5.06.2020, 9:40
Қараулар: 118
Жалға берген құтылды, жалдап алған тұтылды

Жалға берген құтылды, жалдап алған тұтылды

Бүгінде аудан орталығы – Чапаев ауылының тұрғындарының басын қосқан әлеуметтік желі чаттарындағы пәтерді жалға беру туралы жазбалардан көз тұнады. Жақсы өмір іздеп, шалғай елдімекеннен орталыққа көшкендер, қызмет бабымен жол түскендер, тіпті бір түнге пана іздегендердің бәрі де, әрине, сондай жерлерді іздейді. Нарықтың заңдылығы сол, сұраныс болса, ұсынары да көбейеді. Иелігіндегі баспананы жалға беріп, сол арқылы табыс табатындардың саны жыл санап артпаса, кеміген жоқ. Ал бұл әрекетінің көлеңкелі бизнеске жататынын бірі білсе, бірі білмейді.

Заңсыздықтың көкесі

Редакцияға хабарласқан Айнұр есімді келіншек – төрт балалы ана. Өзі екі жасар баласының күтімімен жұмыссыз отыр. Жолдасы маусымдық жұмыстарда жалданып, табыс табады екен. Бұдан 1 жыл бұрын Атырау облысынан тума-туыс жағалап, көшіп келген олар осы уақыттың ішінде 2-3 пәтер ауыстырып үлгеріпті. Міне, күні кеше баспанасын уақытша жалға берген азамат бұларды бір күннің ішінде көшеге айдап шығыпты. «Осында менің сіңлім тұрады. Ол 6 баласы бар жалғызбасты ана. Басыбайлы тұрағы болмаған соң, ол да біз секілді пәтер жағалауға мәжбүр. Бір-екі күн бала-шағасымен маған келіп түнеуі мұң екен, оны естіген пәтер иесі жетіп келіп, «Артық адамды кіргізуге қақыларың жоқ» деп, қуып шықты. Енді жаңа пәтер тауып, соған көшіп жатырмыз», дейді Айнұр.

Осындай жағдай аудан орталығындағы үй жалдаған біраз отбасыларға ортақ екендігі анық. Бірақ басына түскен қиындықты ашып айтып, жария етуден қашады. Тіпті Айнұрдың өзі де газетке жариялағанда, есімін өзгертіп, пәтер иесінің атын атамауды өтінді. «Қарға тамырлы қазақпыз ғой, жолдасымның құда баласы орналастырған еді бұл пәтерге. Әйтпесе, шиеттей бала-шағамен бізді көп ешкім жолатқысы да келмейді. Есімі дүйім елге жария болып, туысымызға кесірі тиіп жүрер», — дейді ол.

Заң жүзінде алар болсақ, пәтерді жалдап алушы келісімшартта көрсетілген мерзім аяқталмаса, оны пәтер иесінің беймезгіл уақытта пәтерден қуып шығуға құқысы жоқ. Осы тұста пәтер жалдаушылардың құқығының сақталуы, жылжымайтын мүлік арендасын кәсіптің көлеңкелі тұсынан шығару жөнінде мәселе көтеріп, бірнеше мекеме-бөлімге сауал жолдауды артық көрмедік.

«Whatsapp»-тан іздеп пәтерді

Үлкен қалалардағыдай жарнамасы атойлап тұрмаса да, Чапаевта пәтерді жалға берушілерді Whatsapp мэссенджері арқылы табуға болады. Мақаланы жазу барысында пәтер іздеген кейіп танытып, ауылдастардың тобына хабарландыру жариялап, жалға үй беретін пәтер иелерімен тілдескен едік. Желіде көрсетілген нөмірге бірнеше адам хабарласты. Негізінен, олардың ұсынған пәтерақысы баспананың жағдайына байланысты 25 мыңнан 50 мыңға дейін.

Жалға беретін азаматтармен хабарлама алмасқан кезде білгеніміз, олардың басым бөлігі бұл бизнесті тіркеп, ол үшін салық төлеу керектігінен бейхабар болып шықты. Сондай жанның бірімен телефон арқылы тілдескен едік. Өзін Қайрат деп таныстырған азамат ауладағы 2 үйдің бірін жалға береді екен. Ескі үйге «квартирант» жібергеніне 2 жылдың жүзі болып қалыпты. Дейтұрғанмен ол табысын заңдастырмаған, тіпті заңдастыру керектігінен де бейхабар. Мемлекеттік кірістер органдарына тіркеліп, салық төлеу керектігін білмейтін мүлік иесі  көп екені анық. Бұл орайда, «бұларды кім анықтайды, оларға салық төлеу керектігін кім түсіндіреді, жоқ әлде өз бизнесінің көлеңкелі екенін азамат өзі ұғыну керек пе?» деген заңды сауал туындайды.

Заң жүзінде пәтерін жалға беретін адам жоқ

Негізінен, заңсыз жалға берушілерді учаскелік полиция инспекторлары тауып, анықтайды. Бүгінгі таңда аудан орталығы бойынша учаскелік полиция пунктінде 4 учаскелік инспектор қызмет етеді. Бірақ олардың кез-келгеннің үйіне баса-көктеп кіруге құқығы жоқ, тек өздеріне өтініш түскенде ғана, тұрғылықты мекенжайға барып, тексере алады. «Учаскелік полиция инспекторлары өзіне бекітілген көшелерде қандай тұрғындар тұратындығынан хабардар. Сонымен қатар олар әр үйді аралау барысында қай үйдің жалға берілетіндігі, қай үйде тұрғын тұрмайтындығы жөнінде мәліметтерді толық жинайды. Мәселен, биыл төтенше жағдайға байланысты мүмкіндік болған жоқ, дегенмен өткен жылы инспекторлар 7 рет рейд жүргізіп, баспананы жалға беріп отырған 4 деректі анықтады. Пәтерді жалға берген адамдарға құжаттар толтырылып, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына жіберілді. Одан ары қарай басқарма мамандары жұмыстануы тиіс. Көбінесе аудан орталығында көпқабатты тұрғын үйлерден, яғни, Достық шағын ауданындағы, 58 пәтерлік 5 қабатты үйлерден пәтер жалға беріледі. Сонымен қатар ауласында жаңа үй салып алғандар ескі баспанасын арендаға беретін де жағдайлар бар», – дейді аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Руслан Алмағанбетов.

Ақжайық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Бақытжан Қартабаев салық міндеттемелерін орындауға тарту мақсатында пәтерлерін жалға берушілерді, қызмет ұсынумен айналысатын тұлғаларды анықтау үшін арнайы алгоритмнің құрылып, сол бағытта жұмыстанып жатқандығын жеткізді. Оның айтуынша, аудан бойынша жылжылмайтын мүлігін жалға беретін 26 кәсіпкерлік тіркелген, олардың 10-ы аудан орталығынан. Бірақ олар пәтерді емес, өздеріне тиесілі кәсіпкерлік нысанды, яғни шағын дүңгіршек, бөлмелерді жеке бизнес иелеріне жалға береді. Демек, пәтерге адам жіберіп, оны заңды негізде тіркеп отырған кәсіпкер жоқ. Тек 2018 жылы ғана 1 адамға хаттама толтырылып, ол жылдық есебін тапсырып, тиісті салықтарын төлеген

«Жергілікті полиция бөлімі жолдаған құжаттар бойынша іс қозғалды. Бірақ бұл жағдайлардың барлығында да бастапқыда тұрғындар пәтерде жүргенін растаса да, бір-екі күннен кейін айтқан сөздерінен айнып қалды. Пәтерді жалға алмағанын, туысқанының үйін паналап жатқандығын айтып ақталады. Істі толық куәландыратын деректер болмаса, істі әрі қарай жүргізу мүмкін емес. Сондықтан баспананы жалға беруді заңдастыруды алға ілгерілете алмай отырмыз», — дейді басқарма басшысы.

Салықтан жалтармаған абзал

Көріп отырғанымыздай, тұрғындардың көп бөлігі баспананы жалға бергенде қандай салық төленетінін білмейді немесе мүлдем салықтан жалтарады. Негізінен, жылжымайтын мүлікті жалға беруге кәсіпкерлермен қатар жеке тұлғалар да құқылы. Мысалға алсақ, жеке адам үйін жалға бергені үшін айына 50 мың теңге алады. Табысыңызды заңдастырудың үш жолы бар. Біріншісінде, кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент негізіндегі арнайы салық режимін таңдайды. Яғни кіріс сомасының 1 пайызын төлейді. 50 мың теңгенің бір пайызы небары 500 теңгені құрайды. Мұнда негізгі талап – жалдамалы жұмысшылардың болмауы және салықтың алдын ала, яғни патент алғанға дейін төленуі. Сондай-ақ, оңайлатылған режимде де төлеуге болады. Бұл ретте  азамат салықты алты айда бір рет төлейді. Жарты жылда алынған табыс сомасы көрсетіліп, кейін осы соманың 3 пайызын салық ретінде төлейді. Патенттен бір айырмашылығы – мұндай салық табыс тапқаннан кейін төленеді.

Ал егер баспананы жасырын жалға беріп, табыс табатын тұрғын анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабымен  әкімшілік айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері жеке тұлға үшін – 15 айлық есептік көрсеткіш. Айлық есептік көрсеткіштің 2651 теңге екенін ескерсек, 39765 теңге айыппұл қарастырылған екен. Бір жыл ішінде заңсыз жалға беру қайталанатын болса, онда әкімшілік айыппұл мөлшері екі есе артып, 79530 теңгені құрайды. Тіпті ол аз десеңіз, осы бапта заңсыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу әкiмшiлiк құқық бұзушылық нәтижесінде алынған кiрiстi (дивидендтердi), ақшаны, бағалы қағаздарды қосымша тәркiлеуге әкелетіні көрсетілген.

Расында да, аудан орталығының өзінде кемінде 30-40 шақты үй жалға беріледі. Тек бесқабатты үйдің өзінде-ақ 8 пәтердің иесі осы арқылы табыс тауып отырғанын осы үйдің тұрғындарымен тілдескенде анықтадық. Хабарласқан мекемелердің бұл саланы заңдастыруға қауқарсыз екенін де байқап отырмыз. Келісімшарты жасалып, белгілі бір мерзім бойы алаңсыз тұруға жағдай жасалса, еш реніш жоқ. Тек Айнұр секілді пәтерді жалға алған отбасы бір күннің ішінде айдалада қаңғып қалмаса болғаны. Заң бар, талап бар, айыппұл бар. Біреудің әмиянындағы ақшаны санаудан аулақпыз, әрине. Осы мақала  тиісті мекемелер осы салада тартынбай, пәтер жалдайтындардың құқығын қорғауға барын салса деген ой ғана.

Әлия ШАРАПИЕВА,

«Жайық таңы».