5.06.2020, 9:46
Қараулар: 86
Патриотизмнің қайнары

Патриотизмнің қайнары

Кез-келген мемлекеттің көркейіп гүлденуі сол мемлекеттің төл рәміздеріне құрмет сезімінен өрбитіні белгілі.

Олай болса, мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің бет-бейнесі ғана емес, оның тарихы және әрбір адамның өз еліне деген сүйіспеншілігінің белгісі. Сондықтан біздің мемлекеттік рәміздеріміз тарихтың тылсым тереңінен сыр тартып, бүгінгі азат елдің асқақ келбетін айшықтайды. Мұндай нышандар эстетикалық талаптарға жауап беріп қана қоймады, елдің тарихы, саяси, экономикалық арналарынан бастау алады. Мемлекеттік рәміздер өзінің көркемдік кейпімен ғана айшықталмай, ел тәуелсіздігінің идеялық қырларын да аша түседі. Бұл осы елді мекен етіп отырған барша халықтық бейбітшілікке деген ынта-ықыласын ғана білдіріп қоймай, отан сүйгіштікке тәрбиелейтін құндылықтардың бірі ретінде де бағаланады.

Қарап отырсақ, біздің ашық көк түсті Туымыз адамдардың бір-біріне деген сенімі мен құрметін де көрсетеді. Таза бояумен безендірілген рәміз ел мен халықтың бірлігінің де нышаны. Тудағы қыранның бейнесі еркіндікті, тәуелсіздікті және биікке қол созған елдікті аңғартады.

Ал Елтаңбадағы шаңырақ ортақ үйіміз – Қазақстанның ынтымақ пен бірліктің ошағы екендігін бейнелейді.

Біздің мемлекеттік рәміздеріміз тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Қазақ елін әлемдік қоғамдастыққа лайықты ұсынып қана қоймай, ондағы абырой тұғырына төрлете білді. Кешегі Лондон олимпиадасында бірнеше рет Әнұранымыз әуелеп, Туымыз көтерілгенде төбеміздің көкке жеткені-ай! Бұл баршамыздың еңсемізді биіктеткен қуаныш. Біз қашанда бейбітсүйгіш ел ретінде әлемге танылып келеміз. Көпұлтты елімізде бірлік пен ынтымақ жарасым тауып, саяси тұрақтылықтың да сақталып отырғандығы жақсылықтың нышаны. Осы себепті де біздің отандастарымыз мұндай құндылықтарды ең асыл дүниесі ретінде әспеттеп, теңдессіз құрметпен бағалайды. Неге десеңіз, мемлекеттік рәміздер арқылы біз жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелей аламыз. Өз елін шынайы сүйген адам Отан үшін отқа да, суға да түсетіні, оның тыныштығын қорғайтыны, ұстанған саясаты мен ізгі істерін жалғастыратыны даусыз.

Әлемдік қоғамдастықта өзінің жаңа бет-бейнесімен көрініп, жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде танылған Қазақстан өзінің ең алғашқы қадамын көк Туын, алтын пырақты Елтаңбасын және елдікке үндеген Әнұранын қабылдап алудан бастауы біздің еліміздің болашаққа шынайы қадам жасауы арқылы көрінуімен ерекшеленеді. Өйткені, туған елінің рәміздеріне құрметпен қарау – елдіктің отансүйгіштіктің тұтастай алғанда, патриотизмнің шынайы бір белгісі.

Әрбір мемлекеттік мекеме ел рәміздерін орналастырудың заңды талаптарын қатаң сақтауы қажет. Мемлекеттік мекемелер басшылары мұндай елдік рәміздерді арнайы лицензиясы бар кәсіпорындарға жасатып алуы – бүгінгі күннің басты бір талабы.

Аслан АМАНЖОЛОВ,

аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы