5.06.2020, 9:49
Қараулар: 25
Қырағылық қалғымасын

Қырағылық қалғымасын

Өткен аптада қоғамдық ұйым, аға буын, әйелдер кеңесі, жастар өкілдері, учаскелік  полиция инспекторынан құралған  мониторингтік топ  аудан орталығындағы азық-түлік дүкендерін аралап, карантин режимінің, санитарлық ережелердің сақталуын тексеріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.  Сондай-ақ олар өз назарынан азық-түлік құнын да тыс қалдырмады. Дүкендерді аралау барысында дезинфекциялауға арналған антисептикті  күн сайын ауыстыру, оны кіргендерге анық көрінетін жерге орналастыру керектігін қаперледі. Азық-түлік дүкеніне бетпердесіз кіруге болмайтынын, сонымен қатар оның ішіндегі адамдардың саны  екі үшеуден аспау, әлеуметтік қашықтықты сақтау керектігін ескертті.  «Егер бұл ескертулерге құлақ аспай, санитарлық талаптарды бұзған жағдайда мониторинг тобы  фото, бейнекамераға түсіріп, аудандық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдайды. Тиісті шара алынады»,- деді ауыл әкімі Нұртаза Нәбиденов.

Дүкен иелері тұрғындар тарапынан болатын кейбір өрескел әрекеттерге наразылығын білдірді. Айталық, дүкенге бетпердесіз кіруге болмайтынын қаперге де ілмей, «індетті жалған» деп қарсыласатындар  жиі кездеседі. «Бұл талаптардың коронавирустың алдын алу үшін қолға алынғанын түсіндіріп, сақтыққа селқос қарамауларын өтінеміз», – дейді саудагерлер.

Рейд барысында сауда орындарының өкілдері бүкіл талаптарды сақтап, ескертулерді аяқсыз қалдырмайтынын айтты. Алдағы уақытта бұл топ өкілдері кез-келген уақытта еш ескертусіз келіп, тексеру жасай алады. Сондықтан саудагерлердің сақтанып отырғаны абзал. Бұл тексеруден аман құтылудың емес, індеттің таралуының алдын алудың бірден-бір амалы.

«Ақжайық» сауда орталығының меңгерушісі Светлана Ереева «Антисептиктер уақтылы ауыстырылады. Дүкеншілердің барлығын жеке қорғаныс құралдарымен қамтып отырмыз. Тауардың бағасы да тұрақты, халық тарапынан шағым жоқ» — деді.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА,

«Жайық таңы»