымен өтетін жедел жұқпалы, табиғи ошақты ауру. Ауру безді, жара-безді, баспа-безді, аз кездесетін конъюктивті-безді, өкпелік және қанның қағынуы түрінде өтеді.

Дерт қоздырғышы –Francisell tularensis деп аталатын өте ұсақ бактерия. Жұғу көзі – жабайы кеміргіштер, соның ішінде су және қарапайым сұр тышқандар, үй тышқандары, құндыз, аламандар, қояндар. Тасымалдаушылар – қан сорғыш буынаяқтылар, соның ішінде иксод кенелері және кейбір қосқанатты жәндіктер (масалар, соналар).

Туляремия адамға ауру немесе өлген кеміргіштермен, қояндармен жанасу нәтижесінде, кене, маса және сона шағу арқылы, ауру кеміргіштердің бөлінділерімен ластанған азық-түлік, суды пайдаланғанда жұғады.

Залалданған сәттен бастап аурудың алғашқы белгілері көрінгенге дейін жасырын кезең бірнеше сағаттан 3 аптаға дейін, орта есеппен 3-7 күнге созылады. Ауру жедел басталады. Дене қызуы 380-400 С және одан жоғары көтеріледі, қалтырау, бастың ауруы, жалпы әлсіздік, бұлшық еттердің ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқы бұзылуымен сипатталады. Аурудың 2-3 күні регинарлық лимфа түйіні аумағында без пайда болады, бұл-лимфа түйінінің және оның жанындағы тіндердің қабынуы. Без тауық жұмыртқасының көлеміне дейін үлкейеді және ауырсыну пайда болады.

Жара-безді түрінде қоздырғыш енген жерде 1-4 күннен кейін бірінен соң бірі дақ-папула-пустула дамиды. Пустула жарылып, кратер тәрізді, аз ауыратын, көтеріңкі, қатты жиекті жараға айналады. Жиі жергілікті лимфангоит байқалады.

Конъюктивальды-безді түрі залалданған су көздерінен алынған сумен жуынғанда немесе суға түскенде, жұқпаны кездейсоқ қол арқылы көзге енгізіп, қоздырғыш  көздің шырышты қабығы арқылы тәнге енгенде дамиды. Ауру жедел спецификалық конъюктивит, көздің қатты жасаурауымен, қабақтың ісінуімен, шырышты-іріңді бөлінділермен сипатталады.

Баспа-безді түрі қоздырғыш залалданған азық-түлік өнімдері және сумен ауыз арқылы енгенде дамиды. Бұл жағдайда жұтқыншақтың көбіне екі жағынан қан кернеуі, жұтынғанда ауырсыну, дене қызуының жоғарылауы, мойын, жақ асты лимфа түйіндерінің үлкеюі байқалады.

Туляремиямен ауырған адам төңіректегі адамдарға қауіпті емес. Туляремиямен ауырып жазылған адамдарға бұл дерт екінші қайтара жұқпайды.

Алдын алу. Тірі туляремиялық вакцинаны егу-аурудың алдын алудың негізгі және сенімді әдісі. Дегенмен егудің маңыздылығын түсінбеген кейбір адамдар екпе қабылдамай, туляремия жұқпасы ошағында жұқтыру қаупін туғызады. Егілген адамдарда туляремияға қарсы иммунитеттің түзілуі екпе жүргізілгеннен кейін 15-20-шы күні басталып, 5 жылға дейін сақталады. Жұқпа ошағында тұратын адамдардың барлығы 7 жастан бастап егілуі тиіс.

Аурудың алдын алуда жеке бас тазалығын сақтау шаралары маңызды:сапалы қайнаған су пайдалану, азық-түлікті ауру кеміргіштердің бөлінділерімен ластанудан қорғау. Залалданған суат суына түсуге және пайдалануға рұқсат етілмейді. Су көздері сәулелендіріліп, ашық су қоймаларынан алынатын ауыз сулар жүйелі түрде хлорлануы керек.

Осы аурудың белгілері байқалған адамдар маманданған дәрігерлік жәрдем алу үшін медициналық мекемелерге қаралуы керек.

Ақжайық аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы

Буранова Айгуль Аблаевна